Балақайлардың күлкісі – тыныш өмірдің айғағы, ал армандары – ертеңгі күннің жоспары. Жыл сайын 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күні ретінде әлемнің көптеген елінде аталып өтеді. Бұл күн – балаларға тек ойын мен қуаныш емес, олардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту туралы ойланатын маңызды күн. Әр ел бұл мерекені ерекше етіп ұйымдастырады. Ендеше бірге саяхаттап көрейік, балалар мерекесі әлемде қалай тойланады екен?
Қазақстанда бұл күн – нағыз шаттыққа толы мереке. Қалалар мен ауылдарда алаңдар түрлі-түсті шарлармен безендіріліп, сахналарда балалар ән айтып, би билейді.Ата-аналар балаларын циркке, киноға немесе саябаққа апарады.
Балалар үйлерінде тұратындар мен көпбалалы отбасыларға арнап арнайы сыйлықтар мен мерекелік концерттер ұйымдастырылады.Түрлі фестивальдер, сурет байқаулары, спорттық жарыстар өтеді.
Ал Қытайда Балаларды қорғау күні – ең сүйікті әрі көптен күткен мерекелердің бірі. Себебі мектептер бұл күні мерекеге айналады: оқушылар арнайы костюмдер киіп, сахнаға шығады, түрлі шоу, ән-би бағдарламалары өтеді.Ата-аналар балаларын сыйлықпен қуантып, дәмді тағамдар дайындайды. Бір қызығы, кей компаниялар бұл күні ата-аналарға жұмысқа келмеуге рұқсат береді. Шын мәнінде, бұл – балалар үшін ғана емес, отбасылық жылулықты арттыратын күн.
Ресейде де бұл күн үлкен маңызға ие. Мәдени орталықтар мен театрларда балаларға арналған қойылымдар көрсетіліп, кітапханаларда ертегілер оқылады. Балалардың шығармашылығын дамытуға арналған фестивальдер мен көрмелер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар балалардың құқығы туралы маңызды форумдар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Бұл тек мереке ғана емес, балалардың жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеуге шақыратын күн.
Германияда балалар мерекесі жылына тіпті екі рет тойланады : 1 маусым мен 20 қыркүйекте.1 маусымда балабақшалар мен мектептерде кішкентай ғана мерекелер өтеді. Ал 20 қыркүйекте – «Балалар күні» ретінде ел көлемінде құқықтық акциялар, мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.
Үндістанда ресми Балалар күні 14 қарашада тойланса да, кей өңірлер 1 маусымды да ерекше атап өтеді. Мектептерде балаларға арналған интеллектуалды ойындар, ұлттық би мен ән сайыстары өтеді.
Басты мақсат – баланың дарынын ашу мен оның арманына сену.
Бұл күні «бала – білімге, махаббатқа, қамқорлыққа зәру» деген қағида кеңінен насихатталады.
Балаларды қорғау күні – тек мерекелік іс-шара емес. Бұл – қоғамның балаға деген қарым-қатынасын көрсететін айна. Әр ел өзінше атап өтсе де, барлығының жүрегінде бір тілек бар: «Бала бақытты болса – әлем де бақытты». Сондықтан тек 1 маусым емес, күн сайын балаларға қамқор болып, оларды қорғап, қолдау білдіру – әрқайсымыздың міндетіміз.
Аделя СПАРТАКҚЫЗЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті