Алматы облыстық филиалының есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов, облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Кеңес төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Орынбасаров, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының жетекшілері, «Жастар Рухы» белсенділері қатысты, деп хабарлайды Jastar janary.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Алматы облыстық филиалының есебі тыңдалды. Басқосуда 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды.
Жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Медет Бекбергенов өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
«Өңірде жастар қанатының 9 бөлімшесі белсенді жұмыс істеп, 2 200-ден аса мүше қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Өткен жылы біз жастардың дамуы мен белсенділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқардық. Әскери-патриоттық тәрбиеден бастап, экологиялық сенбіліктерге дейін 5 мыңнан астам жасты қамтыған 50-ден аса іс-шара өткіздік», – деді Медет Бекбергенов.
Сондай-ақ жиында «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жастардың кәсіби және әлеуметтік дамуына бағытталған ауқымды жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын, әсіресе, жұмысшы мамандықтарына басымдық берілетінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылармен ашық пікір алмасу жүргізілді.