Басты бет » Жаңалықтар » «Tik-tok»-қа құмартқан жастар көп

«Tik-tok»-қа құмартқан жастар көп

Әлеуметтік желіге психологиялық тәуелділік жастар шалдыққан індетке айналып отыр. Бүгінде пайдасы мен зияны аралас жүретін интернет желілері жастардың әдебіне,тәліміне «ұстаз» болуда. Соның бірі – Тик-ток желісі.

Қосымша Бейжіңдегі «ByteDance» компаниясына тиесілі, 2017 жылдың жазында іске қосылған. Негізін қалаушы 37 жастағы кәсіпкер Чжан Иминг. Дүние жүзі бойынша жастар арасында танымалдылыққа ие, қолданушылар саны жағынан көш бастаған тик-ток ютуб, инстаграм, фейсбук желілерінен де асып түседі. Тик-токтың қаралымы бүлдіршіннен бастап, жасөспірімді, жастарды, тіпті егде жастағы адамдарды қамтиды.
Жастардың тик-ток желісіне мәнсіз, әдепсіз бейнероликтерді салуы, сол арқылы жақсы мен жаманды ажырата білмейтін бүлдіршіндер желідегі түрлі видеоларды көріп, қайталап, бойларына әдепсіз дүниелерді сіңіруде. Сонымен қатар, адам өміріне зиян келтіретін жағдайлардың тууына себеп болып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласында 15-17 жастағы жасөспірімдер тик-ток үшін төбелесіп,жарақаттанып қалған оқиға тіркелген болатын. Ал қазір ондай оқиғалардың саны артып кетті. 2021 жылдың 27 шілдесінде, Шымкентте 15 жасар қыз тик-ток түсірмек болып тоққа түсіп қалады.

Мамандар аталған қосымшаның жасөспірімдердің психикасының бұзылуына әсер ететінін айтады. Ал дүние жүзі мамандары тик-ток қосымшасының видеоларын сүзгіден өткізбейтіні жайлы дабыл қағуда. Тик-ток чаттары арқылы педофильдер балалармен байланыс орнататыны да анықталған. Педофильдер жалған аккаунттарын оқушының атына тіркеп, достасады. Осылайша, педофильдік зорлық зомбылық факторы да тіркелуде.
Бүгінде тик-ток жастардың зейінін алып,жеңіл ойлауды қалыптастырып, қыздар камера алдында билеп ерсі қылықтар көрсетіп, ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер оларға еліктеп, қыздан ибалық, жігіттен намыс кетіп, ар-ұят пен намыстан айырылып бара жатқанымызды байқамай бара жатырмыз. Жастарда өзін-өзі бағалауы тик-ток,инстаграм желісіндегі жарқыраған фото, керемет бейнероликтермен, сыртқы «ұнату» санымен болып жатыр.Бір қарағанда тик-ток әзіл ретінде, көңіл көтеретін нәрсе болып көрінгенімен,тереңдеп қарасақ, ұрпақтың бүлінуіне, тектіліктен, адамгершіліктен айырылуға апарады. Қаймағы бұзылмаған ұлттық тәрбиені жоғалтып, ұлттық құлдырауға душар етеді.

Арнагүл Уатхан,

ЕҰУ Журналистика факультетінің 

2 курс студенті