Басты бет » Әдеби әлем » Тұрсынбек БАШАР. Өтті түндер, өтті күндер жабығып…

Тұрсынбек БАШАР. Өтті түндер, өтті күндер жабығып…

%d0%b1%d0%b0%d1%88%d0%b0%d1%801

 

           Тұрсынбек БАШАР 1988 жылы Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Кенимех ауданы, Қызылқұм елді мекенінде туған. 2003 жылы Атамекенге табан тигізіп, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Ырысты ауылындағы  № 108  С. Торайғыров атындағы мектепті бітірген. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті.

****

Өтті түндер, өтті күндер жабығып,
Соншама бұл сарылардай сағынып.
Кім едің…
Күте-күте келмейтұғын хатыңды,
Желінбейтін жігерім де уатылды!
Жүдедім…

%d2%9b%d1%8b%d0%b7

Сені ойлап отырамын таң алды,
Армандарым құмға сіңіп жоғалды.
Сыз демім…
Жұлым-жұлым жараланған жаныма,
Сая болып, бұйырар деп бағыма,
Іздедім…

Жайдары шақ кеткендей-ақ күлкіңде,
Ғайып болды көрген түстей бір күнде,
Күз әні…
Жүрегімді орап мұңға кезерген,
Кездесерміз білем оны, сезем мен,
Біз әлі…

Бала махаббат

Шегірткенің шырылы,
Шыр-шыр еткен, шыр еткен.
Жан қалқаның бұрымы,
Жуан еді білектен.

Сол бір түн ед пейіштей,
Қойнына ап түнеткен.
Ерініміз сүйіспей,
Сүйіскенбіз жүрекпен.

Жұлдыз күлер алыстан,
Жымыңдаудан талмайтын.
Қолдарымыз табысқан,
Қос жүректі жалғайтын.

Сезім исі аңқиды,
Сол бір түннен, сол айдан.
Бастан кешіп әр күйді,
Табыспадық алайда.

Бір сәттік бір дір еткен,
Жарқ еткен бір жасындай.
Сүйісетін жүрекпен,
Біздің сезім осындай –
Баяғы… бала кездегі..

Қызылқұм аруына

(топтама өлеңнен үзінді)

Шаганэ, ты моя Шаганэ!
…Он не лучших Рязанских раздолий,
Потому, что я с севера, что ли.
Сергей Есенин

Жансая, жаным Жансая!
Түсімде жиі елестер,
Сағымданған сар далам.
Қызылқұм, қызыл белестер,
Санамды солар торлаған.

Жансая, жаным Жансая!
Сарғайған сонау селеулер,
Сағынышым ол менің.
Көргендер мені жүдеу дер,
Сағыныштан… өлмедім!

Жансая, жаным Жансая!
Төсінде төлдер жусаған,
Сүйемін қырқа-белімді.
Ұдайы мұңдар құрсаған,
Жүрегім неткен төзімді!

Жансая, жаным Жансая!
Тұр ма екен аман жырғалып,
Қараормандай сексеуіл.
…Өлең жазар бір ғәріп,
Атыңды атап тек сенің!

Жансая, жаным Жансая!
Еріншектеу жүрісі,
Ондағы күн – кексе күн!
Жасыл жусан иісі,
Жұпарыңдай тек сенің!

Жансая, жаным Жансая!
Қызғалдақ қызыл қырдағы,
Жел тербетіп өссе гүл,
Күлімдеп тұрар ол-дағы,
Жамалыңдай тек сенің!

Жансая, жаным Жансая!
Арманым менің болмас-ты,
Өзіңді мынау өпсе ерін.
Ақылым менің алжасты,
Атыңды атап тек сенің!

Жансая, жаным Жансая!
Моншақтап көзден лағыл-мұң,
Жүрегім нені көкседі?!
Сағындым, сұмдық сағындым,
Туған жер және тек СЕНІ!

* * *

Тағы да түн!
Қар түседі қалықтап,
Қарға оранды ауладағы алып бақ.
Ғазиз жүрек сенделеді сыңарсыз,
Енді қашан өзіңменен жолықпақ?!

Қар түседі сенің аппақ арыңдай,
Атырабым аппақ түске малынды-ай.
Бір дерегі, іздегені табылмай,
Бұла сезім бұлқынады бағынбай!

Қар түседі сенің аппақ бейнеңдей,
Ақ қайыңдар аппақ көйлек кигендей…
Ғазиз жүрек сенделеді сыңарсыз,
Сенен басқа ешкімді де ем көрмей.

