Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » Елеусіз қалған Елкен

Елеусіз қалған Елкен

IMG-20190301-WA0024

     – Мен талай адамды көрдім. Соның ішінде өнер адамдарының бойындағы қызғаныш. Бір адам биікке көтеріліп бара жатса, тұс-тұсынан талап түтіп жеп, сынап-мiнеп, тіпті орайы келгенде аямайды-ау, аямайды. Асқақ сезімтал адамдар өмірдің сол сынағына шыдай алмай, сынып кетіп жатқандары қаншама? Сондықтан балаларым бәріңе айтарым, мұндай жаман әдеттен ада болыңдар! «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп Ұлы Абай атамыз бекер айтпаған Өнер деген сирек адамда кездесетін  қастерлі қасиет. …Адами асыл қасиеттереңді жоғалтпаңдар, – деп ұстазымыз ҚР еңбек сіңірген мəдениет қызметкері, режиссер Айман Сисенғалиқызы Қуатова үнемі айтып отырады.  

        Сондай сәтте театр үшін тер төккен ардақты актерлармен бірге режиссерларымыз есімізге түседі. Солардың бірі, біздің режиссер болып қалыптасуымызға мұрындық болған, өмірден ерте кеткен ұстазымыз Елкен  Жылқышинов ағамыз еді. Өмірден көргені де, түйгені де көп, тәжірибесі, қиялы мол, марқұм режиссер Елкен Жылқышинов (Төлқұжатта Джилкашинов) 1950 жылы 29 қарашада Талдықорған облысы, Гвардия ауданы (қазіргі Кербұлақ), Көксу ауылында дүниеге келген. Әкесі – қазақ, анасы – украин ұлтынан болған. Руы – Жалайыр. Елкен ағамыз кішкентайынан әжесінің қолында өскен жалғыз ұл. Жастайынан өте зерек, білімге ұмтылған, ән айту қабілеті мол, биге құштар болған. 1973 жылы арман қуып Алматыдағы Республикалық эстрада және цирк өнері студиясына би бөліміне оқуға түсуге келеді. Бірақ ерекше дауыс иесі болғандықтан, «Эстрада — вокал» бөліміне қабылданған. Бұл оқу орнында кезінде Қызылорда облыстық филармония директоры болған, он бір жыл Жастар шығармашылық орталығын басқарған, қазір еңбек демалысындағы Аманғалиев Сырым Ғарифұлы ағамыз, Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі Шәкен Аймановтың інісі Данияр Айманов үшеуі танысып, бір бөлмеде тұрып, бір топта оқып, қара нанды бөліп жеген достар болған. Сырым Ғарифұлы ағамыз: «Ия, біз Елкен марқұммен қатты дос болдық. Адамгершілік қасиеті мол өте ерекше азамат  еді. Қашан көрсең де, жарқырап күліп, жадырап, жайнап жүретін. Жиі Елкенді түсімде көремін… Баритон дауысты керемет әнші адам болатын. Әттең, арамыздан ерте кетті. Тірі болса, әлі талай биікті бағындырар еді-ау… Дегенмен, қысқа ғұмырында артында өшпестей өнері қалды. Кейінгі жастар театр өнерінде талантты режиссерды ұмытпай, еске алып жүрсе дейміз», – деп сағына еске алады. Елкен ағамыз 1978 жылы Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтына оқуға түседі. Институтта оқып жүрген кезінде 1980 жылы 25 қыркүйекте Қарағанды облысы, Теміртау қаласында суретші Нәбира Асановамен (1959 д.к) отау құрады. 1981 жылы, 20 сәуірде Анель атты қызы дүниеге келеді.   1982 жылы Алматыдағы «Театр және көркемсурет» институтының «Режиссер» мамандығын тәмамдайды. Елкен ағамыздың ұстазы – ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Платинді Тарлан» тәуелсіз сыйлықтың иегері, профессор Рубен Суренович Андриасян.

