Басты бет » Жаңалықтар » Қысқы Азия ойындары: Қазақстан шорт-трекшілері тарихи алтын медальді еншіледі

Қысқы Азия ойындары: Қазақстан шорт-трекшілері тарихи алтын медальді еншіледі

Харбинде өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында спортшыларымыз ел мерейін асқақтатып, тарихи сәт жасады. Қазақстан ерлер құрамасы шорт-тректен 5000 метрлік эстафетада топ жарып, қоржынға алғашқы алтынды салды, деп хабарлайды Jastar  janary.

Бұл жетістік ел үшін тарихи оқиға болып, біздің спортшыларымыздың қысқы спорт түрлеріндегі өсіп келе жатқан әлеуетін айқын көрсетті. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай спортшылары сияқты мықты қарсыластар бақталасқан бұл бәйгеде отандық шорт-трекшілер үшін жүлдені алу оңайға соқпады. Дегенмен Қазақстан спортшылары басты қарсыластарын артта қалдырып, мінсіз техника, жылдамдық және командалық бірлікті көрсетті.

Барлық маусым бойы мұқият дайындықтан өткен спортшылар тактикалық ұйымдастырудың жоғары деңгейін және шыдамдылықты танытып алтын медальды қанжығалады. Жеңістің артында жаттықтырушылар мен спортшылардың күнделікті қажырлы еңбегі жатыр. Құрама сапында Абзал Әжіғалиев, Айбек Нәсен, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Денис Никиша өнер көрсетті. Бұл жүлде Қазақстан шорт-трегі тарихындағы Азия ойындарының алғашқы алтын жүлдесі екенін айта кету керек.

Жеңісті сәттен кейін жеңімпаз құрама мүшесі Абзал Әжіғалиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстан халқын құттықтап, өз қуанышымен бөліскен еді. Сонымен қатар ол финалда Олимпиада және Әлем чемпиондарын оза шауып алған бұл медаль тарихи маңызға ие екенін айтып, болашақта сондай алып мемлекеттердің спортшылармен теңесе алатындарына сенімді екенін мәлімдеді. Бұдан әрі көпшілікті  қысқы ойын түрлеріне қызығушылық танытып, жанкүйер болуға шақырды.

Қысқы Азия ойындарында шорт-тректе жеңіс – қажырлы еңбек пен командалық рухтың кез келген қиындықты жеңе алатынының айқын дәлелі болды. Қазақстандық спортшылар қысқы спорт түрлерінде әлемнің үздіктерімен бәсекелесе алатынын дәлелдеді және олардың жетістігі кейінгі жас спортшыларға халықаралық аренада жаңа жеңістерге жетудегі маңызды қадам болып табылатынына сенеміз.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан шорт-трегі тарихына Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль. Бұған дейін тек күміс, қола жеңген болатын.

Сәния ИБРАЕВА

Фото: Туризм және спорт министрлігі сайтынан