Қазақ театр сахнасында шоқтығы биік бейнелерді сомдауымен есте қалған талантты өнер саңлағымен қоштасуға келген халықтың қарасы қалың болды. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға өнер иесінің ұзақ жылдар бір театрда қызмет еткен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы әріптестері, жақындары мен өнердегі достары келді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Роза Әшірбекова – өнерге ерте қанат қағып, күллі ғұмырын өнерге арнаған дара актриса. Ол 85 жылдық ғұмырында театр сахнасында түрлі психологиялық кейіпкерлерді, әлем классикасындағы қайталанбас бейнелерді шебер сомдауымен кәсіби театр мамандарының зерттеулеріне арқау болды. Театр сыншысы Қ.Қуандықов бір мақаласында Р.Әшірбекованың ойыны туралы: «Сахна – жарастық орны. Жалт еткен талант ұшқыны оның төрінде көзге шалынбай қалмайды. Анна — Р.Әшірбекованы көрген сәтінде-ақ қаракөз қарындасым осы ғой дейсің. Жастықтың қайталанбас сұлу көркі бар. Бұл қолдан жасалмайтын әсемдік табиғат сыйы. Роза бойындағы осы қасиет тілдеспей жатып өзіңді баурап әкетеді, бала мінез сүйкімділік бар көркінде. Толқынды қара шашы, сезімталдық пен ақылдылықты аңғартатын шырайлы кескіні, жаудыраған қарақат көзі, сымбатты бітімі оны өзгелерден ерекшелендіріп тұр», – деп жазады.
Бұдан ары қарай қоштасу рәсімін ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың көңіл хатын оқыған А.Әбдуалиев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғ.Майлибаев жалғастырып, қазақ өнерінің бір көбесі сөгілген күнде барша әріптестері мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтты.
Өнердегі замандас-әріптестері, ҚР Халық артистері Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбаев, сахналас-әріптесі Кәдірбек Демесін сөз алып сахна мәдениетіне жетік зерделі актриса бір спектакльде бірнеше жылдар бойы үздіксіз ойнаса да, таптаурынды машыққа салынбай, жаңа бір серпін мен тың бояулар тауып, уақыттың талабына сай жаңғыртып отыратындығын тілге тиек етті.
Қаралы жиын соңында марқұм «Кеңсай-2» зиратына қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың жанына жерленетіні жөнінде хабарланды. Өнердегі ұлағатты өмірімен халқының қошаметіне бөленген Роза Әшірбекова есімі өзінің өмір бойы еңбек еткен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрындағы әріптестерінің және халқының жүрегінде мәңгілік сақталмақ.
Театрдың баспасөз бөлімі