Астана көшелерін Бакош есімді ерекше робот аралап жүр. Ол қала тұрғындарымен сөйлесіп, балалармен ғана емес, ересек адамдармен де қызықты сұхбаттасып, көңіл күйлерін көтеруде. Көшедегі және саябақтардағы адамдарға жақындап, әңгіме айтып, өзін таныстыруда.
Ал тұрғындар оған таңданып, тіпті тосыннан келген сәтінде қорқып жатқандары да бар. Роботты кім жасап шығарғаны және қалай басқарып отырғаны қызық. Бакош роботтың айтуынша, оны ағасы жасап шығарған.
Әлеуметтік желіде тараған видео астына ерекше таңданыс білдіріп, жақсы лебіздер жазып жатқандардың қарасы қалың. Бірі «Керемет, тапқырлық! Кім ойлап тапса да, қазақша сөйлеткені өте тамаша! Өзі басқарып, дыбыстап отыр екен. Жарайсыз, қазақтың жас өрені! Сәттілік!» деп тілек білдірсе, енді бірі «Қазақша сөйлегенің ұнады қазақ тіліне қызығушылық артады талантты жастар жасасын! Алға қазақ жастары!», «Керемет, халыққа көңіл күй сыйлаудың өзі не тұрады. Жарайсың!» деп жақсы тілектерін арнап жатқандар көп.