Olimpic Arena Badalona сахнасына Жанель ұлттық киіммен келіп, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Димаш оны байқап, сөйлесіп, оның вокалист екенін білген соң, сахнаға шығуға шақырған. Көпшіліктің алдында жылы лебізін білдірген Димаш жас орындаушыға қолдау көрсетіп, оның орындауындағы «Ұмытылмас күн» әнінің үзіндісін сүйсіне тыңдап, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
DimashNews редакциясына берген сұхбатында Жанель өзі туралы айтып берді:
«Менің атым — Жанель Али, жасым 15-те. Туған жерім — Қазақстан, Астана қаласы. Балалық шағымнан бері ән айтуға әуеспін, сондықтан Қазақ ұлттық өнер академиясына эстрадалық вокал мамандығына түстім.
2022 жылы отбасымызбен жұмыс бабымен Испанияға, шуақты Аликанте қаласына көшіп келдік.
Сол жылы мен «Голос дети Испания» жобасына қатысып, Кристина Агилераның Hurt әнін орындап, 12 жасымда финалға шықтым.
Қазір Испания консерваториясында опера әншісі мамандығы бойынша білім алып жүрмін.
Димаштың концертіне және pre-party кешіне арнайы дайындалып, ұлттық костюмімді Қазақстанда тіктірттім. Себебі мен — қазақпын, және қазақ болғаныма мақтанамын. Біздің ұлттық киіміміз испандықтар мен шетелдіктерді әрдайым таңғалдырады. Олар біздің мәдениетке қызығушылықпен қарайды.
Мен кішкентайымнан Димашпен бір сахнада ән айтуды армандадым. Бүгін сол арманым орындалды.
Әрине, Димаш мені сахнаға шақырғанда қуаныштан толқып, көзіме жас келді, айтқым келген сөздерімді ұмытып та қалдым. Ал шын мәнінде, мен бүкіл әлемге халқымызды мақтан ететінімді және Димаш арқылы Қазақстан мәдениеті жаһанға танылып жатқанын айтқым келді.
Оны сөзбен жеткізу қиын — бұл сәтті миллиондаған жанкүйер армандайды ғой. Димаш ағаға тек шексіз ризашылығымды білдіремін. Әлі күнге дейін бір сахнада ән айтқаныма сене алмай тұрмын.
Испанияға арнайы келіп, керемет концерт сыйлағаны үшін Димашқа және оның командасына үлкен алғыс айтамын!»
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

