1986 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д. Қонаев орнынан алынып, ол қызметке Г. Колбин тағайындалды» деген хабар қазақ елінің жаппай наразылығын туғызды. Үкіметтің бұл шешіміне келіспей, қазақ жастары саяси тәуелсіздікті талап етіп, орталық алаңға шықты. Бірақ бейбітшілікті талап еткен жалынды жастар мұздай қаруланған әскери топтың аяусыз таяғына тап болды.
Иә, желтоқсан оқиғасы талай боздақтың тағдырын қиып, өмір жолына ойран салды. Алайда, Кеңес үкіметінің бұл озбырлығы еркіндікті көксеген елдің еңсесін баса алмады. Қазақ даласы лезде бойын тіктеп, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осындай баға жетпес жетістіктің себепкері ретінде өз ерлігін мақтаныш көрмейтін жандар бар. Солардың бірі – Анар Рахымжанова. «Желтоқсан оқиғасына қатысушы» деп тіркелмеген. Тым қарапайым. Сөзіміздің дәлелі ретінде тарихи суреттің иесі екенін білсе де, оған таласпай, өз атына тіркеу үшін құлшыныс танытпай отырғанын алға тартсақ болады. Осындай болмысы бөлек жанмен тілдескіміз кеп, арнайы Алматы қаласына ат басын бұрдық. ӨН-БОЙЫМНАН ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЫ КЕТКЕН ЖОҚ – Анар Төлегенқызы, екеуміз Желтоқсан алаңына қарай бағыт алған сәтімізде жаңбыр жай ғана себелеп тұр еді. Ал алаңға жеткен кезімізде жауын аяқ астынан күшіне мініп, бізбен бірге мұңайып, аспан «жылап» тұрғандай болды… Сіз мұны байқадыңыз ба? – Әрине, байқадым. Ол жерде қаншама қазақ жастарының қаны төгіліп, тағдыры қыршыннан қиылды. Сол себепті арадан отыз бір жыл өтсе де, өн-бойымнан желтоқсанның ызғары кеткен жоқ. – Енді әңгімені әріден бастасақ. Білуімше, Өскемен қаласының тумасысыз. Алматыға оқуға келіп пе едіңіз? – Мен 1984 жылы мектепті бітірдім. Дәл сол кезде сіңлімнің жүрегіне ота жасатып жатқандықтан, жоғары оқу орнына құжат тапсырмадым. Яғни маған оқу емес, бауырымның аман қалғаны керек болды. Сөйтіп, Семей қаласында бір жыл жұмыс жасадым. Ал келесі жылдың қараша айында сыныптас құрбым Гүлшат Төпенованың шақыртуымен Алматыға келіп, құрылысқа (СМУ-50) жұмысқа кірдім. Содан 1986 жылдың жазында құрбым екеуміз құжаттарымызды түгендеп, оқуға тапсыру үшін ЖенПИ-ге кетіп бара жатып, жоғалтып алдық. Автобус ішінде ұмытып қалдырып қойыппыз. Қаншама рет іздеп таба алмаған соң, амал жоқ құрылыстағы сылақшы жұмысымызға қайта кірістік. – Желтоқсан оқиғасы жайлы айтсаңыз. Алаңға баруға қандай күш түрткі болды? – Кезекті демалысымда ауылға барып, 15 желтоқсан күні Алматыға келдім. Ертесіне сөз байласып жүрген жігітім (қазір жолдасы) екеуміз «Целинный» кинотеатрына киноға бардық. Күндізгі сеансын көріп, такси ішінде келе жатқанымызда радиодан Қонаевты алып, орнына Колбинді тағайындағанын хабарлады. Кешкі сағат 18:00 шамасы еді. Арадан көп уақыт өтпей жатақханамыздың қасына кеп, бір жігіт буфермен: «Қазақтар, не үшін үнсіз жатсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр…» деп айқайлады. Осы бір ғана сөз құрбым екеумізге қатты әсер етті. Алаңға сол кезде-ақ бармақшы болған ек, милициялар шығармай қойды. КӨЗ АЛДЫМДА ҚАЗАҚТЫҢ БІР ЖІГІТІН ШАШЫНАН ҰСТАП, БАСЫН ТАСҚА ҰРДЫ – Жатақханадан қалай шықтыңыздар сонда? – Мен жолдан ауырып келгем, бірақ он жетісіне жұмысқа шығуым керек. Гүлшаттың кезекті демалысы әлі аяқталмаған еді. Таңертең екеуміз поликлиникаға барып, маған ем демалысын аштырып, ары қарай алпыс алтыншы автобусқа отырып, алаңға жол тарттық. Маршрут