«Жайдарман» – бойында дарыны, қабілеті бар талантты жастардың ордасы. Астарлы әзіл арқылы елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, өнер мен мәдениетімізді дәріптеп келе жатқан «Жайдарман» – талантты жастарды қанаттандырған әзіл шаңырағына айналды.
Бүгін «Жайдарманда» өнерлерін паш етіп, халыққа шынайы күлкі сыйлап жүрген қыздардан құралған «Арман» командасымен таныстырмақшымыз.
«Арман» құрамасы осыдан 1 жыл бұрын құрылған. Қыздардан ғана құралған команданың мүшелерінің барлығы – студенттер. Еліміздің әр өңірінен жиналған жастар бірі информатика мамандығында, бірі музыка саласында, енді бірі филология мамандығында білім алып жүр. Алайда барлығының басын бір арнаға тоғыстырған – «Жайдарман».
Осы орайда команданың белді мүшесі Ақгүлім Қонысбек «Арман» құрама командасы және «Жайдарман» ойындарының мән-маңызы туралы әңгімелейді.
Ақгүлім Қонысбек – Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Филология факультетінің 2-курс студенті.
– «Арман» құрамасы осыдан 1 жыл бұрын қыркүйек айында құрылды. Командамыздағы Гүлім мен Балауса бізден бір курс жоғары оқиды. Біз мен, Алмагүл және Жауһазын үшеуіміз 1-курсқа түскен кезімізде Ы.Алтынсарин атындағы университетте «Жайдарманға» қосылуға кастинг болды. Біз Жауhазын екеуміз Амангелді өңірінде мектеп кезінен «Жайдарманда» ойнап келе жатырған болатынбыз. Сол себепті университетте командаға қосылуға тырыстық. Сөйтіп, Жауһазын екеуміз және Гүлім, Алмагүл төртеуміз қосылып команда болдық. Университет ішінде өнер көрсеттік.
Командамызда Балауса Дүзелбай Ақтау қаласынан, капитанымыз Гүлім Баймұрза Алматы қаласынан, Алмагүл Хуатан Ақмола облысы Аршалы қаласынан, Жауhазын Шәріпова екеуміз Қостанай облысы Құмкешу өңірінен боламыз. Гүлім Жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінде, Жауhазын Тарих және өнер факультетінің 3-курсында, Алмагүл, Балауса және мен Филология факультетінде 2-курста оқимыз, – дейді Ақгүлім.
Алғашында «Ұлдар емес» болып құрылған команда қазірдің өзінде бірқатар жетістікке жетіп үлгерген. «Арман» командасы маусымашарда сәтті өнер көрсетіп көпшіліктің көңілінен шықты.
– Алғашқы кубогымызды «Ұлдар емес» командасы болып құрылған кезде алдық. Содан соң алдымызға жоғары лигаларда өнер көрсетеміз, маусымашарға барамыз деп мақсат қойдық. Біз Арқалық қаласының чемпионы болдық, Торғай ауданының чемпионы болдық. Ал үлкен жетістігіміздің бірі Республикалық бірінші лиганың чемпионы болдық. Соның өзі бізге үлкен жетістік болды. Алғашқы маусымда лига чемпионы болып жатырмыз. Құрылғанымызға бір жыл болса да осындай жетістікке жету – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді «Арманның» ойыншылары.
«Жайдарман» – әзіл-қалжыңның ордасы ғана емес, жастарды өнерге қанаттандырып, шыңдап келе жатқан үлкен орта. Зал толы көрерменнің алдында өнер көрсету, өзіңнің талантыңды дәлелдеу кім-кімге де оңай тимесі анық.
– Біз ойындарға жақсылап дайындаламыз. Жақсы дайындалып, қобалжымай әдемі ойнап шығуға тырысамыз. Себебі барлығымыз сахна көріп жүрген қыздармыз, сахнаны сезіну, сахнамен жұмыс жасауды білгендіктен аса қиындық болған жоқ, – дейді жас жайдарманшы.
«Қай жайдарманшы командарлардың ойындары, әзілдері ұнайды? Қай ойыншылардың ойындарын жоғары бағалайсыздар?» деген сауалымызға:
– Біз, бөліп-жармаймыз бізге жоғары лигада жүрген барлық аға-әпкелеріміздің ойындары ұнайды. Сол командаларға қарап бой түзейміз.
Өзіміздің Арқалықтың командалары бар. Мысалы, Қостанайдың лигасында ойнадық сол кісілермен жақсы араласамыз. Қарағанды қаласында өткен бірінші лигада жүрген командалармен де жақсы қарым-қатынастамыз. Жалпы, барлық командалармен жақсы араласамыз. Себебі бір ортада жүргендіктен әрдайым бір-бірімізге көмектесіп қолдау көрсетіп жүреміз, – дейді кейіпкеріміз.
«Жайдарман» – әзілге құрылған ойын алаңы. Алайда әзілді де әдемі құра білген жөн. Астарлы әзілмен бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктерді сынау, сол арқылы жастарға ой салу – жайдарманшылар ойындарының басты бағыты. Осы орайда ойындарға дайындалу, сценарий құру тапқырлықты, үлкен ізденісті талап етеді және соны халыққа жеткізе білуде актерлік шеберлік те аса қажет. «Жайдарманда» үздік ойын көрсетіп, жеңіске жету ойыншылардың әсерлі әрі ойлы әзілдеріне тікелей байланысты. Ал құрылғанына көп уақыт болмаса да «Арман» құрамасының жеткен жетістіктері ойынға жауапкершілікпен қараудың, тыңғылықты дайындықтың арқасы екені даусыз.
«Арман» құрамасының қыздары жайдарманшылар қатарында үздік бола жүріп, болашақта өнер жолын таңдауды мақсат етіп келеді.
– Барлығымыз да өнер жолында «Жайдармандағы» жолымызды жалғастырып жоғары деңгейлерге жетсек деген арман-мақсатымыз бар. Қазір жайдарманшылар актерлікке бет бұрып киноларға түсіп жүр, біз де соны қалаймыз. Фильмдерге түсу, актриса болу ойымызда бар, – дейді Ақгүлім.
Бүгінде «Жайдарманға» қызығатын, осы ортада болғысы келетін өнерлі, талантты жастар аз емес. Өзін дәлелдеп, бүгінде актер, тележүргізуші болып жүрген жас дарындар көп. Бұл туралы кейіпкеріміз:
– Өз басым жайдарманшы болу үшін шыдамдылық керек деп ойлаймын. Алға қарай ұмтылып талпыныс болуы, мақсат қоя білу қажет. Өйткені мақсатқа жету үшін ұмытылыс болса, аңсаған армандарға жетуге болады. Ең бастысы, төзімділік керек, мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек. Егер ынта-жігерің болса, «Жайдарманда» жеңіске жетуге болады. Қазіргі кезде жастар арасында «Жайдарманда» ойнағысы келетіндер көп әрине. Ортамыз көбейе берсін дегім келеді.
Жайдарманшы болған керемет сезім ғой оны ауызбен айтып жеткізе алмаймын, ол жердің аурасының өзі бөлек, жайдарманшы болсаң әзілдің ортасында жүресің, жан-жақты болуды үйренесің, әртүрлі адамдармен араласасың, қызықты ортаң пайда болады. Жалпы, «Жайдарман» жалықтырмайды. Жайдарманшы болғаннан кейін үнемі бір-бірімізбен әзілдесіп жүреміз, – дейді Ақгүлім Қонысбек.
Біз де өз атымыздан жас жайдарманшыларға өнерде табыс, биік белестер мен жақсы жетістіктер тілейміз!
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary