Басты бет » Жаңалықтар » Жас биші Гүлдана ҚАДЕРОВА: Дубайдағы «ЭКСПО-2020» көрмесінде қазақ өнері де насихатталуда

Жас биші Гүлдана ҚАДЕРОВА: Дубайдағы «ЭКСПО-2020» көрмесінде қазақ өнері де насихатталуда

Өткен жылдың 30 қыркүйегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында «ЭКСПО-2020» Халықаралық көрмесі ашылды. Халықаралық көрмеге біздің еліміз де қатысуда. Ол жерде келушілерге Қазақ елінің табиғаты, табиғи байлығы, өзіндік ерекшеліктері, ұлттық өнері таныстырылуда.

Халықаралық көрме аясында Қазақстан атынан барған үлкен ұжым құрамында өнер адамдары да көрме қонақтарын ұлттық өнерімізбен сусындатуда. Сол өнер ұжымымен бірге Дубай қаласында іссапармен жүрген Нұр-Сұлтан қаласының «Наз» мемлекеттік би театрының бишісі, жас өнерпаз Гүлдана Қадеровамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Қадерова Гүлдана Самалқызы 2001 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Үш жасында Орал қаласында Халықаралық театр күніне орай өткен «Сіз білмейтін театр» думанды концертінде алғаш өнер көрсетіп, үнді биімен үлкен сахнаға көтерілді. 2006 жылы Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген «Жеңіс тарихы» телевизиялық циклі бойынша «Қарыздар ұрпақтан» атты деректі фильмде Халық қаhарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың балалық шағын сомдады.

2013 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандандырылған балет мектебіне оқуға қабылданды. Балет мектебінде оқи жүріп, Алматыда, одан кейін «Қазақ елі – классик» бағдарламасымен Париждегі UNESCO және Лондонның Royal Festival Hall сахналарында өнер көрсетті. 2015 жылы Астана қаласында өткен «Экзерсис» халықаралық хореографиялық өнер фестивалінде, эстрадалық би номинациясы бойынша І дәрежелі диплом иеленді. 2016 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп-интернатының «Хореография» мамандығын бітірді.                                                    

2016-2019 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы саз колледжінде би мамандығы бойынша білім алды. 2016 жылы Астана қаласында өткен XIX «Шабыт» Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде Ғ. Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы «Назерке» халық биі ансамблінің құрамында «Хореография» номинациясы бойынша жүлделі I орын иеленді.

2017 жылы «Шашу» Халықаралық халық би ансамбльдерінің фестиваліне қатысты. Сол жылы «Назерке» халық биі ансамблінің құрамында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өнер көрсетті.

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Наз» мемлекеттік би театрында еңбек жолын бастады. Аталған би театрында «Уақыт-Өмір» хореографиялық спектаклінде көңілді адам бейнесін сомдады. Сондай-ақ, қазақтың көне тарихынан сыр шертетін «Тұйғындар» қойылымында жауынгер рөлін, Абай Құнанбайұлының «Әзім әңгімесі» қойылымында бiрнеше рөлдер сомдады.

Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірлігінің ең сәулетті қаласы, туристік және саудалық орталығы – Дубай қаласындағы «ЭКСПО-2020» көрмесінде «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылық ұжымымен өнер көрсетуде.

–  Гүлдана, сен кішкентайыңнан өнердің ортасына өстің. Жастайыңнан өнерге құштар болдың. Жалпы, өнерге келу өзіңнің жүрек қалауың ба? Әлде өнер адамдарын көріп өскендіктен сол жандардай болсам деп еліктеп келдің бе?

– Шет елде жүрген сәтiмде менi қолдап, елдің сәлемiн жеткізіп, әңгімелесіп жатқаныңызға өте қуаныштымын.

Енді мен би өнеріне құштар болуым себебі жастайымнан сол өнердің қайнаған ортасында өсуім себеп болды.

