Басты бет » Жаңалықтар » Салтанат Байқошқарова, репродуктолог: ТҰҢҒЫШЫМЫЗ 26 ЖАСТА

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог: ТҰҢҒЫШЫМЫЗ 26 ЖАСТА

Осыдан тура 26 жыл бұрын 1996 жылдың 31 шілдесі күні Қазақстанда  ЭКО әдісімен алғашқы нәресте туылды. Бүгінде бойжеткен Оксфордта университет бітіріп, Лондонда жұмыс істеп жатыр.

Салтанат Байқошқарова – еліміздің көптеген отбасыларына ата-ана болу бақытын сыйлаған белгілі репродуктолог-эмбриолог дәрігер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.

– Экомед зертханасында ұрықтандырып өзім микроскоппен бақылаған еліміздің тұңғыш ЭКО-сәбиі бүгін 26 жасқа толып отыр. Бүгіндей есімде, жас заңгерлер жұбында 5 эмбрион ұрықтандырылды. Алдында жұп 7 жыл әртүрлі ем өтіп, нәтиже шықпаған. Еліміздегі алғашқы ЭКО-зертхана – Экомед ашылғанын ести сала, біріншілердің қатарында бізге келген. Ол кезде криоконсервация жоқ, алынған эмбриондарды не салу керек, не тастау керек. Бұл ерекше жағдайда шешім қабылдауды жұптың өзіне қалдырдым.

Ерлі-зайыптыларды зертханаға кіргізіп, микроскоппен 5 эмбриондарын көрсеттім. Екеуінің көзіне жас келді, өз эмбриондарын көріп тұрғанына сенер емес. Шешімді ері қабылдады: «5-еу 10 емес, бәрін салыңыз, Салтанат Берденовна. Әрі қарай табиғат өзі реттер» – деді.

Дәл солай болды. 21 күннен кейін салынған 5 эмбрионның 2-еуі жатырда имплантация болғанын УЗИден көрдік. Біраз уақыттан соң 1-еуі дамуын тоқтатып, 1 эмбрион қалды. Сол эмбрионнан 9 айдан соң 1996 жылдың 31 шілдесінде Қазақстандағы тұңғыш ЭКО-нәрестеміз дүниеге келді. Бұл оқиға еліміздегі мыңдаған жұптардың үмітін жандырды! – деп жазды Салтанат Берденқызы парақшасында.

Бүгін елімізде ЭКО әдісімен 25 мыңнан астам бала дүниеге келген.

Қазір ЭКО саласы мемлекет белсенді қолдауда! Квоталар саны өсуде. Күнделікті ЭКО-ның көмегімен сәбилер дүниеге келуде.