Басты бет » Жаңалықтар » Жатақханалар жайлы ма?

Жатақханалар жайлы ма?

Жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты еліміздегі жоғары және арнаулы орта техникалық, кәсіптік білім беру мекемелеріне қоғамдық мониторинг жүргізе бастады.

Мақсат – жоғары оқу орындары мен колледж жатақханалары жағдайының сапасын арттыру, санитарлық нормалар мен қауіпсіздік шараларын сақтау.

Алдымен, Нұр-Сұлтан қаласы Esil университеті мен ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің жатақханаларына мониторинг жүргізілді. Esil университетінің жатақханасын тексеру барысында санитарлық нормаларға сай келмейтін жағдайлар кездесті.

Аталған оқу орнының жатақханасы 3 қабаттан тұрады, жоба бойынша 235 орынға есептелген. Студенттер жатақханада тұру үшін айына 20 мың теңге төлейді. Қазір жатақхана жөнделу үстінде. Аталған оқу орнының басшылығы берген мәлімет бойынша, жатақханаға ең алдымен әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтағы 1-курс студенттері,  сондай-ақ алыс аймақтан келген студенттер орналасады.

Бір бөлмеде 4 жатын орын бар және әр қабатта ас бөлме орналасқан. Студенттердің қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары орнатылған.

«Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелерімен жастарды толғандыратын тұрғын үй және жатақхана мәселесін қарастырып жатыр. Бүгін біз Esil университетінің жатақханасына мониторинг жүргіздік. Мекеме санитарлық нормаларды толық сақтамаған. Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Ал бұл жерде жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бір-екі күнде студенттер жатақханаға орналасуға өтініш бере бастайды. Алдағы уақытта «Жастар рухы» еліміздегі ЖОО, колледждердің жатақханаларын тексереді. Биыл Қазақстан бойынша 89 мың, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 17 мыңға жуық жатақхана орындары жетіспейді. Жатақханаға орналастыру кезінде жемқорлық немесе  туысқандық, таныстық фактілері болмауы үшін «Жастар рухы» арнайы желі қосып, шағымданған және арызданған азаматтарға көмек қолын созуға даяр. 26 тамыздан бастап осы жұмысты ұйымдастырамыз, оған дейін жатақханаларға мониторинг жасаймыз»,  дейді Нұржан Жетпісбаев.

ҚазЗГУ гуманитарлық заң колледжі жеке оқу орны болғандықтан, арнайы жатақхана қарастырылмаған. Сондықтан аталған мекеме 4 жылдан бері қонақүйді жалға алып өз студенттерін тұрақжаймен қамтып келеді. Алайда жатақханада кемшіліктер жоқ емес. Жатақхана санитарлық талаптарға сай келмейді. Дәретхана, жуынатын бөлмелерге көптен жөндеу көрмеген. Бөлме ішіндегі кейбір жиһаздар ескірген, сынған.

Тексеріс кезінде оқу орнының жаңа оқу жылына дайын еместігі анықталды. Бірақ мекеме басшылығына жалға алған қонақүй иесі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын жеткізген.

«Жастар Рухы» жастар қанаты облыстарда студенттердің жатақхана мәселесінде орын алған түрлі құйтырқылықтар мен келеңсіздіктерді анықтаған. Мәселен, жатақханадан орын беру кезінде заңсыздықтар, жемқорлық фактілері, тағы да басқа жайттар кездескенін жоққа шығармайды. Алдағы уақытта «AMANAT» партиясының жастар қанаты студенттерге жан-жақты қолдау көрсете бермек.