Менің әкем Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актёры әрі режиссері Самал Әбуов, анам актриса, аудармашы Эльмира Мақашева. Сол себепті көз ашқалы ата-анаммен бірге үш жасымнан бастап, қазіргі уақытқа дейін сахна төрінде келемiн. Мен жалпы өнерге деген махаббаттың арқасында дүниеге келген жанмын. Жаңа айтып өткендей, алғаш рет үш жасымда Батыс Қазақстан облыстық драма театрында «Сіз білмейтін театр» атты концерттік бағдарламада өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне ие болдым. Одан кейін Ресейде Астрахань облысына өнер ұжымымен гастрольдік сапарға бардым. Әлi есiмде кiшкентай болсам да ол жердегі қазақтар өнерiме риза болып төбеге көтерді. Мүмкін соның әсері ме, бала Гүлдана, өскенде кім болатынын бірден түсінді десек те болады…
Жалпы, менің кумирім – анам Эльмира Мақашева. Ол өз рөлін сомдағанда жай ғана ойнамай, кейіпкерімен өмір сүреді. Мен оның театрды жанындай сүйетін, еңбекқор жан ретінде, сахнаның дара тұлғасы деп те айта аламын. Себебі тек мен емес көрермен де оның ойнаған бір қойылымын жүз көрсе де жалықпайды. Әкем де сондай өнерде өте қабілетті, талантты адам. Оның әр сахналаған қойылымын көрермен өте жоғары бағалайды. Оның бәрiн шет елде жүрсем де әлеуметтік желіден көрiп, қасымдағы достарыма айтып отырамын.
Жалпы әкем мен анамдай еліме сыйлы адам болсам деген құлшыныс мені осы киелі сахнаға әкелді.

– Би өнерін таңдауыңа не себеп болды? Бишілік өнер несімен баурады?

– Балалық шағымда әкем маған көптеген ертегі бейне таспалар алып келетін. Сол бір сәт әлі есімде. Бірде телевизордан тек елімізге ғана емес, әлемді өнерiмен тәнті еткен қазақтың биші қызы Шұғыла Сапарғалиқызының концертін көрдім. Қарапайым адамның жасаған әр қимылы әдемі бейнелерге айналғанда көзім сол көріністерден бір үзілмеді. Сондағы бірінші келген ой «Мен қазағымның екінші Шұғыласы емес, бірінші Гүлданасы болғым келеді» деп армандадым. Біз өзі ырымшыл халықпыз, кiндiк анам ҚР еңбек сіңірген қайраткері танымал актриса Бибiгүл Исалиева болса, ал тұсауымды кескен театр және кино актрисасы, Халық әртісі Гүлнар Жақыпова. Менiң бала арманымды айқынға айналдыруға көмектескен, кішкентайсың деп бөлмей, алғаш билеуді үйреткен, ұстазым – Қымбат Сариева. Одан кейін әрине мен ол кiciнi әр уақытта мақтанышпен айтып жүремін.

Қазақстанға танымал биші Қарлығаш Қадырбекқызының би студиясында ұстаздық міндетпен жұмыс атқарып, Мәскеу қаласында конкурс фестивальге қатысып, жеке би орындап Гран-при жеңiп алдым. Ол маған үлкен күш серпін берді. Қолыма дипломымды алғасын, ішкі жан дүнием ары қарай дамуды қалады. Сол ойыммен сол кездегі жетекшім Қарлығаш ханыммен бөліскен болатынмын. Ол кісі тек бірден қолдады. Соның арқасында ата-анамның батасын алып кезінде өзім оқыған Нұр-Сұлтан қаласына жол тарттым. Театрымыздың бас жетекшісі Ағымбаева Хадиша Ермекбайқызы мені бірден қабылдады. Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Наз» мемлекеттік би театрының балет әртісі атандым.

– Биші ретінде өзінің дене бітімін сақтау үшін, үнемі әдемі көріну үшін қандай ерекше күтім жасайсың?

– Біздің атқарып жатқан жұмысымыз үлкен шыдамдылық қажет етеді, себебі тынымсыз еңбек болғандықтан ешқашан дене бітімім жөнінде мәселе туындамаған. Ең бастысы, адам өз-өзін жақсы көру керек деп ойлаймын.

– Өнер сапарларымен шет мемлекеттерге жиі барасың. Жалпы, шетелдерде қазақ өнеріне деген құрмет, қошемет қандай?

– Шетелде Қазақ өнері ерекше бағаланады. Осыған дейін Мәскеу (Ресей), Париж (Франция), Лондон (Ұлыбритания), Абу-Даби, Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері) қалаларында өнер көрсеттік. Тарихқа толы байтақ еліміздің қоңыр дауысты аспаптары ойнала бастағанда, жігіттеріміз батырлардың биін билеп, қыздарымыз мың бұрала ұлттық киіммен шыға келгенде шетелдіктер ерекше қабылдап, орнынан тұрып қошемет көрсетеді. Қазіргі таңда Дубай қаласында өтіп жатқан әлемдік «ЭКСПО-2020» көрмесінің басталғанына бес ай болды. Бірақ павильонымыздың алдында концертімізді тамашалайтын жандар азаяр емес.

