Абзал Әжіғалиев – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогы мен әлем біріншіліктерінің жүлдегері, шорт-трекші. 2014 жылы Сочиде, 2018 жылы Пхенчханда өткен Олимпиадаларға, осы жылы Бейжіңдегі қысқы ойындарда шеберлік көрсеткен спортшымыз үнемі өзінің еліне деген сүйіспеншілігін танытып, әлеуметтік желідегі парақшаларында жазбалар қалдырып келеді.
Күні кеше қайта оралған Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай үйінің терезесіне ту іліп, Фейсбук парақшасында жазба жариялады.
«Жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанның үйінде көк Туымыз болуы керек деп ойлаймын. Енді бұрыңғыдай Республика күнін атап өтеміз.
Бұл біз үшін ең ерекше әрі қасиетті даталардың бірі әрі бірегейі болған. Осы айтулы датаның құрметіне #Меніңелімніңтуым акциясын қолдаймын және қосылуға шақырамын
Көк байрағымызды бұрыннан осылай сыртқа іліп қойғым келеді. Алайда, өздеріңіз білесіздер, ол кезде Туды үйдің айналасына іле алмайтын едік. Енді, міне, заңды түрде көк байрағымызды мақтанышпен үйімізге, даламызға іле аламыз.
Шын патриоттарға әрқашан Ту биік, биікте!» – дейді Абзал Әжіғалиев.