Басты бет » Әдеби әлем » МЫҢ  АРМАН…

МЫҢ  АРМАН…

 

кус

 

Ақтабан жылдар

Өтті де кетті таптаған,

Тақпақ-ән қазір

Азды-кем біреу жаттаған.

Мың арман өтті

Аттай да алмай ақ ардан,

Еске алу қиын

Жас тамбай тамшы жанардан.

Сол арман бізді

Жеткізді бүгін ақ таңға,

Біз үшін түсті қаңсыламай-ақ қақпанға.

Атылмас бұрын,

асылмас бұрын өлді олар

Өз иті өзін

Ту сыртынан кеп сатқанда.

Сол арман кеше

Жазықсыз жала жамылған,

Ояну үшін

Ұйқыдан қалың қара орман.

Құламау үшін Алаштың туы мәңгіге

Үздігіп өлді мың арман.

Сол арман кеше

«Қызыл жебе» боп атылған,

Сол арман кеше

Қуғынға түскен, шатылған.

Сол арман менің

Сүт бетіндегі қаймағым,

Алла деп соққан

Жүректілерім, нар тұлғам.

Масайып алып

Айрылып қалма қарқыннан,

Ізіңді қуып

Келеді ұрпақ артыңнан.

Ұмытпа сен де

Күн туа қалса басына

Арқалап өткін

Алаштың жүгін артылған.

 

ҚОРАМСАҚ

Ей, Махамбет, арысым,

Қазақтың ғана бағысың.

Сендегі өр мінез, тектілік

Кейінгіге дарысын.

Тіліңде, дінің, діліңде

Үлгі аларлық әр ісің,

Толқындай асау ағысың,

Атойлап шапқан шабысың,

Басты ойлап бір сәт бұғуға

Жібермейтін намысың

Тәуелсіз боп еніп төріме,

Төрткүл дүние таңғалып,

Көп ішінен топ жарып,

Көкке қарап ұлыған

Көкбөрінің қанысың.

Содан ба маған тым ыстық

Қарлы боран өпкен жер,

Қара терің төккен жер,

Ат тұяғын тайғызбай

Киіз төсеп өткен жер

Жағасында Жайықтың

Емін-еркін керілем.

Гүл нәзік бір тура өзіңнің

Қамшыңдай боп өрілем.

Ізің қалған топырақта

Толғатып кеп жырың болып төгілем.

Тегіне тартпай ұл тумас,

Тегіннен-тегін жол қумас.

Соңғы рет тұяқ серпіген

Сексен алтының суығы

Көрінген итке талатып,

Көк мұзға қанын жалатып

Дәлелдеп кеткен бір топ жас.

Айтаққа ерген қызыл ит

Жүрегі жоқ жендеттен

Арыңды таптап аяққа,

Малыңды жейтін болмаса,

Қамыңды жейтін ұл тумас.

Саясат та үнсіз кеміріп,

Жемқорлық жүрсе семіріп,

Жау жоқ деп қалай айта алам?..

Шыға алмай құлдық санадан,

Сандалып жүрген сан адам

Айналам…

Сатқыннан өткен сорлы жоқ,

Қай заманды да қақсатып,

Шаңырағын шайқаған.

Қапыда достан айрылып,

Қанатым бір сәт қайрылып,

Қызғыш құсқа мұң шағар

Күн тумаса екен  қайтадан.

Бір Аллаға сиынып,

Темір сауыт киініп,

Қорамсаққа қол салдырған,

Қозы жаурын оқ алдырған

Қан мен тер босқа кеткен жоқ.

Ақ көңіл, аңқау, кең пейіл

Елімді қорғай алмасам,

Атырау, Алтай арасы

Жерімді қорғай алмасам,

Өз обалым өзіме

Ерлерім саған өкпем жоқ.

Еңсеңді көтер Қара Нар,

Еңсеңді көтер Алашым,

Есесі кетпес ешкімнің

Есеп берер күн келгенде,

Бассыз денеге жан бітіп,

Қарны жуан билер қан жұтып,

Ақыңды әлі-ақ аларсың,

Ақыңды әлі-ақ аларсың…

 

МЫҢ ТАМҒАН МҰҢ

 

Сең сөгілді,

Тоң жібіді – 91
Көк туыма кеуде тіреп аспан тұр.

Көк теңізім көкке қарай бұлқынды,
Мен қалайша ұмытайын бұл күнді?!.

Мың тамған мұң
Бұрқанған күн желтоқсан,
Сұлтан емес ұлтан сайрап үн қосқан.
Қайран жасыл
Қызыл қанға боялған,
Намыс, намыс
Буырқанып оянған…

Асылға түсті,
Жасылға түсті жасын күн,

Жазығы сонда –
бостандығы екен басымның!

Суығы сондай

сызаты қалды жүректе,

Айырып өтіп, арасын дос пен қасымның…

Тар жолдан өтті,

Тайғақ та кешті қазағым,

Қуғын да сүргін
аштықтың тартты азабын.

Ақталды-ау бүгін атылып кеткен арыстар

Ести де алмай азаттық елдің азанын.

Сең сөгілді,

Тоң жібіді 91.

Көк туыма кеуде тіреп аспан тұр.

Көк теңізім

Көкке қарай бұлқынды,

Мен қалайша ұмытайын бұл күнді?!

Тәубе, тәубе!

Гүлмира Сүйекенова,

Атырау қаласы

Сурет ғаламтордан алынды

Пікір жазу