Әр адам өзі таңдаған мамандығының шын жанашыры болғанда ғана оның биігін бағындыра алады. Өйткені мамандық – ол сенің өмірің, тағдырың. Осы мақсатта ашылған «Мен таңдаған мамандық» айдары түрлі сала өкілдерінің өз мамандығына, еңбек етіп жүрген қызметіне деген махаббаты мен сүйіспеншілігін насихаттауға, жастарға жол, үлгі-өнеге көрсетуге бағытталған.
«Мен таңдаған мамандық» айдарында біз кино және театр актрисасы, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі Гүлмира Жакилинамен сұхбаттасқан болатынбыз.
Актриса театр сахнасында сомдаған рөлдерінен бөлек, «Қазақ аруы», «Сиситай», «Класстастар», «Асыл арман», «Теңбіл доп», «Ұлы дала комедиясы», «Шырағым», «Махаббат бекеті», «Әкесінің баласы», «Екі жүз», «Өмір сабақтары» секілді көптеген кино-сериалдарға түскен.
– Алдымен туған жеріңізге, балалық шағыңызға бір саяхат жасап көрсек. Қайда туып-өстіңіз, қандай оқушы болдыңыз?
– Мен 1977 жылы Семей облысы Ақсуат ауданы Тарбағатай тауының етегіндегі Ойшілік деген ауылда дүниеге келдім. 1984 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1994 жылы Тоғас батыр атындағы орта мектепті бітірдім. Сөйтіп, арман қуып Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Мен – үлкен текті әулеттің қызымын, үйдің кенжесімін. Анам – ұлағатты ұстаз, әкем – қаржыгер. Ойшілік деген әдемі ауылдың суын ішіп, топырағын басып, ата-анамыздан тәлім-тәрбие алып өсіп-өндік. Бақытты балалық шағымда алдымызда өскен аға-апаларым оқу бітіріп қалаға кетіп кейіннен ауылға демалысқа үйге келген кездерінде қалада оқыған қалай екен, қандай қызықтары бар екен деп сұраушы едім. «Шіркін-ай, сол жақта не істейді екен, қалай оқиды екен, баратын жеріне адасып қалмай қалай барып келеді екен» деп ойланып отырушы едім.
Отбасымда еркелеп өстім. Кішкентай кезімде орындықтардың үстіне шығып алып өлең айтып, теледидардан көргенімізді қайталап әртүрлі қойылымдар көрсетуші едім. Біздің кезімізде теледидарда күнделікті мультфильм болмайтын, арнайы өз уақытымен көрсететін. Сол кездерде көп киноларды да ата-анамызбен бірге отырып көретін едік. Егер кино да бетін сүйіп, құшақтасып жататын сәттер болып қалса көзімізді жауып не болмаса орнымыздан тұрып кететінбіз. Тәрбиеміз солай болды. Ата-анамыздың берген тәрбиесінен ешқашан жаман болмадық. Ол кісілер бізге жастайымыздан үнемі «бір-біріңе бауырмал болыңдар, қолғабыс қылыңдар» деп айтып отыратын. Анамыздың ақ сүтімен, берген тәлім-тәрбиесімен «дұрыс жүр», «біздің әулеттің жақсы атын шығару керек», «жаман атты болмаңдар» деп үйретті. Жалғыз менің ата-анам ғана емес, әрбір баланың ата-анасы ненің дұрыс ненің бұрыс екендігін айтып отырады ғой. Баласы ата-анасының атын шығарып жатырса, ол әрине ата-ананың жеткен жетістігі деп білемін. Өйткені тура жолда жүріп, ата-анасын ұятқа қалдырмаса, біз баламызға дұрыс тәрбие берген екенбіз деп қуанады ғой.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, біз дұрыс тәрбие алуымыз үшін ата-анамыз бізбен көп сөйлесетін. Біздің кезімізде телефон жоқ болғаннан кейін бәрімізді отырғызып алып тәлім-тәрбиені насихаттап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер, біреуге көмектесіп жібер, айтқанын орындай салсаң жаман болып қалмайсың, үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы деп құлағымызға құйып отыратын.