Қар түседі… бірақ, бірақ мекен-күз,
(Қарашада танысқан ек екеуміз)
Сен де, мен де сағынамыз сарылып,
Мұны бірақ білдірмейміз… бекембіз!

Тағы да түн!
Қар түседі баяу тым,
Тағы таңды қарсы алдым, ояумын.
Күз де өтті сағынышпен шөлдетіп,
Енді қашан жолығамыз, аяулым?!

Біз – жүргінші

Мұғалима бізге өткен өмірлерің жайлы эссе жазыңдар деді. Орысша! Өткеніме оралып ойланып отырсам, жайраң қаққан жарқын сәттерімнен, солғындау сәттерім басымдау екен. Орысшаға орашолақтау басым он ойланып ештеңе оңдырмағасын жүрекке жүгінді… Жүрек былай деді:

Туылғам…
Рахманның нұрына жуынғам,
Бұғаулы тағдырға буынғам,
Құштарлық жалыны көп еді,
Бұл күнде суынғам!

Көктедім…
Асқақтап бірақ та кетпедім,
Өмірдің даласын аралап,
Келемін,
Иықта кетпенім!
Оруға жараса еккенім…
Тірнектеп жинаған несібем,
Аллам-ай, төкпегін!

Кешегім…
Емхана, таңылған төсегім,
Ұмыт боп Құдайға есебім,
Дәріге уланған бұл денем,
Қайтпады меселім!

Күндерім…
Ұйқысыз өтуде түндерім,
Таңдаған әртүрлі гүлдерін,
Көбелек-қоғаммен біргемін!
Күрсінем, мендағы түсінем,
Дүниенің бір кемін!

Күрсінген…
Рухыма Тәңірден нұр сіңген,
Сезініп ғарыштан тылсым дем,
Сезініп ғарыштан тылсым дем,
Жүрекке жыр сіңген!

Тағдырым…
Орындап Жаратқан жарлығын,
Беймәлім, болашақ, алғы күн,
Құлқын-күн!
Шаршадым бұлқындым,
Аңсадым арлы-күн!

Бүгінгім…
Қыр астым, адастым бүліндім,
Теп-тегіс жерлерде сүріндім,
Түңілмес кездерде түңілдім,
Ұмыт боп кетсінші бұрынғым,
Ақиқат айтылар уақытта,
Келмейді бұғынғым!

Осы мен…
Армансыз арындап көсілем,
Тағдырдан көп үміт тосып ем,
Әзірге келемін өмірдің,
Керуендей көшімен!

Ей, мейлі…
Көңілде бір сәуле сөнбейді,
Істеген тірлігім өнбейді,
Тасырлы тағдырға жұлқынып,
Ішімде сыңарым көнбейді!

Ғұмырым…
Шетінен жымқырып ұры-күн,
Өлеңсіз өткізіп өлі-күн,
Өлеңмен өткізіп тірі-күн,
Арман-қыз бір сілтеп бұрымын,
Жеткізбей сілелеп құрыдым!

Ертеңім…
Ересек айтылар ертегім,
Жаза алмай жүректе өрт емін,
Өткенді парақтай паршалап,
Келеді өртегім!

Нетемін…
Аспаннан бір әмір күтемін,
Кезі кеп мендағы кетемін,
Мен кетсем қамығып жүрмеңдер,
Алатау шыңына қайтадан,
Шынар боп бітемін!

Сағыныш

«Әке!
Сізді Алатауға теңеймін мен,
Ал Алатау ешқашан мүжілмейді.
Шеше!
Сізді нұрлы күнге теңеймін мен,
Бұлар асқақ, уақытты сезінбейді!

Күнім тұрсын мейірленіп шуақ шашып,
Тауым тұрсын осылай дараланып.
Күн нұрынан,Тау суынан қуат тасып,
Бауырында жатайын домаланып!»

Деп осылай ойлайды бала-ғәріп,
Алатау мен тұрған Күнге шуақтанып.
Оқу іздеп, сандалып, қала барып,
Мейірім мен қамқорлықтан жырақтанып.

Мен сіздерді дәл бұлай сағынбағам,
Жиырма төрт жыл осынау ғұмырымда.
Әкем жүр-ау «аман ба» деп «бағым-балам»,
Шешем жүр-ау ауылда «құлынымдап!»

Жиі-жиі түсіме енесіздер,
Келіп алып қасымнан кете алмай-ақ.
Жиі-жиі күрсіне бересіздер…
Мен де жүрмін сіздерге жете алмай-ақ…

Пікір жазу