Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » «Бандыны қуған Хамитты» түсіру кезінде оңбай жарақат алдым

«Бандыны қуған Хамитты» түсіру кезінде оңбай жарақат алдым

627101

Актер Досхан Жолжақсыновтың естелігінен

Сәкен Сейфуллин ағамыздың шығармасы негізіндегі «Бандыны қуған Хамитты» түсіру кезінде оңбай жарақат алдым. Каскадерлардың көмегімен жасайтын түсірілім бар еді. Бір түсірілімнен кейін кешке ақшалары қолдарына тиген каскадерлар түнімен ішіп-жеп, бір-бірімен төбелесіп, кетіп қалыпты. Ертеңінде каскадерлар жоқ. Алдында «барлық трюкті өзім-ақ жасаймын» деп едім, «мертігіп қалсаң, кино тоқтап қалады» деп режиссер рұқсат бермеді. Бірақ, кейінірек басқа мүмкіндік болмады. Амал жоқ, «ал, батырым, енді өзің дайындал, бір сағат уақыт берем, содан кейін түсіреміз» деді режиссер. Дайындалған болдым. Аттың ер-тоқымы да ыңғайсыз екен. «Тәуекел» деп атқа отырдым. Алдымен қос аяқпен ер-тоқымның үстіне тұруым керек, одан аттың бауырына дейін түсіп, қайтадан көтеріліп мінуім керек. Бірақ, аяғымды көтере бергенде атым кетіп қалып, екі жұдырықтай тасқа келіп құйымшақпен құладым. Арқамнан оқ атылғандай болды. Тынысым жоқ. Қатты ышқынып едім, әрең дегенде демім ашылды. Бәрі жүгіріп келді. «Өлдім» деп ойладым. «Чайка» машинасына салып, жақын маңдағы ауылға алып барды. Режиссер содан кейін он күн үзіліс берді. Тақтайдың үстінде жатып үйге келдім. Ол кезде де спортпен айналысып, күн сайын жүгіретінмін. Бес-алты күннің ішінде қалпыма келдім. Бірақ мұның зардабы 20 жылдан кейін білінді. Төсек тартып жатып қалдым. Арқамның бес жерінен «грыжа» деген бәле шығыпты. Содан мойын жағында маза бермеген біреуін осыдан 8-9 жыл бұрын алдырдым. Әлі төртеуі арқамда. Қасым Жәкібаев ағамыз айтушы еді, жас кезіңде ненің ләззатын көрсең, қартайғанда соның азабын тартасың деп… Сол кісінің айтқаны рас екен.

Әсет Ақмолда

«Фейсбук» парақшасынан

Пікір жазу