          Институттан соң Мәскеуде режиссерлық біліктілікті жетілдіру курсында оқып, еңбек жолын М. Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық музыкалық қазақ драма театрынан бастайды. Онда ең алғаш М. Байджиев «Қалыңдық пен күйеу» мелодрамасын сахналаған. Қалыңдық Мағрипа Шаненова, ал күйеу ролінде ҚР  Мәдениет қайраткері Қабдул-Мажит Иманов, Ана ролінде Қарақалпақстанның халық әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Әдемі Ділханова ойнайды. Бұл қойылым гастрольдік сапармен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын аралап, елдің ықыласына бөленген екен. Одан Өзбек драматургы Ш. Башбековтың «Шойын қатын» комедиясын қойды. Бұл комедия көрермен жүрегінен ерекше орын алған қойылым. Бұдан да басқа көптеген қойылымдарды сахналап 1992 жылы қаңтар айында, Арқалықта театр А. Байтұрсынов атына ие болып қайта ашылуына байланысты режиссер Елкен ағамыз, марқұм актер Төлеген Қуанышев, ҚР Мәдениет қайраткері Қабдул-Мажит Иманов көмекке шақырылады. Онда  қоюшы режиссер: Қажыахмет Рахметов екеуі бірлесіп 1992 жылы 27 наурызда Мерғали Ибраевтың пьеса желісі бойынша «Қалқаман-Мамыр» спектаклін қойған. Бұл қойылымды қою да оңайға соқпапты, себебі талай ізденіс өз алдына кәсіби әртістер жетіспепті. Содан кейін кейін дереу  әртістердің актерлық шеберлігін арттыру мақсатында Е. Домбаев «Айналайын, ақ келін» комедиясын қояды. Әріптесі: – Тыным таппай, шаршауды білмейтін режиссер, қай премьера болмасын, біткеннен соң «В душе у меня как-то пусто стало», – деп жиі айтатын. Әрқашан ізденіс үстінде жүріп, бір жақсы дүние тапса, тағат таппай оны қоюға асығады. Марқұм Елкен ағаңның тағы бір керемет қасиеті жұмысқа кіріскенде бар күш-жігерін жұмсайтын да, ол актерлардың селқос, енжар тұрғанын жаратпайтын. Жек көреді. «Актерсың ба, үнемі белсенді болуың керек», – деп бізге  де үнемі айтатын. Кейде «На сцене нужно действовать. Действие, активность – вот на чём зиждется драматическое искусство, искусство актера. …Чтобы начать действовать, надо знать, чего «я хочу», – дейді. «Көбіне біз әдебиет, өнер театр туралы әңгіме қозғайтынбыз. Мен оның көп білетініне, біліміне өте таң қалдым. Шығармашылық жолда талай биiк шыңдардан көрiнер едi, әттең, өмірі қысқа болды…» – деп  сағына еске алады  досы Қабдул-Мажит Сүндетұлы. Кезінде Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының директоры болған, ҚР мәдениет қайраткері Мұқатова Отаркүл Оразбайқызы:

           – Ия, өнерде жүргесін адам баласы әртүрлі адамдармен кездесіп, көп адамдармен дос болады. 1972 жылы бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры құрылған. Осы театрға ұлт өнерін асқақтатту жолында жан-жақтан талантты жігіттер мен тамаша қыздар келіп жатады. Соның бірі – талантты театр режиссеры Елкен Джилкашинов. Ұмытпасам, Елкен ағаң алғаш кездескенде біртүрлі аңқылдақ, қазақы, істеген ісі тиянақты жігіт болатын. Алғаш көруім, бірде мәдениет саласының қызметкері келіп, мынау «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері Сайлау Ордабаев және әнші Отаркүл Мұқатова деп бізді Елкенге таныстырды. Сонда маған жақындап келіп: «Значит друг боламыз», – деді. Танымайтын адамның «Друг боламыз» деген сөзі, біртүрлі екен деп таң қалдым. Бірақ шындығында да кейін, дос болдық. Сайлауды қатарласы болса да «Көке» деп сыйлап өтті. Бір күні шашы желкілдеп спектакль қойып жатыр, қазір көресің «Друг мой, ты придешь…» деп  қояды. Көбіне орысша сөйлейді. Ол кезде бір кереметі режиссерды құрметтеп сыйлау бірінші кезек, сосын басты рольде ойнайтын әртіске бір шоқ гүл беру үрдісі болды. Қазір осы қасиеттер біртіндеп жойылып барады. Қойылым біткен соң, әртістер әдемілеп, қойылымды әңгімелеп шәй ішетінбіз. Қойған спектакль маған қатты ұнады. Ол кісінің бір ерекшелігі ішкі дүниесі де, сыртқы дүниесі, өнерде де тазалық болды. Талай мәрте біздің шаңырақта дәмдес болдық. Әлі есімде ұлым Шах-Мұрат кішкентай. Оған «Мой маленький друг» дейді. Елкен «Пить хочу!» десе, Шах-Мұрат жүгіріп барып жылы су алып келсе керек, дәм алып: «ойбой мынауың жылы су ғой» десе,  Шах-Мұрат ойланбастан: «Дядя Елкен тамағыңыз ауырады», – дейді. Елкен «Правильно мой маленький друг, тамағымыз ауырады, менің другым саған жылы су береді екен ғой, әкел не болса да», – деп баланың қолын қайтармай ішіп қоятын. Жанында отбасы болмағасын үйдің тамағын сағынады деп, Сайлау екеуміз кейде ет асып, ас салып шақырамыз. Отырған жерінде тағы бір кереметі адам баласын жамандамайды. Жаман деген адамдарыңа да, шаң жуытпайды. Өзі сондай қасиетті дара, әртістерге пана болды. Досқа дегенде жаны бөлек, қалтасында қалған соңғы ақшасын беріп жүре береді. Мен оны Торғай елінің жергілікті азаматындай көрдім, өйткені осы жердің халқымен, басшыларымен, өнердегі әріптестерімен бауырмал, дос болып, қоян-қолтық араласты. Елкен марқұмның театр өнерінде бергенінен берері көп, мол еді. Өмірден тым ерте кетті. Өкінішті… Шынын айту керек, бас режиссер болып тұрған сәтінде менің бір байқағаным, көп адамдар Елкенді режиссер ретінде  сезбеді де, көреалмаушы адамдар оның қол жеткізген жақсылық, жетістігін қабылдай алмады. Елеусіз қалды Елкен… Ал қойған қойылымын көрсең, көрерменнің қабылдауы, ыстық ықыласы ерекше болды. Талай асыл азаматтарымыз өнерде, ортаға симай мезгілінен бұрын өмірден өтіп кетіп жатады. Менің түсінігімде, Елкен сияқты азаматтар өмірде бағалануы, ескерілуі керек. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Ең бастысы, қамшының сабындай ғана өмірде адамдар сыйласып өткенге не жетсін! Тірі кезінде еңбегі бағаланбады, еленбеді. Қаралы қазасында қаншама халық егіліп жылады, елге сыйлы достары, жора-жолдастары жоқтады, қимады… Жан-жақтан ағылып келіп жатқан әріптестері Елкен туралы  толғанып жақсы сөз айтып, көздері жасқа толды. Бізде жанұямызбен қатты қайғырдық. Дегенмен бұл өмірде өз бауырымыздай аңқылдаған, кіршіксіз таза, тума талант, білгір режиссер досымыз болғанына қатты қуанамыз. Ерте кеткені жүректі қынжылтады әрине, бірақ Самал Қадерұлы сен сияқты артында іздеушісі болғанының өзі бір бақыт, – деп сөзін аяқтады ҚР мәдениет қайраткері Отаркүл Мұқатова Оразбайқызы.

        Ия, ағамыз, ұстазымыз, қазақтың театр саласындағы өнер майталманы  1995 жылы 15 сәуірде Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеден озды. Қазір Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Елкен аға сахналаған  Ш. Башбеков «Шойын қатын» комедиясы жиырма бес жылдан бері театр   репертуарынан түспей жүріп келеді. Жылдар жылыстап өтсе де, актерларды алмастырып, жаңа құраммен толықтырып отырған ассистент режиссер  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиеваның да еңбегі зор. Бүгін осы қойылымда отырмын, зал толы көрермен. Қойылым біткен соң көрермендер, ойнаған әртістерге орындарынан түрегеліп қол соғып, қошемет көрсетті. Мен де тұрдым орнымнан, «Браво!» деген айқайлар әр жерден естіліп жатыр. Елкен ағаның сүбелі еңбегін бізден басқа адам білер ме екен? …Білмеуі де мүмкін. Бірақ, ұстазымыз Елкен ағамыздың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

 Самал Әбуов,

                          БҚО  Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының

                                                    актері әрі бас режиссері

Пікір жазу