ішінде бейтаныс қазақ жігіті бармауға үгіттеді. Алайда, оны ешкім тыңдамады. Қоғамдық көліктің иесі Балуан Шолақ стадионына жеткен соң, «әрмен қарай бармаймын» деп, бәрімізді түсіріп тастады. Ал біз рухтанып тұрмыз. Сөйтіп Абай даңғылымен жаяу өтіп, патриоттық өлеңдер айтып, Желтоқсан алаңына жеттік. – Алаңда не боп жатыр екен? – Айқай-шу. Адамдар өте көп. Орта тұсы көрінбейді. Екеуміз арасына ығысып, кіріп кеттік. Көп өтпей бір-бірімізден ажырап қалдық. «Бірнәрсе айтып, сөйлеп жатқандар бар ма екен?» деп алға жылжи беріп, дәл ортасынан бір-ақ шығыппын. Сол мезетте әскери адамдардың жүгіріп келе жатқанын көрдім. Елдің бәрі қашпақшы болып, бір-бірінің үстіне құлады. Мен де құладым. Екі қолымнан екі милиция ұстап, тұрғызды. Жүздеріне қарасам, өзіміздің қазақтың жігіттері. Бірақ жібермеді. Екі жағымнан нықтап ұстап, әкетіп барады. «Өзім жүрем» дедім де, біреуінің қолын қағып жібердім. – Ешнәрсе көріп үлгермеген секілдісіз ғой?.. – Алаңда шамасы бір сағат болдым. Қарулы топтың қабаған иттерді жіберіп, жастарды аяусыз қинап жатқанын көрдім. Шашы бұйра қазақтың бір жігітін көз алдымда тасқа ұрды. Басынан қан сорғалап жатыр. Бұл көріністерді қолға түсіп, әкетіп бара жатқан кезде ғана көрдім. Оған дейін қызбалықпен байқай қоймаппын… – Содан соң не болды? Камераға алып кетті ме? – Көліктің ішіне кілең қыздарды тиеді. Енді жүрмекші боп тұрған сәтте бейтаныс ер кісі бізді түсіріп алуға әрекет жасап еді, жібермеді. «Өзіңіз түсіп қалыңыз» деп, сыпайы түрде жауап қайтарды. Беделі бар секілді. Ол кісі түсер кезінде: «Тегінде мына өз қазағымыздың қыздарына қолдарыңның ұшын тигізбеңдер!» деп, ызаланып, бұйрық бергендей айтты. Содан Қаскелеңнің РУВД-сына апарып, сұрақ-жауап алды. Мүлдем ұрып-соққан жоқ. Қайтарар кезде бізді тергеген жігіт қасыма кеп, «ақшаң бар ма?» деп менен ғана сұрады. «Жоқ» дедім. Өйткені екеумізге ортақ сөмке құрбымда еді. Ақша соның ішінде. «Жетіп ал» деп, бір сом берді. Жол бойына шықтық. Тергеу кезінде қасымда болған қыздардың төртеуі жаныма кеп, «Анар, жаңа саған берген бір сом бесеуіміздің қайтуымызға жетеді. Бөліссең» – деді. «Жарайды, сендер қайда барасыңдар?» десем, «сен айтқан адреске барамыз» – дейді. Мен «Восход» жатақханасында тұрсам, олар дәл қасымдағы «Искра» деген жатақханаcында тұрады екен. Ал тергеу кезінде бәрі әр универдің атын айтып еді. Сөйтсем, өтірік мағлұмат беріпті. Мен шынымды айттым. Яғни рас сөйлегенімді тергеуші жігіт білген ұқсайды. Иә, олардың бір жақсылығы – өтірік адресті беріп жатқандарын білсе де, үндемеген. БЕС ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ТҮСУІМЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ – Ал құрбыңыздың жағдайы не болды? – Бесеуміз Қаскелеңнен Алматыға дейін он бес тиыннан төлеп, Ақсайға кеп, алпыс алтыншы автобустың (жол ақысы – бес тиын) соңғысына үлгердік. Жатақханаға келсем, құрбым жоқ. Сол мезет ағам Ерлан келді. Желтоқсанға қатысып, ұсталып қалып, құтылып шығыпты. Босаған соң, мен есіне түсіппін. «Алаңға шықпа» деп айтуға келген түрі екен. Бір күліп, бір жылап, «мен де ұсталып, кеп тұрмын» – дедім. Содан құрбым келді. Үсті-басы көкпеңбек. Көзі мүлдем ашылмайды. Басынан қатты соққы алған. Тергеу кезінде шашынан ұстап алып, қабырғаға ұрыпты. Ол түскен Фрунзе ауданының РУВД-сында орыс ұлтының өкілдері тергеген. – Осы оқиғадан кейін қандай қиындықтар кездесті? – Деломызды бір айдан кейін