Мектеп кезім жайлы айтатын болсам, мен белсенді оқушы, сынып старостасы болдым. Мектепте өтетін әрбір іс-шара менсіз өтпейтін. Бойдағы Алланың берген қабілеті шығар. Қандай да бір шара өтетін болса жанталасып, қыздар жиналысын жасап, ұйымдастырушы едік.
Мектебімізде әрбір апта түрлі пәндерге бөлінетін. Осы апта биология, келесі апта тарих, одан кейін математика деген секілді. Пән апталығының аяғында қорытынды концерт беретінбіз соның ұйымдастырушысы өзім болатынмын. Мектеп директоры Сәкен Көнекбаев деген кісі мені қатты құрметтейтін. Жатқан жері жайлы болсын, марқұм болып кетті. Бұрында ол кісі «егер осы Гүлмира сияқты қыз болса, бүкіл мектеп деген ең жоғарғы дәрежеде болушы еді» деп арқамнан қағып қоятын. Сол бір кішкене ғана жылы сөз адамға одан әрі мотивация береді екен. Қазір ойланып отырсам, сол кездердегі нағыз мотивация осы сөздер екен ғой. Содан кейін арқаны кеңге салып, мектепке, сабаққа достарыңа, жұмысқа деген белсенділігің одан әрі артып, кұштарланып, тағы былай істеуге болады, я болмаса тағы басқа іс-шара ұйымдастырсақ болады деп әртүрлі ойлар келе беретін. Олар мені мақтай берген сайын әрбір айтқан сөздері аффирмация секілді болатын. Әрбір мұғалім біздерге қолдау білдіріп, «Осы Гүлмирадан бірдеңе шығады» деген сайын мектептегі мұғалімдердің, ата-анамыздың бізге артып отырған үмітін ақтауға тырысып, Жакилиндер деген әулеттің фамилиясы жаман атты болмаса екен дейтінмін. Сөйтіп, мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Мектебімде, туып-өскен ауылымның адамдары да керемет өте ұйымшыл болды. Ауылымыз жап-жасыл, отырғызылған ағаштар көп болатын. Ауылымызда екі саябақ болатын, сол саябаққа сыныптастарымызбен барып кітап оқитын едік. «Мен мына кітапты оқыдым, сен не оқыдың» деп отырушы едік. Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» деген әңгімесін бәріміз таласып оқып, Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтарын» оқып, сол кезде кітапқа, өмірге, өнерге деген балалық махаббат болды. Мінекей, менің балалық шағым осылай өтті.
– «Өнер жолы – ауыр жол» дегенді естиміз. Бұл жолды таңдауыңызға не себеп болды? Балалық шақтан келе жатырған арманыңыз ба?
– Әрине, өнер жолы – ауыр жол. Қайсыбір мамандық болмасын өзіндік қиындықтары болады. Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп айтар едім. Ең алдымен, мамандық таңдаудан, содан кейін – жар таңдаудан. Адам баласы өзінің таңдаған мамандығын сүймесе, оған деген махаббаты болмаса өмірге деген талпынысы мен құштарлығы да болмайды. Себебі тек жұмысым бар, сол арқылы ақша тауып жүрмін ғой деп істей береді.
Менің өнерге деген махаббатым мектепте жүрген кезде басталды. Бізде үлкен клубтар болатын енді қазір қарасаң, солар кішігірім клуб секілді болып қалды ғой. Бірақ біздің кезімізде үлкен болып көрінетін, үнемі қойылымдар қойылатын. Біздің ауылға Семейден Абай театры келіп жаздың күндері қойылымдар қоятын. Қойылымның нақты атауы қазір есімде жоқ, ұмытып тұрмын. Бірақ көрсеткен қойылымның өзі есімде. Сол қойылымда сахнаның бергі жағында ойнап жатырған актерлерді емес, «сахнаның арғы жағында не болып жатыр екен деген, онда не істейді екен?..» деген ой болды. «Шынында да, сахнаның арғы жағында өмір бар ма? Бұлар шелек алып шығып жатыр, оны қайдан алып келіп жатыр, ана жағында үйлер бар ма? Сонда бұл кісілер қалай тұрады екен?» деп ойланып отыратын едім. Балалық менің фантазиямды, өнерге деген махаббатымды, қызығушылығымды одан әрі ашқан сахнаның артындағы болған жайт болды. Бала күніміздегі сол арман жетелеп оқуға түстім. Мектепте кезде әртүрлі қойылымдарға барып, қызығып, мектепте де кішігірім қойылымдар қойып жүріп, конкурстарға қатысып орын алып келетін едік. Көшеде келе жатырғанымда қойылымды көрген адамдар мені көріп қалып «Гүлмира, кеше сендер керемет ойнадыңдар», – деп айтқанында риясыз арқа-жарқа болып рахаттанып қаласың. Ауылда сені танып мақтап жатқанның өзі бір демеу болатын еді. Бұл бір балалық кездегі таза көңіл ма, я болмаса қуаныш па білмедім. Мінкей, актерлікке осылай келдім.
