Басты бет » Жаңалықтар » Табиғатты аялау – болашақты қорғау

Табиғатты аялау – болашақты қорғау

Жыл сайын 5 маусымда әлем елдері Дүниежүзілік қоршаған орта күнін атап өтеді. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының 1972 жылғы бастамасымен белгіленген ерекше дата. Мақсаты – жер бетіндегі экологиялық мәселелерге назар аудару және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру.  Экология – енді бір ғана ғалымдар мен мамандардың емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне айналған мәселе. Бұл – әсіресе ірі қалаларда тұратын халық үшін өзекті.

Сурет: автордан

Астана экологиясы: дамыған шаһар, күрделі түйткілдер

Астана – елдің жүрегі, қарқынды дамып келе жатқан саяси әрі мәдени орталық. Бірақ мегаполистің тез өсуі, көлік қозғалысының артуы, өнеркәсіп пен тұрғын үй санының көбеюі табиғатқа айтарлықтай әсер етуде. Эколог мамандардың айтуынша, қалада ең өзекті мәселе – ауа сапасының нашарлауы. Қыста көмірмен жылытылатын үйлер мен өндірістік орындардың түтіні жағдайды ушықтыра түседі. Жазда болса, көлік қозғалысынан шығатын газдар негізгі ластаушы фактор болып табылады.

Қарапайым тұрғындар не дейді?

Астана тұрғындарының экология туралы өз пікірлері бар. Қаладағы жағдайды күнделікті өмірде сезінетін халық – бұл тақырыптың негізгі куәгерлері.

Арай, 27 жаста, кеңсе қызметкері:

– Қыста Астанада ауа сапасы қатты нашарлайды. Жаяу жүргенде тұншығып қалатын сияқтымын. Қаланың дамып жатқаны жақсы ғой, бірақ экологияға да көңіл бөлінуі керек.

 Сәбит, 56 жаста, құрылысшы:

– Біз қыста көмір жағамыз, газ жоқ. Экологияны ойлау үшін алдымен қарапайым халықтың жағдайын жасау керек. Біз де таза ауада өмір сүргіміз келеді.

Айкерім, 21 жаста, студент:

– Университетке бара жатқанда жол бойында көп қоқыс көремін. Арнайы жәшіктер бар, бірақ бәрібір айнала лас. Экология тек мемлекеттің емес, әр адамның жауапкершілігі деп ойлаймын.

Еркін, 43 жаста, такси жүргізуші

– Машиналар көп, әсіресе ескі көліктер. Жолдарда кептеліс кезінде түтіннен демалу мүмкін емес. Жаңа экологиялық талаптар болса жақсы болар еді, бірақ оларды халықтың қалтасы көтере ме?

Баян апай, 63 жаста, зейнеткер:

Баяғыда мұндай лас ауа болмаған. Қазір жаяу серуендеуге шықсаң да, мұрның ашиды. Ағаш отырғызу аз, қоқыс тастау көп. Балаларым мен немерелерім үшін алаңдаймын..”

Шешім қандай?

Қала әкімдігі мен Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынған. Мысалы, «Жасыл белдеу» жобасы аясында қала маңына ағаш отырғызу жалғасуда. Қоқысты қайта өңдеу зауыттары, экологиялық тәрбие беру бағдарламалары, жасыл энергетикаға көшу секілді бастамалар бар. Бірақ бұл – біржақты әрекет емес, қоғамдық қолдауды қажет ететін ұзақ процесс. Экологияны жақсартуға тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың да қатысуы маңызды. Күнделікті өміріміздегі кішкентай өзгерістер үлкен нәтижеге жетелей алады.

5 маусым – табиғатты қорғау жолында бірігудің күні. Бұл дата – экологияны ойлап, әрекет етуді бастаудың символына айналуы тиіс. Астанадағы жағдай – еліміздің барлық қалалары мен елді мекендеріндегі экологиялық ахуалдың көрсеткіші іспеттес. Сондықтан табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет.

«Табиғат бізге мұқтаж емес, біз табиғатқа мұқтажбыз». Бұл тек ұран емес бүгінгі күннің шындығы.

 Аружан ҚАДЫРОВА,

Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті

Астана қаласы