Бас қаламыздағы Назарбаев университетінде HPAIR Азия конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
HPAIR Asia Conference 2019 (The Harvard College Project for Asian and International Relations) – 1991 жылдан бері Азияның ірі қалаларында бес күндік халықаралық жастар конференциясы. Конференция коммерциялық емес HPAIR ұйымымен Гарвард университетінің өнер және ғылым факультеті және Назарбаев Университетімен бірлесе ұйымдастыруымен өтуде. Айта кету керек, HPAIR Азия конференциясы 28 жылдық тарихында Орталық Азияда және посткеңестік елдер бойынша Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
«Мен өз баяндамамда қазіргі ауыспалы замандағы оң өзгерістер жайлы қозғадым. Біз үшін басты өзгеріс ол біздің тәуелсіздік, бұрын қалай болды, қазір қандай. Одан бөлек, тағы бір нақты мысал ол біздің Ақмоладан Астанаға одан Нұр-Сұлтанға айналуы. Қаншама отандастарымызға оның ішінде жастарға мүмкіндік ашты. Атап айтқанда, Назарбаев университетінде 20 мемлекеттен келген жастар білім алып жатыр. Сондай-ақ, Болашақ бағдарламасы біз үшін таптырмас мүмкіндік және ол да заманға сай өзгерудің бір құралы. Себебі бұл бағдарлама арқылы қаншама жастарымыз әлемнің маңдайалды жоғарғы оқу орындарында оқып, заман көшінен қалмауда», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов конференцияда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның мақсаты – студенттер мен жас мамандар арасында тәжірибе алмасу үшін пікірсайыс алаңын құру. Оның барысында жас мамандар маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ ұлттық және мәдени кедергілерді талқылауға жеңе ұзақ мерзімді қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, мемлекет бастамасымен президенттік кадрлық резервтің әзірленуі және оған 300 жас таңдалып алынады. Бұл да тың өзгеріс, заман талабы болып отыр. Себебі бүгінгі конференцияның тақырыбы уақыт талабына сай өзгеріс туралы болып отыр. Және бүгінгі шараға қатысып отырған Гарвард университетінің студенттерін елордаға шақырдық. Яғни, осында жұмыс істеуге және тұруға. Бүгінгі шараның тағы бір маңызы Назарбаев университетінің деңгейін көрсетіп отыр. Өйткені әлемдік деңгейдегі Гарвард университетінің профессорлары біздің бас қаламызға келіп өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл біздің студенттер үшін тамаша мүмкіндік. Бұл халықаралық деңгейдегі конференция және Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр», – деді ол.
Қала әкімі Алтай Көлгіновтің аталған шарада жасаған баяндамасының толық мәтінін осы сілтеме арқылы оқи аласыздар.
http://elorda.info