– Өнердегі ұстазыңыз кім?
– Өнердегі ұстаздарымдарым – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрғанат Жақыпбай және Ғазиза Әбінәбиева. Олар бізге көп нәрсені үйретті. Өнердегі әкем мен анам деп десем де өтірік айтпаймын, қатты құрметтеймін. Себебі сахнаның кейбір қыр-сырын ер мұғалім түсіндіре алмаған нәрсені Ғазиза апай үйретіп жүретін. Ол кісінің өзі ана, әйел, актриса ретінде қыз балаларға қатысты басқа кісілер айта бере алмайтын жағдайларды айтып түсіндіріп жүретін. Маған «Гүлмира былай жасайық иә, болмаса басқаша жасап жіберейік», – деп әрқашан ойын айтып жүретін. Ғазиза апай студенттердің барлығын бірдей жақсы көргенімен, маған бүйрегі бұрып тұратын. 1-курста оқып жүрген кезде мен толықтау болдым, ол кісінің өзі де толықтау ғой: «Гүлмира енді нан жемейік иә, соны бүгіннен бастайық», – деп айтатын. Екеуміз солай келісіп аламыз да курста балалар бәліш алып келсе, «апай ертең бастайық иә, бүгін жей салайық», – деп отыратынбыз. Ол кездер де зу етіп өте шықты. «Қарапайым болыңдар, адам ортаға өнерімен емес, мінезімен сыяды. Неғұрлым қарапайым болған сайын жасаған дүниелеріңдегі басты нәрсе қарапайымдылықтарың көзге түсіп тұратын болады» деп санамызға құйып айтып отыратын. Осылайша, ұстаздарымыз қарапайым болуды, сахнада емін-еркін жүруді, әріптеспен қалай жұмыс жасауды, оның саған айтқан сөзіне қалай жауап беруді және автоматты түрде ғана жауап беруді емес, ой жүйегінен өткізіп жауап беруді бойға сіңірді. Қаншама мықты мықты әртістерді шығарды. Сондықтан да мықты мұғалімдерден тәлім-тәрбие алған біз бақыттымыз деп ойлаймын.
– Шығатын қойылымдарыңызға қалай дайындаласыз?
– Әр сомдайтын рөлдің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары болады. Кейбір рөлдер оң жамбасқа келсе, кейбірі қиындығымен келеді. 1998-2015 жыл аралығында Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы музыкалық-драма театрында жұмыс істедім. Қазір Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында жұмыс істеймін. Театрдың үлкенімін. Театрдағы балалардың барлығы менің қойылымға дейін болсын немесе қойылымға шығар алдында болсын міндетті түрде ең бірінші сахнаға амандасып шығамын және сахнаға дәретсіз шықпаймын. Ең әуелі, амандасатынмын, сахнамызда қаншама терін төккен біздің мықты майталмандарымыз, актерлеріміз осы сахнаның төрінде қаншама рөлдер сомдаған. Менде мықтылар жүрген сахнаны бізде басып жүргендіктен сахнаға ерекше құрметпен қараймын. Мұндай керемет сахнада қаншама әртістеріміз әртүрлі образдарды жасап шығарған. Сәбира апамыз, Серке атамыз, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі ағамыз секілді көптеген кісілердің өнерін құрметтеуіміз керек деп, ол кісілерге деген сыйластығымды білдіріп, құрметім ретінде ең әуелі амандасып шығамын. Ал рөлдер жайлы айтатын болсам, рөлдерге деген дайындық әртүрлі болады. Мысалы, кейіпкерімді кинолардан, кітаптардан іздеймін және өзім ауылдың қызы болғандықтан көбіне көзкөрген аға-апайларымыз, жеңгелеріміз, тәтелеріміз, көрші-қолаңдарымыз бар солардың образдарын жасап шығаруға тырысамын. Енді дәлме-дәл шығармасақ та «ұқсап бақ» деген бір әдемі сөз бар ғой қолымыздан келгенше сомдап шығуға тырысамын. Енді бәрінің бағасын беретін – көрермендер. Қазір көрерменнің көзі ашық, көкірегі ояу.
