Басты бет » Жаңалықтар » Президент: Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды

Президент: Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы отансүйгіштік, ұлт мүддесін қорғау, мемлекеттік рәміздерді орынды қолдану жайын да айтты.

Фото: t.me/aqorda_resmi

«Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен астасқан көк Туын бүкіл әлем біледі. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары тамаша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың беделі. Біз туған жерге жанашырлығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауымыз қажет», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысуды жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық көрінісі екенін айтты. Әрі «Таза Қазақстан» акциясы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз», – деді ол.

Президент Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті терең түсіну екенін де айтты.

«Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жинауға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішінде зауыттарда, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау ұйымдарында, мектептерде, университеттер мен ғылыми зертханаларда, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі табанды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін азаматтарымыздың Отанға адалдығын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге болады», – деді Қ.Тоқаев.