Басты бет » Жаңалықтар » Астаналық жастар аязды күні көше тазалаушы жұмысшыларға ыстық шай ұсынды

Астаналық жастар аязды күні көше тазалаушы жұмысшыларға ыстық шай ұсынды

Игі істер марафоны аясында елорда жастары «Байқоңыр» ауданымен қала тазалығы үшін еңбек етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, ыстық шай мен бауырсақ ұсынды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде қала көшелерін қар мен мұздан тазарту жұмыстарын жалғастыруда. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қала тазалығы үшін еңбек етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлеріне елордалық жастар қолдау көрсетіп, ыстық шай мен бауырсақ таратты. Аязды күндері қаладағы қауіпсіз және кедергісіз қозғалысқа зор үлес қосып жүрген коммуналдық қызмет мамандарына жастар осылайша алғыс білдірді.

Қала көшелерінің тазалығын сақтау үшін коммуналдық сала қызметкерлері ауысымдық режимде тәулік бойы қызмет етеді.

Айта кетейік, 11 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарында 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

10-ынан 11 желтоқсанға қараған түнде елордадан 545 рейспен 7 мың текше метр қар жиналып, шығарылды.

Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 75 703 рейспен 961 мың текше метр қар шығарылды.

Естеріңізге сала кетейік, елордада игі істер марафоны жалғасып жатыр. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен тұрғындарға халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарына, қарт адамдарға, мұқтаж зейнеткерлерге барынша көмек көрсетуге мүмкіндік беру.