қозғады. Бригадиріміз – украин әйелі Анна Петровна жақсы мінездеме беріп, мені қорғап, жұмыста әрең алып қалды. Бірақ бес жылға дейін ешбір жоғары оқу орнына құжат тапсыра алмайтыным өзгермеді. Ал құрбымды жұмыстан шығарып жіберді және Алматыдан мүлдем кетуін талап етті. Сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев та осы күйді кешті. Ол әскери борышын Ауғанстанда өтеген. Сол себепті үш айдан кейін кезегі келіп, үкіметтен арнайы үй алу керек болатын. Өкінішке қарай қолға түсіп, оларды Борандайдағы шұңқырға апарып, үстеріндегі киімдерін шешіп ап, лақтырып кеткен. Сол сәтте барлық құжаты киімінің ішінде қалған. Дегенмен екеуі Алматыдан кеткісі келмей, бір орыстың жертөлесін жалға алып тұрды. Екеуін де еш жер жұмысқа алмайды, достарымыз көмектесіп жүрді. Кейіннен Қадырдың әкесі ауылына шақырып, бастарын қосты. БҰЛ СУРЕТ БАСТАПҚЫДА МАҚТАНЫШЫМ БОП, ҚУАНЫП ЕМ. АЛ ҚАЗІР ОЛАЙ ЕМЕС – Қазір бақытты отбасы шығар? – Иә, төрт бала-шағасы бар. Желтоқсан оқиғасынан кейін бастарына түскен қиындықты көтеріп, отбасы боп кеткен тағы бір жұпты білем. Бақыт деген таныс апайымның күйеу баласы Ерік Жұмажанов жеті жылға сотталып, Ресейдің түрмесіне жіберіліпті. Сол сәтте жаңадан бас қосқан жұбайы Жанар Жүнісова медбикелік жұмысын тастап, Ресейге барып, заводқа қара жұмысқа орналасады. Содан жолдасы түрмеден шыққанша, Ресей елінде болады. Бүгінде олар да үш баласы бар бақытты отбасы. – Тарихи сурет жайында айта кетсеңіз. Бұл суретті қашан білдіңіз? – Осыдан төрт жыл бұрын құрбымды қатты сағынып, әрең нөмірін тауып, хабарластым. Сол кезде Гүлшат: «Анар, сенің суретіңді көрдім. Дәл сол клеткалы пальто мен шаш үлгіңнен таныдым. Ол сәтте сені солай ұстағаны әлі көз алдымда, қалай ұмытайын?! Телефон будкасының ішінде тығылып отырсам, екі жағыңнан екі милиция әкетіп барады. Саған қарай ұмтыла жүгіргенімде, орыстың әскери адамдары мені ұстап алды» – деді. Бұл әңгімені ең алғаш сіңліме айттым. Ол фейсбук әлеуметтік желісіне кіретін еді. Сол желіде Раушан Қалмомынұлы деген кісі «мына суреттің иесі кім екен?» деп, пост салыпты. Мұны оқыған сіңлім «менің әпкем» десе, көбісі «неге тіркелмейді?!» дегендей пікірлер қалдырыпты. Бірақ мен бұл ұсынысқа мән бермедім. – Тіркеу жағын сол күйі елеусіз қалдырдыңыз ба? – Былтыр жазда фейсбук әлеуметтік парақшамды аштым. Желіде Нұрғани (ФБ желісіндегі аты – Белгісіз Танымайсың) деген апай осы суретті сап, «мына суреттегі қыз тірі ме екен?» деп пост жазыпты. Жазба астында неше түрлі пікірлер жазылуда. Содан «бұл – менмін» дедім де, сұрақтың астында қалдым. Гүльбахрам Жүніс деген апай «Бұл – Сұлухан Назарова. Ол пальто мен шаш үлгісі арқылы суреттің иесі екенін дәлелдеп қойған» – деді. «Ол қыз қайда? Бір көрейінші» – дедім. Өзге бір кісі жекеме шығып, «жарайды, Анар, сен қатысқан шығарсың. Бірақ суреттегі сен емессің. Ол қыз қайтыс боп кеткен» – деді. Әлгіні оқып, өзімді кінәлі сезініп қалдым. Сосын Нұрғани апай Сұлуханның суретін жіберді. Бірақ оның шаш үлгісі ондай емес, ұзын. Түрі де маған ұқсамайды. Кейіннен белгілі журналист Ермұрат Бапи «бұл – сенсің! Таласқан адам менің алдыма келсін! Сен екенің анық көрініп тұр ғой» деп, нүкте қойды. – Осындай таластардан кейін тарихи кадрға ілінгеніңізге өкініп қалмадыңыз ба?.. – Бастапқыда өзімнің мақтанышым сияқты боп, қатты қуанып ем. Ал қазір олай емес… АУЫЛДА АЛАҢҒА БАРҒАНЫН МАҚТАНЫШ КӨРМЕЙ, ҮНДЕМЕЙ, ЕЛЕУСІЗ ЖҮРГЕНДЕР ӨТЕ КӨП – Енді отбасыңызға қарай ойыссақ. Әр адамның болмысы үйіндегі тәрбие арқылы қалыптасады. Сіздей көркем мінезді жанды өсірген ата-анаңыз жайлы айта кетсеңіз… – Ата-анам өте қатал болды. Алты ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Солардың ішінде жоғары оқу орнын мен ғана оқымай қалдым. Әкеміз «бәрімізді ажырамай жүрсін» деп, есіміміздің соңын бір-біріне байланыстырып қойған. Атап айтсам, Жігер, Ерлан, Анар, Жанар, Арай, Айдын, Олжас («Азия» кітабы шыққан кезде өмірге келген), Шалқар (Айдынға ұқсас) және Мүслім (әкем өз досының есімін қойды). Бүгінде ортасында бізбен ұйқасы жоқ інім (Олжас) арамызда жоқ… Əкем Төлеген Рахымжанұлы – ақын, жазушылар одағының мүшесі. Үш кітабы шықты. Ол кісі Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Қалихан Ысқақов және Дидахмет Әшімханмен араласты. Алматыға келгенде, Ұлықбек Есдәулетті іздейтін еді. Жетпіс жасқа жеткенше ауылда директор болған әкем Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетін бітірген. Дипломының жетекшісі – Зейнолла Қабдолов болыпты. Ал Мұхтар Әуезовтің музейінде «М. Әуезовтің үздік шәкірті» деген әкемнің дипломы тұр екен. Айтпақшы, Оралхан Бөкей қайтыс болған кезінде омырау қалтасынан әкемнің төрт қатар өлеңі шығыпты: Махаббат өлеңге сыймайды, Ақындар жанын тек қинайды. Жарының көңілін қалдырмай, Ақ пейіл ниетін сыйлайды. – «Отбасында мен ғана жоғары оқу орнын бітірмедім» деп қалдыңыз ғой. Қандай мамандыққа түскіңіз кеп еді? – Қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнін жақсы көруші ем. Мұғалім болғым келді. – Ұстаз бола алмадыңыз. …Сол оқиғадан соң, құрылыстағы жұмысыңызды қай жылға дейін істедіңіз? – Жолдасым Марат екеуміз 1988 жылы отбасын құрдық. Содан бір жылдан соң, қызымыз өмірге келді. Декреттік демалысқа шығып, сосын 1992 жылы ұлым дүниеге келіп, бұл демалыс 1995 жылға дейін жалғасты. Ол жұмысты дәл осы жерден тоқтаттым да, саудаға шықтым. Екі жыл шамасы Абай даңғылы мен Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойында мәнті, бәліш пісіріп саттым. Балалар аздап ес біле бастаған соң, қайта құрылысқа (сылақшы) шықтым. Бұрынғы жерге емес, арнайы тапсырыс қабылдап істедім. Ал бүгінде Байтұрсынов пен Қарасай батырдың қиылысындағы базарда бутикте киім сатамын. Бұл жұмыспен тоғыз жылдан бері айналысып келе жатырмын. – Өмірлік ұстанымыңыз… – Шынайылық ұнайды. Қарапайымдылықты құп көрем. Мақтанғым келмейді. Бүгін мақтанып, ертең күлкіге қап кетуден қорқам. – Жолдасыңыз бен ұл-қызыңыз жайлы бір ауыз сөз айта кетсеңіз… – Жолдасымның ата-анасы да өмірге тоғыз перзент әкелген. Сондықтан өте бауырмашыл кісі. Ал қызым Роза тұрмыста. Ұлым Айдарды үйлендіргенімізге енді бір жыл болды. Балаларымның екеуі де жоғары оқу орнын оқыды. – Басылым бетіне алғаш рет сұхбат беріп отыр екенсіз. Неге ел алдына шыққыңыз келмейді? – Алаңға барғанын парызым деп біліп, мақтаныш көрмей, үндемей, елеусіз жүргендер өте көп. Солардың қатарында қала бергім келеді. – Қазақ елінің келешегін қалай елестетесіз? – Жаңа буын алмасқан сәтте билікке қазақ жұртына жаны ашитын ұлтшыл азаматтар келсе, келешегі кемел болатынына сенімдімін! – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Әділхан АБАЙҰЛЫ http://kyzmet-gazeti.kz |
Басты бет » Жаңалықтар » Анар РАХЫМЖАНОВА, Желтоқсан оқиғасына қатысушы: «ӨН-БОЙЫМНАН ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЫ КЕТКЕН ЖОҚ»