Қазақтың көкпары 2026 жылғы Көшпенділер ойындары бағдарламасына енген жоқ. Бұл жөнінде Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомынов мәлімдеді, деп хабарлайды Спорт министрі телеграм арнасы.
Фото: ашық ақпарат көздерінен алынды
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Айбек Әбдімомыновтың айтуынша, алдағы додада тек көкбөрі турнирі өтеді. Бұл жарыс клубтық жүйе форматында ұйымдастырылмақ.
«Біз көкбөрі федерациясымен бірнеше рет бас қосып, жарыстың ережелерін жан-жақты талқыладық. Әсіресе, спортшылардың қауіпсіздігі мен қорғаныс құралдарының сапасына баса мән бердік. Қазір жаңа ереже толық дайын, жақын күндері ресми түрде таныстырамыз», – деді Айбек Әбдімомынов.
Еске салайық, былтыр Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасында көкпар мен көкбөрі жарысы қатар өткен. Көкпар сайысында Қазақстан құрамасы топ жарса, көкбөріде Қырғызстан командасы жеңімпаз атанды, деп жазды Спорт журналисі Аслан Қаженов.
Осы жағдайға орай Аслан Қаженов пікір білдіріп, байкот жариялауды ұсынып отыр.
«Байкот жариялау керек!
Қазақтың көкпары Көшпенділер ойындарынан алынып тасталды. Яғни 2026 жылғы жарыс бағдарламасында жоқ. Бұндай шешімді қырғыз тарапы шығарып отыр. Көкпар жоқ жерде, қазақ та жоқ. Сондықтан алдағы жылы көрші елде өтетін ойындарға мүлде бармауды ұсынамын.
Біреудің көңіліне қарап, шапқылай беретін шама жоқ. Ұлттық спортымыз – ұлттық рухымыз. Егер оны керек қылмаса, онда бізге ондай ойынның да керек жоқ. Одан да өзіміздің ішкі чемпионаттар бар, халықаралық турнирлер бар, әлемдік жарыстар бар, соны өткізе берейік. Өзіміз насихаттап, өзіміз көтермелейік. Бәрін шешетін өзіміз ғой.
Ең бастысы – жігіттерді табаламасақ болғаны. Олар кез келген жарыс алаңына шығып, барын да, жанын да салуға дайын. Бірақ дәл осы жағдайда қажет пе?! Қазақстанда өткен Көшпенділер ойындарында көкпар да болды, көкбөрі де болды. Ал Қырғызстанда өтетін жарыста көкбөрі ғана болады. Жарайды. Ендеше өздерімен өздері ойнай берсін…», – дейді журналист.