Басты бет » Жаңалықтар » ГЕЙФИЛЬМГЕ ЖОЛ ЖОҚ!

ГЕЙФИЛЬМГЕ ЖОЛ ЖОҚ!

Қазыбек Иса,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Мультфильм арқылы біржыныстық қатынасты насихаттау — тамырыңды қынадай қырқып түсіру!

Бүгінде бір күн интернет ашпасаң, бір топ жаңалықтан құр қаласың. Ал үш күн ашпасаң “үштік” алған үкіметіңіз ауысып кеткенін де білмей қалуыңыз әбден мүмкін…

Шынын айтқанда, белгілі продюсер Нұртас Адамбайды үнемі әйел киімін шешпей жүретіндігі үшін қазақша айтқанда, суқаным сүймейтін… (гуглмен аударылмайтын сөз).

Бірақ бүгін бір хабар оқып, ішім жылып қалды. Ол біржынысты қарым-қатынасты насихаттайтын «Базз Лайтер» мультфильмінің Қазақстанда көрсетілуіне алғашқы болып қарсы шығыпты. Жарайсың, Нұртас бауырым!

Халық сынына ұшырап жүретін Мәдениет министрі Дәурен Абаевтың өзі бұл “Базз Лайтер» мультфильмінің Қазақстанда көрсетілмейтінін ресми ашық мәлімдеді.

Желіде «Базз Лайтер» мультфильміне тыйым салу талабымен петиция құрылып, лезде гейпарадқа бейтарап қарай алмаған 40 мыңға жуық адам қол қойды. (“Қарсы» тараптан тек 4 мың адам ғана жиналды).

Яғни, халық талабы ескерілді…

Ал осымен әңгіме бітуі керек емес пе?

Бірақ… Бүйректен сирақ шығарып жүруді өзінің жарнамалық имиджіне айналдырған тағы бір продюссер Баян Алагузова баяғыдай тағы да “в своем репертуаре”, өзінің тілімен айтқанда…

Ол “Базз Лайтер» мультфильміне тыйым салынуына қарсы шығып,

гейлердің туын көтеріп, гомосексуалдарды қолдап шықты… Инстаграмм парақшасында: “Мен олармен доспын және байланыстамын. Олар шоу-бизнес пен сән әлемінде жеткілікті. Олар тамаша адамдар және өз ісінің шеберлері” деп жазады біржыныстық қатынастағылар туралы. “Өз ісінің шеберлері” деп, нені айтып тұрғанын бір құдай білсін, әйтеуір шыр-пыры шығып, “Біздің не көретінімді сен шешесің бе?”-деп, Нұртасқа біраз шүйлігіпті… Оның айтуынша, зайырлы елде барлық ориентация өкілдеріне теңдей құқық берілуі керек-мыс…

Бұны не дейміз?!. “Қырық (мың) кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ” деген осы шығар…

Былтыр 2021 жылы ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығында -Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда 8 наурызда Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара гей шеру болғаны белгілі. Ал содан үш ай бұрын 2020 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тілді қолдау туралы митинг өткізбекші болғанда, билік пандемияны желеу етіп, рұқсат бермеген еді.

Ұлттық негізімізді, Ділімізді құртатын, Ұлттық кодтың тас-талқанын шығаратын шеру ғой бұл!

Сонда біз “ТІЛ ШЕРУІНЕ ЖОЛ ЖОҚ! ЖЫН ШЕРУІНЕ ЖОЛ КӨП!..”-деп жазып едік…

Ал аннимациялық фильм арқылы біржыныстық қатынасты насихаттау — тамырыңды қынадай қырқып түсіру деген сөз!

Жалпы, біз секілді Орта Азиядағы мұсылман мемлекетінде гейфильм көрсетілу-көрсетілмеуі талқыға да түспеуі керек!

Қандай зайырлы ел болсақ та. Ал Баян Алагузовалар біржыныстылардың қатынасы туралы фильм көргісі келіп, шыдамай бара жатса, өз үйінде көре берсін қалағанынша…

Ал гейфильм Қазақстанда көрсетілмейді!

Қалың халықтың талабын орындап, Мәдениет министрлігі өте дұрыс жасады, қуана қолдаймыз.

«Фейсбук» парақшасынан