Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп әлем чемпионатын қорытындылап, чемпионат барысында спортшыларға зор қолдау көрсеткен даңқты боксшы Геннадий Головкинге алғысын жеткізді.
«Ливерпульде бокстан ерлер және әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл біріншілік WORLD BOXING ұйымының ересектер арасындағы тұңғыш чемпионаты ретінде тарих беттеріне жазылды.
Жарысқа қатысқан 68 ел үшін де бұл аса маңызды біріншілік болғаны сөзсіз. Осы орайда еліміздің мақтанышы Геннадий Головкин дүниежүзілік деңгейде бокстың дамуына үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Геннадий Головкин алдағы уақытта да осы саладағы реформалар мен жағымды өзгерістерге себепкер боларына сенеміз.
Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің президенті Қазақстан құрамасының тарихи жетістігіне де қосқан үлесі зор. Ол әр жекпе жектен кейін боксшыларымыздың нәтижесіне қарамастан, оларға демеу болып отырды. Қажетті сөзін тауып, шаршы алаңда да, өмірде де керек болар ағалық кеңестерін аямады.
Әлбетте, бүкіл әлем көз тіккен спорт жұлдызының әр сөзі біздің командаға ерекше әсер еткені сөзсіз. Былғары қолғап шеберлері одан әрі жігерленіп, жеңіске деген ынтасы артты. “Әр жекпе жек — өзіңе сабақ. Асықпай ойлан да, алға баса бер!” – деді ол бір сөзінде.
Біз үшін әлемдік спорт тарихында және қазіргі Отандық спортта елеулі тұлғаның Олимпиадалық бокстың даму жолында қызмет етіп жатқаны – зор мәртебе. Осы тұста Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы және Қазақстан бокс федерациясының атынан Геннадий Головкинге зор алғыс білдіреміз!» – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.