Сахнаға шыққанда бірден көрерменді баурап алмасаң, ол да қиын. Әрбір образымды ыждағаттылықпен дайындап шығуға тырысамын. Үйге келіп материалдарды қараймын, шетелдің киносы мен қойылымдарын қарап шығамын. Режиссердің берген тапсырмасын барынша жақсы орындап шығуға тырысамын. Қасымдағы әріптестерімнің өзі маған «апай мына жерін былай жасайық немесе былай жасап жіберейік, иә» деген кезде «иә, сөйтсек сөйтейік» деймін. Олардың ойымен келісіп, кеңесмін.
– Кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы рөлдеріңіз жайында айтып өтсеңіз.
– 1998 жылы оқу бітіріп, кең байтақ Қазақстанымның Шахмет Құсайынов атындағы театрда ең алғаш сахнаға шығып, өнер жолымды бастадым. Ол кездегі ең бірінші сомдаған кейіпкерім – Баянғали Әлімжановтың «Қожанасыр» деген спектаклінен кішігірім рөл болды. Мен ол кезде 21 жастағы қызбын. Кәдімгі 4-5 баласы бар ұрысқақ әйелдің рөлін ойнау керек болды. Сол кейіпкерді ойнап шықтым. Қорқыныш, уайым болды. Спектакль біткеннен кейін Мұрабек Уайшев келіп арқамнан қағып «рақмет, Гүлмира жарайсың, үмітті ақтадың» деген бір ауыз сөзден төбем көкке жетіп тағы бір рөлдер алсам екен, тағы ойнасам екен дедім. Негізі, ол қойылымда менің сөзім көп емес еді, 5-6 ғана сөзден тұрды. Қолында бір ожауымен атып шығып: «Ей сендер мында тамақ ішуге келдіңдер ме» деген секілді сөз еді. Сахнадағы сомдаған алғашқы қойылымым болғандықтан бұл рөл маған өте ыстық болды.
Рөлдің үлкен кішісі болмайды, адам үлкен рөл ойнап кішкентай ғана рөл ойнағандай болып көрініп қалуы мүмкін, ал кішкентай ғана рөлді ойнап қойылымдағы басты рөл сенікі сияқты көрініп қалуы да мүмкін. Сондықтан да кіші рөл, үлкен рөл деген нәрсе болмау керек. Актер бәріне бірдей дайындалуы керек.
– Осы кезге дейін ойнаған рөлдеріңізге шолу жасап, өзіңізге қаншалықты жиі есеп бересіз?
– Аллаға шүкір, аз да, көп те емес бұйырған рөлді ойнап келе жатырмын. Әртүрлі жанрды ойнасам да, өзіме коммедия жақын. Драма, трагедия, мелодрама болса да актер болғаннан кейін берілген рөлді ойнап шығуың керек. Актер деген бес әріптен құралған сөз болғанымен, мән-мағынасы өте жоғары. Осындай атты алып жүрудің өзі – үлкен мәртебе. Сондықтан режиссерлердің берген рөлдерін ойнап, халықтың көңілінен шығуға тырысып, бір адамдай жұмыс жасап келе жатырмыз. Алла қаласа, алдымызда жасамаған қаншама рөлдеріміз бар. Ананы да, мынаны да ойнағың келеді. Бір әдемі сөз бар, «актер бала сияқты, егер оның бойынан балалық кетсе, онда ол актерліктен алыстағаны» деген. Сондықтан актер адамның бойында балалық ешқашан кетпеу керек. Балалық деген ол – тазалығы, сенгіштігі, көнгіштігі, еркелей білуі, талмай еңбек етуі шаршамауы, осы талаптарға сәйкес келеді деп ойлаймын.
