Басты бет » Жаңалықтар » «Ақберен» өнер байқауы өтті

«Ақберен» өнер байқауы өтті

Ақмола облысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттардың басын қосқан XII республикалық «Ақберен» өнер байқауы өз мәресіне жетті.


«Ақберен» – жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты, отансүйгіш сезімді және сөз өнері мен дәстүрлі мәдениетке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған дәстүрлі жоба.
Биылғы дода үш кезең бойынша ұйымдастырылды: аудандық, аймақтық және республикалық. Аудандық кезеңге 10 484 оқушы қатысып, іріктеу нәтижесінде республикалық кезеңге 128 өнерпаз жолдама алды.

Байқау шешендік және білгірлік сайысы, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта өнер көрсету, ақындар айтысы бағыттары бойынша өтті. Үш күнге созылған сайысқа еліміздің белгілі ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері төрелік етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқау нәтижесі бойынша І орынға – 12 қатысушы, ІІ орынға – 18, ІІІ орынға – 29 қатысушы ие болды. Сонымен қатар 18 қатысушы арнайы грамоталармен марапатталды.

Командалық есеп нәтижесінде үшінші орын және «Ақберен–2025» кубогы Түркістан облысы мен Алматы қаласының командаларына табысталды. Екінші орын мен «Ақберен–2025» кубогы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының командасына берілді. Ал байқаудың үздік командасы атанып, бірінші орын мен бас жүлдені Жамбыл облысының командасы жеңіп алды.