– Сахнада өнер көрсету барысында не сахна сыртында есте қаларлық қандай қызықты сәттер орын алды ма?

– Театрымызда қойылатын әрбір қойылым қызыққа толы. Сырт көзге бәрі әдемі көрінеді ғой, бірақ сахна сыртында бір-бірімізбен түйісіп, жанұшырып еңбектенiп жатамыз. Өйткені елдің намысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кейде асығып жүрiп басымыздағы сәукеленің түсіп бара жатқанын сезетін сәттер, тіпті тарихи қойылымдарда бір-бірімізге қолымыз не қылыш тиіп кетіп, алған жарақатқа қарамастан, күліп билеп шығуымыздың өзі бір қызық әңгіме.

– «Наз» мемлекеттік би театры Дубай қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2020» көрмесі аясында шығармашылық топпен барып өнер көрсетуде. «ЭКСПО-2020» көрмесіндегі Қазақстанның қатысуы туралы не айтар едің? Біздің еліміздің ерекшелігі қандай?

–     2021 жылдың 30 қыркүйек күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында «ЭКСПО-2020» Бүкіләлемдік көрмесі ресми түрде ашылды. Көрме ашылмас бұрын бір ай бойы сол жерде дайындық жұмыстары жүрді. «ЭКСПО-2020» көрмесінің ашылғанына бес ай уақыт өтсе де келушілер қатары көп. Біздің еліміздің павильоны үздіктердің қатарында саналады. Бізге келіп, көрмемізді тамашалайтын адамдар өте көп. Және келушілердің жүрегінен ерекше орын алып, ыстық ықыластарына бөлендік. «ЭКСПО-2020» көрмесі бізге көптеген жаңалықтар ашуда, шетелдерден көптеген достар табуға септігін тигізді. Біз бұл жерде қазақ, орыс, түрік, америкалық бөліп бөлінбейміз. Барлығымыз бір ортада жұмыс жасап жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Павильонымыз жөнінде қысқаша айта кетсек, кіре берісте Нұр-Сұлтан қаласы филармониясының «Қорқыт» этномузыкалық ансамблімен бірге «Наз» би театры келушілерді концерттік шоу бағдарламасымен қарсы алады. Павильонның ішіне кіргеннен кейін алғаш көрінетіні – «Жусан» залы. Ол жерде жусан және жусанның исі, әрі 3D экранынан кең байтақ жеріміздің суреттері көрсетіледі. Одан әрі көрме ішінде ұлтымыз мақтаныш етіп айтатын Алтын адамымыз бен Алматының апорт алмасы жөнінде мәлімет берілген. Екінші қабатқа өткенде біздің кең байтақ жеріміздің табиғи байлығы жөнінде кеңінен ақпарат беріледі. Осы ақпараттардан кейін көрермендер үшін арнайы залда акрабаттардың «Болашақ Қазақстан» атты қойылымы көрсетіледі. Павильонымыздың дәл жанында «Қазақ гурме» рестораны бар. Ол жерде келушілер қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарынан дәм тата алады. Павильонымыз өте үлкен, әдемі әрі ерекше.

– Болашақтағы армандарың қандай?

– Болашаққа деген мақсаттарым көп. Ең бастысы, басымыз аман, бауырларымыз түгел, еліміз тыныш болса деймін.

– Бос уақытыңда немен айналысқанды жақсы көресің?

– Менің биден тыс хоббиларым көп. Бала кезден футболмен, суретпен, волонтерлық іс (еріктілер қатары), ән, актерлық шеберлік, тіпті жекпе-жек спорт түрімен айналысып келемін. Бос отырғанды ұнатпаймын. Мен үшін уақыт қымбат. Адам әрқашан жұмыспен жүргенде көңiлiн түсiруге уақыты болмайды. Өзімді жан-жақтан көргім келгендіктен, үнемі ізденіспен жүремін.

–  Әсерлі сұхбатың үшін үлкен рахмет!

Венера Мұратқызы,

«Jastar janary»