Енді өз басым әрбір қойылым сайын шығарған образдарыма есеп беріп отырамын. Бірақ мен өзім түскен киноларды шыққан кезінде бірден көрмеймін. Өйткені өзімді сыртымнан көрген кезде «мына жерде былай істемеппін, туф бүйтпеппін, ана жерде неге былай істемедім?» деп өзіме қатты сынмен қараймын. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Тек киноның шыққанына біраз уақыт өткеннен кейін ойымды жинақтап алып, көремін де сосын қарап отырып келесі де «мынандай жерде былай айтпауым керек екен, былай жасау керек екен» деп түртіп жазып отырамын. Қойылымнан кейін үйге келген кезде де «бүйту керек еді, былай айту керек еді» деп жазып отырамын. Кино мен қойылымның ерекшелігі – киноға сен бір-ақ рет түсесің, сол сақталып қалады. Ал театрда мүмкіндік бар, «осы жолы былай жасай алмай қалдым ба келесіде мына жерін былай істеу керекпін» деп өзіңе есеп беріп, сол қателікті жөндеуге болады. Жалпы, тек актер ғана емес әрбір адам өз-өзіне есеп береді деп ойлаймын. «Бүгін мен не істедім, ана шаруамды ұмытып кетіппін істеуге» деп өзіне есеп беріп отырады. Жолдасым да өнер адамы болғандықтан, ол кісі де «мына жерін былай істегенде қалай, былай жасағаның дұрыс еді» деп өз ойын айтып отырады.
– Сіздің ойыңызша, қазір театрға не жетіспейді?
– Өз басым бір нәрсе жетіспейді деп айта алмаймын. Қазір 21-ғасырда Астана, Алматы қалаларында бүкіл жағдай жасалған ғой. Мүмкін кейбір жерлерде бір заттары жетіспей жататын шығар. Бірақ біздің театр, Аллаға шүкір, жылы, жылы орында отырмыз, киімдеріміз бар. Мықты мықты режиссерлер шақыртылып жатыр. Бүкіл жағдайымыз жасалған. Менің ойымша, театрда жүрген өнер адамдарына кішкене жетіспейтіні – жалақының аздығы шығар, мүмкін кішкене көтеру керек шығар деп ойлаймын.
Біздің кездерімізде инстаграм, фейсбук, тикток әлеуметтік желілері болмады. Облыс актерлері қатты көрінбей қалатын. Қазір қолыңдағы телефонды алып, елдің қай түкпірінде болсаң да, өзіңді танытқың келсе де, өз-өзіңе жеке жұмыс жасағың келсе де, өзіңе жеке театр ашып, сонымен жұмыс жасаймын десең де мүмкіндік жетіп жатыр. «Аллаға шүкіршілік еткен сайын арттырады» демекші, мен жұмыс жасап жатырған театрдың тұрған жері де, басшылықтың актерларға деген жанашырлығы, көмегі мен қамқорлығы орасан зор деп айтар едім. Спектакльден кейін үйімізге жеткізу тасымалына дейін қарастырып қойған.
– Көрермен сізді театр әрі кино актері ретінде таниды. Көпшілік білмейтін басқа қандай қырыңыз бар?
