Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIII Республикалық театр фестивалінде «Үздік актерлік дуэт» және «Шолпан жұлдыз» номинациясына ие болды!
Елордамыз Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театр сахнасының төрінде 18-23 қазан аралығында Шолпан Исабеккызы Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIII Республикалық ауқымды театр фестивалі өтті. Фестиваль көрнекті театр жане кино актрисасы, Казак КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Казак КСР халық әртісі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың құрметіне ұйымдастырылған болатын.
Республикалық фестивальге еліміздің түкпір түкпірінен 10 театр қатысты. Олардың бірқатарын атап өтетін болсақ: С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театры, Ә.Мәмбетов театрындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ф.Достаевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Түркістан музыкалық драма театры және Республикалық академиялық неміс драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры үздік спектакльдерін көрермен назарына ұсынды. Танымал театртанушы ұстаздар: Өнертану кандидаты әрі профессор Сания Кабдиева, Өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, Өнертану кандидаттары Амангелді Мұқан және Зухра Исламбаева қатысушы театрларға қазылық етті. Өзара бақ сынасқан театрлар өздерінің таңдамалы спектакльдерін ұсынды. Олардың қатарында: О.Жанайдаровтың «Жұт», Г.Лорканың «Оян, қалыңдық», Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада», А.Чеховтың «Шағала», Х.Алтай мен Х.Оралтайдың «Алтайдан ауған ел», Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ», А.Островскийдың «Найзағай», Е.Аманшаевтың «Қорқыт», М.Фриштың «Андорра» қойылымдарын өз деңгейінде сахналай білді.
Бүтіндей алты күнге созылған бұл республикалық театр фестивалінің нәтижесі қазанның 23-ші жұлдызының кешінде анықталды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «ОЯН, ҚАЛЫҢДЫҚ» қойылымымен «ҮЗДК АКТЕРЛІК ДУЭТ» және «ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ» номинацияларымен марапатталды! «ҮЗДІК АКТЕРЛІК ДУЭТ» номинациясын қойылымның басты кейіпкерлері Дархан Сүлейменов пен Жанар Мақашева иеленді. Сонымен қатар, «ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ» номинациясымен екінші мәрте Жанар Мақашева марапатталды. Бұл әрістеріміздің қажырлы еңбектері мен талмас талаптарының нәтижесі екендігі айтпаса да белгілі. Көптеген байқауларда үздіктердің қатарынан бой көрсетіп жүрген режиссер Дина Жұмабайдың бұл туындысы аз уақыт ішінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Испандық драматург Федерико Гарсиа Лорканың 1932 жылдары жазып кеткен шығармасындағы қозғалатын тақырыптар қазіргі заман адамдарының көңілін бей жай қалдырмайды. Қаншама жылдар өтіп, түрлі кедергілерге ұшыраса да сөнбеген махаббат жалыны лаулаған кездегі туған дауды жүрек түршікпей көру мүмкін емес…
Кез келген театр үшін фестивальдерге қатысу үлкен еңбек пен маңдай терді қажет ететін маңызды қадам. Өйткені, театрдың мерейін асқақтататын да, алға қарай дамытатын да бірден бір байқау алаңы болып табылады. Сол себептен өтер фестивальдеріміз де, жеңісті күндеріміз де көп болғай!
Театрдың баспасөз бөлімі