Басты бет » Жаңалықтар » Ұлыс күні — ұлттық тәрбиенің бастауы

Ұлыс күні — ұлттық тәрбиенің бастауы

Нұр-Сұлтан қаласы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Наурыз мерекесі тойлануда.

«Отбасы – мемлекет негізі» атты пилоттық жобаның презентациясы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбасарұлының қатысуымен алқа жиынында жобаның жүзеге асуының жолдары талқыланды.

Бұдан бөлек,«Отбасы — мемлекет негізі» атты ауқымды жұмыстың басын біріктіретін «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» атты алғашқы іс-шарасы өтті. 

Кездесуге әдемiлiктiң, әдептiлiктiң, инабаттылықтың, сұлулықтың белгiсi деп таныған Зоя Мурзагулова атындағы «Даналық» жоғары медициналық және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Технологиялық колледжі» МКҚК арулары қатысты.

Ұлтты тәрбиелейтін аруларға білгендерін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөліскен, айтары бар, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне жанашыр қонақтарымыз да үлестерін қосып, іс-шараның жақсы өтуіне ат салысты.

Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы, психология ғылымдарының кандидаты Алтынай Тәңірберген, келген қонақ аруларымызға мәнді де мағыналы сұрақтарын қойып, сыйлыққа кітап таратқан — Нұр-Сұлтан қаласы «Аманат» партиясы жанындағы облыстық отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің мүшесі, этнология ғылымдарының магистрі, белгілі журналист Тұрар Саттарқызы, қызмет алушыларды, қызметкерлерді «Қыш өнерінің тылсым құдіреті» тақырыбы аясында көрме және шеберлік сыныбын ұйымдастырған мүсінші, керамист Баназир Сұлтан, орталықтың төрін киіз үймен безендіріп, көздің жауын алар қазақи бұйымдармен толықтырған дизайнер, сәнгер, тігінші, киіз басу және құрақ көрпе технологиясы бойынша сертификатталған шебер «Мадина QuandyQ» эксперименттік студиясының иесі – Мадина Қуандық және «Ана көрген тон пішер» тегін шеберлік сыныбын ұйымдастырып, қол өнерге келген аруларды баулыған этнограф, киіз елеу курсының авторы, қазақ елінің салт-дәстүрлерін зерттеуші, дәстүрлі киімді күнделікті өмірде ұштастырып жүрген танымал тігін шебері Жанна Бектемисова өнегелі әңгіме өрбітіп, қыз тәрбиесі туралы тың ойлар айтты.

«Қызға – қырық үйден тию» деген мақалды кезінде ауыл болып, ағайын болып, қыз балаға ақыл айту, өсиет айту, өнеге көрсету деген мағынада айтылса керек. Олай болса, қыз тәрбиесі тек ата-ананың ғана емес, ағайын – туыстың, бүкіл қоғамның мәселесі болуы тиіс.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ұлт тағдыры қыздарға байланысты екенін айта отыра, болашақ ұлт анасына қамқоршы болайық деген тілегін жеткізеді.