– Біз бойымыздағы өнерді сахна мен кинода көрсетуге тырысамыз. Білмедім енді… Ән айтамыз, берген рөлді нақышында келтіріп ойнауға талпынамыз. Таза ауада серуендеп, көпшілікпен отырғанды қатты жақсы көремін. Және хоббиім – әдемі пакеттерді жинағанды ұнатамын.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Күнделікті бір сағат уақытымды кітап оқуға арнаймын. Ютубтан қойылымдарды көргенді, өз-өзіммен әңгімелескенді жақсы көремін. «Тууф, неге мынаны бұлай істедім екен» деп сөйлесіп отырамын. Мүмкін кейбір адамдарға бұл ерсі естілетін шығар. Өйткені бұл бәрінде болатын жағдай ма білмедім. Мен өзім іштей емес, сырттай сөйлесемін. Неге біреуді ренжітіп қойдым екен деген секілді. Оны жолдасым да біледі. Сосын өз-өзіме «қойшы, болды біреудің көңіліне қарай бермеші» деп басу айтамын. Кейбір кезде мейрамханаға барғанда кісілердің тамақ ішкендерін, іс-қимылдарын қараймын. Кейбірі түсінбей «неге қарап тұрсыз» деп сұрап қалады. Ал мен оның қалай отырғанына, немен айналысып жатырғанына назар аударып, сол кісінің образы маған келеді-ау, киінгені ерекше екен деп жан-жақты қарап отырамын.
– Отбасылық өміріңіз жайлы айтып берсеңіз. Отбасылық өмір мен өнер жолын бірге алып жүру сіз үшін жеңіл ме?
– Отбасылық өмірім жайлы айтатын болсам, жолдасым да өнер адамы. Есімі – Ертай, Орал қаласының тумасы. Аллаға шүкір, Алланың берген екі бірдей қызғалдақтай қыздарымыз бар. Үлкен қызымыз қазір шетелде тұрады. Екінші қызым Алматы қаласында медицинада оқиды. Өмір болғаннан кейін өзіндік қиындығы мен қуанышы қатар жүргендей, өнер мен өмірді қатар алып жүру керек. Өйткені өнер мен өмір екеуінің біреуін жоғары алып жүруге болмайды. Себебі өнер жолы – таңдаған мамандығың. Менің жолдасым өнер адамы болғандықтан бір-бірімізді толықтай түсініп отырамыз. Бір жағынан, өнер адамының жолдасы болған өте жеңіл, өз ойыңмен бөлісе аласың. Жолдасым басқа саланың адамы болғанда қалай болар еді деп кейде өз-өзіммен ойлап қоямын. «Ойымыз бір жерден шығар ма еді?» деп. Жұмыстан кеш келіп жатырғанда бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз. Кейде кешкі тамақ жасалмай қалған кезде жолдасың «бол істе» деп айтса, істеуің керек болады ғой. Бірақ ол кісі «бүгін сен де шаршадың, мен де шаршадым, бүгін жеңіл-желпі тамақ іше салайық» деп айтқан кезде саған деген құрметіне риза боласың. Жолдасым Опера және балет театрында жұмыс істейді. Осындай жолдас бергеніне Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Ол да ата-анамыздың тілеуі шығар. Ылғи да анам дұғасына қосып отыратын. Жақсы жар кездессе екен, бағы ашылса екен деп. Ал қазір өзіміз де бала-шағамыздың тілеуін тілеп отырамыз.
Қыздарым жайлы айтатын болсам, олармен уақыт өткізгенді жақсы көремін. Олар үйге келгенде көп уақытымды арнауға тырысамын. Бір жаққа барып қайтайық, төртеуміз отырып бір ойын ойнайық деймін. Олар өздерінің көрген киноларын, оқыған кітаптарын айтып береді. Және бәріміздің басымыз қосылып дастарқан басына отырғанда телефон ұстамай отыруға тырысамыз. Өйткені бір дастарқанда отырып алып төртеуміз төрт жақтан телефонда отырсақ, ол кезде жанұяңа емес қолыңдағы телефонға жақын боласың. Қызымыз тұрмыста күйеу баламыз бар, Аллаға шүкір. Екі қызымыз да өнерден алыс. Бастапқыда қыздарым театрға келетін шығар, өнер жолын таңдайтын шығар деп ойлайтынбыз. Бірақ олар «қойшы, мама, таңертеңнен кешке дейін жұмыстасыздар өнер жолын емес, басқа мамандық таңдайық» дейтін. Күнделікті бір-біріміздің қал-жағдайымызды біліп отырамыз. «Қалыңыз қалай?» деп жағдайыңды сұрағанның өзі адамға жеткілікті ғой. Өздерінің алған шәкіртақысынан сыйлық жасап жатырғанда төбең көкке жеткендей бір марқайып қаласың. «Еее, балаларымызға жақсы тәрбие беріп жатыр екенбіз» деп ойлап қоямыз. Қыздарым кішкентай кездерінде таңнан кешке дейін үйде болмай, оларға көңіл бөле алмай кеткенімде, мамандығым не деген қиын дейтін едім. Уақыт өте қиыншылығын ұмытып кетесің. Сол үшінде осындай отбасым барына Аллаға шүкір етемін. Ол тек біздің мамандықта емес, әрбір мамандық иелерінің өзіндік қиындықтары мен жақсы жағы болады.
