Басты бет » Жаңалықтар » Кристина ЛИПНАУ: Жылқы – ерекше қасиетке ие төрт түліктің төресі

Кристина ЛИПНАУ: Жылқы – ерекше қасиетке ие төрт түліктің төресі

Тіл – ұлттың жаны, елдіктің айнасы. Қазақстанда тұрып жатқан әрбір ұлт пен ұлыстың тілі мен мәдениеті – біздің ортақ байлығымыз, достық пен бірліктің кепілі. Тілге құрмет – елге деген құрметтің белгісі. Осы орайда біз мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін үнемі насихаттап, көпке үлгі етіп келеміз.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Орал қаласының Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Кристина Липнау.

Қазақ тілін жетік меңгерген Кристина алдымен туған жері туралы әңгімеледі.

– Мен табиғаты әдемі, жасыл қала Орал қаласында 2002 жылы 9 сәуірде дүниеге келіппін. Мен басқа елдерде де болдым. Түркия, Ресей жерлеріне табан тигіздім. Әр жердің өзіне тән ғажап табиғаты болары сөзсіз. Бірақ менің Қазақстандай Отаныма жетер жер жоқ екеніне көз жеткіздім. Туған жерің бәрібір бәрінен ыстық болады екен. Менің айналамадғы адамдар мейірімді, қонақжай, жанашыр, әрқашан көмекке келуге дайын. Мен осындай елде туып, өмір сүріп жатқанымды мақтаныш тұтамын, – дейді Кристина.

Атасы Ресейдің Краснояр өлкесі Березев ауданы Белозерка аулында дүниеге келген. «Тың игеру басталып, Қазақстанға қоныс аударғанда атам 1 жаста болған», – дейді Кристина. Ал әкесі болса, бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, еңбек етіп жүр. Кішкентайынан ат жалын тартып мінген Кристинаның бұл қайсар қабілетін атбегі әкесі шыңдаған екен. Анасы – ауылдағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

– Мен қазақ халқының атбегілік өнерінің сырына көп үңілемін. Жылқы жануары ерекше қасиетке ие төрт түліктің төресі ғой. Әкем сәйгүлікті ерекше қастерлейді. Атқа мінудің денсаулыққа пайдасы зор болса, екіншіден рухани жаңғыру дер едім, – дейді Кристина.

Отбасында қазақша сөйлесетінін тілге тиек еткен бойжеткен мемлекеттік тілге деген құрметті әркім өзінен, өз отбасынан бастағаны жөн дегенді айтады. Мемлекеттік тілді білу – Отанға деген құрмет пен зор сүйіспеншіліктің белгісі екенін Кристина жақсы біледі.

«Өзімнен кейін екі інім бар. Олар да қазақ тілін өте жақсы меңгерген, отбасымызда тілге деген құрмет бар, екі тілде де еркін сөйлесеміз. Қазақстанда тұратын 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдерін бір-біріне деген құрмет, отбасылық құндылықтар, бейбітшілік пен татулық біріктіріп тұр деп ойлаймын. Ел болашағы үшін осы ауызбіршілікті жоғалтпағанымыз абзал. Елдің болашақ тағдыры жастарда екенін ескерсек, бізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Болашақ үшін біз болашақта балаларымызға да қазақ тілін үйретіп, тарих мен мәдениетті таныта білгеніміз абзал. Маған неміс әдебиетінің классигі Гетенің «Сіз қанша тіл білсеңіз, сонша адамсыз» деген сөзі ұнайды. Қазір бірнеше тіл білетін білімді жастардың қатары күн сайын артып жатқанына сенімдімін. Кез келген тіл – сол ұлттың бай ішкі әлемінің, мәдениеті мен халық дәстүрлерінің көрінісі. Сіз басқа тілді меңгерген кезде білім әлемі беймәлім бір тереңдікті ашқандай болады.
Менің ұлтым – неміс. Бірақ мен «мемлекеттік тіл – менің тілім» деп нық сеніммен айта аламын. Себебі мен қазақ тілін меңгеруімнің арқасында өмір жолымда үлкен жетістікке жеттім», – дейді ол.

Қазір полиция сапында қызмет етіп жүрген Кристина қазақ тілін білуі қызметінде де үлкен артықшылық болғанын айтады.

«Мемлекеттік қызметке, нақты айтқанда, полиция қатарына жұмысқа орналасу маған қиын болған жоқ. Қазақ тілін еркін меңгеруім – мен үшін үлкен артықшылық болды. Соның арқасында офицер шенін алып, халықпен еркін сөйлесіп, сапалы қызмет көрсете алатын деңгейге жеттім.
Қазақ тілін білу – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – елімізге, халқымызға деген құрмет. Мен үшін мемлекеттік тіл – өз еліммен үндесу, азаматтық борышымды абыроймен өтеу жолындағы басты құрал.
Күні кеше Тіл мерекесі өтті. Мұндай атаулы күндер халқымыздың тілге деген құрметін арттырып, жас ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолында ерекше маңызға ие. Баршаңызға ырыс пен береке, татулық пен толағай табыс тілеймін! Тіліміз жасай берсін, достығымыз мәңгілік болсын! – деген құттықтаумен аяқтады өз сөзін Кристина.

Гүлжиян Қарағойшиева,
Орал қ. ПБ қызметкері