– Актердің өзі сомдаған кейіпкердің рөлінен шыға алмай қалатын сәттері бола ма?
– Солай деп көп естейтінбіз. Өйткені сен қаншама кейіпкерді бастан өткізесің, әрқайсысының оқиғасын сомдайсың, оны қойылым біткеннен кейін бойдан шығарып тастау керек, әйтпесе ол адамды ауру қылады. Тіпті, адам жынданып кетуге дейін барады ғой. Алған рөлді тек мамандық деп қабылдау қажет. Мен бұл мамандықтан нәпақа тауып жатырмын, осы жұмысым арқылы бойымдағы қабілетімді көрсетіп жатырмын деп түсіну керек. Рөлдің ішіне кіріп кетуге болмайды. Бұл мүлдем дұрыс емес, бұл сөзіме барлық актерлер келіседі деп ойлаймын. Адам өзінің кім екенін ұмытып кетеді ғой, солайша біреудің өмірін сүріп кетсең. Өз өмірің қайда қалды? Атың, затың қайда қалды? Сондықтан бұл жағдай қиындау.
– Қазіргі театрдың көрермені кім?
– Қазір театрға үлкен кісілер де, жастар жағы да жиі келеді. 1998-2000 жылдары біз енді театрға келіп жатырған кездерімізде көрермені аз еді. Ал қазіргі көрерменге риза боласың, қазақ киносынан да, театрынан да қалмайды. Қойылым біткеннен кейін қаншалықты ұнап, ұнамағандығын, актерлердің көңілдерінен қаншалықты шыққандығын айтып өз ойларымен бөлісіп кетеді. Қазіргі кезде көрермен өз ойын емін-еркін жеткізе алады. Көшеде кетіп бара жатырғанымда «кеше ғана қойылымды көрдік керемет болды, актерлеріңіз қандай күшті» деп айтқанда бір марқайып қаласың. Дайрекке де әртүрлі жастағы кісілер қойылымға бардық деп жазып, алған әсерлерімен бөліскенде кәдімгідей қуанасың. Қазіргі театрдың көрермендері өте керемет.
– Болмысыңызға қандай рөлдер жақын?
– Негізі, менің болмысыма комедия жанры жақын. Өзім санадағы бір қызық сәттерді, көңілді ноталарды жақсы көремін. Бірақ актер «мен комедияны таңдаймын, мен трагедияны таңдаймын» деп бөліп-жаруға болмайды. Өйткені ол таңдаған мамандық болғаннан кейін барлығын жасауға, содан нәтиже шығаруға тырысу керекпіз.
Және мінезді рөлдерді жақсы көремін. Кинода да көбінесе мінезді рөлдерді сомдаймын. Трагедия ойнағаннан, комедия ойнаған өте қиын дейді, адамды жылатуға болады, бірақ күлдірту өте қиын. Осы жанрлардың ішіндегі ең қиыны – комедия деп айтады ғой. Күлгенде де жарқырап, рақаттандырып күлдірту бұл өте қиын. Сондықтан да шығарып жатқан рөльдердің барлығының бағасын көзі қырағы көрермен береді.
– «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатыңызды тамашалай отырып, сіздің әдемі дауысыңызды алғаш рет естідік, алдағы уақытта ән жазу ойыңызда бар ма?
– Көп-көп рақмет, қуанып қалдым ғой. Театрда біз биден экзамен тапсырып, өзіміз ән айтып басшылыққа есеп беріп отырамыз. Өйткені бірқалыпта жүру үшін дене сымбаты, дауыс ырғағы қалпында тұру үшін актер қашанда өзімен жұмыс жасап отыру керек. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» демекші, күні кеше «Көзіңнің мөлдірін-айды» экзаменге дайындап жіберіп, миым айналып, аузыма сөзі түспей қалмасы бар ма? Білмеймін енді ән жазу туралы, ойды сіз тастаған сияқтысыз, сіздің сұрағыңыздан кейін ойланып қалдым ғой (күліп).
– Театр сахнасы – киелі. Өнердің осы күрделі де, қызық саласы күн санап дамуда. Актерлік шеберлікке қызығушылығы мол жастар саны күн санап артып келеді. Болашақ актерге қандай кеңес бересіз?
– Болашақ жастарға айтар кеңесім, ең біріншіден кітапты көп оқу керек. Мәдениетті бола білу керек. Өйткені күнделікті көпшілік ортада, қоғамдық көлікте отырсаң да, үлкенге орын беріп, телефон ұстап тұрсаңыз қатты сөйлемей, ешкімнің көңіліне кірбің келтірмей, ешкіммен ұрсысып ғайбат сөз айтпаудың өзі – мәдениеттілік. Жұмысқа барғанда да, оқып жатқан жеріңде де сыйластық, ілтипат танытып жүру – жастарға ең керекті нәрсе. Адам ортаға тек өзінің мінезімен ғана сияды. Сондықтан ең бірінші – қарапайым болу. Одан кейін қазіргі жастар музыкамен айналысу керек деп ойлаймын. Қазіргі жастарға мүмкіндіктер өте көп қой. Біз баяғыда қашан теледидарға шығамыз, қашан киноға түсеміз деп ойлайтын едік. «Шіркін, бізді халық таныса ғой, ата-анам кинода жүргенімді көріп, «балам» деп мен үшін мақтанса ғой» деп армандайтынбыз. Қазіргі заманда жастарға өзін-өзі танымал қылу аса қиын емес. Қазір өнерге қызығатын жастар күн санап өсіп келе жатыр. Бірақ саны көбейіп сапасы болмай қалмаса екен деймін. Жай ғана оқып, кейде тамадалыққа кетіп жататындары да бар. Өнерге келген бір адамның орнын алмай, әрі қарай сол мамандықпен айналысқан дұрыс па деп ойлаймын. Жастар уақыттарын телефонмен, тиктокпен құр өткізбей, көбірек оқып, театрларға, үлкен ортадағы үлкен жазушылар, ақындардың кездесулеріне барып тәлім-тәрбие алса, жақсы бір ой қорытса деймін. Сондықтан да, жастарға айтарым, өнерді таңдағаннан кейін, оған бар ынталарыңмен, күш-жігерлеріңмен дайындалып, өнер мен өмірді қатар алып жүру керек.
Тек жастар емес, біз де талмай еңбек ету керекпіз, әлі де іздену керекпіз. Әлі де шетелдің 80-90-ға келген актерлерін қарап, неге біз осылар сияқты болмаймыз, неге осылардың жасаған дүниесін біз жасай алмаймыз, біз де жасау керекпіз деп алға ұмтылуымыз қажет. Енді, әрине, Алла күш қуат беріп, деніміз сау болса, сондай дүниелерді жасап, ізденуге тырысамыз. Театрымызда да үлкен-үлкен қойылымдар әлі де алға қойған жоспарларымыз көп. Солардың барлығынан жақсы нәтиже шығарсақ, келген 100 көрерменнің 10-ы бір ой алып кетсе, олда біз үшін үлкен жетістік. Театрымыз үшін ол үлкен мәртебе.
Биыл келген жылымыз бір жақсы, жайлы, жаңалығы көп, берекелі, мерекелі жыл болса екен дейміз. Өсіп-өне берсек, отбасымыз, еліміз, жеріміз аман болсын, кең байтақ Қазақстанымыз аман болсын! Сіздерге көп рақмет, істеріңіз алға баса берсін.
– Әсерлі әңгімеңізге үлкен рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary