Танымал айтыскер-ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында ислам дінінде айтылған мотивация мен тәкаппарлық жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Jastar janary.
«Мотивацияны әр жақтан іздеп, мысал ғып айта береміз ғой. Бірақ мотивацияның көкесі исламда жатыр. Асыл дініміз бүкіл нәрсенің ақ-қарасын ажыратып қойған. Нені ішіп, нені киіп, нендей әрекет жасауымызға дейін бәрі-бәрі Құранда тұр. Басшылыққа алсаң болғаны… Бақытты болмауың мүмкін емес…
Мысалы исламда адам мінезінің көркемдігіне қатты мән беріледі. Қандай мінез жақсы, қайсысының ұнамсыз екенін анық сипаттайды. Абдулла ибн Масғудтан жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінде: «Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді» деген сөздер бар. Ойлаңызшы… Шаңның тозаңындай дейді… Ал біздің тәкаппарлығымыз кейде таудан да асып кетеді…
Мен ылғи сабақтарымда айтып жүрмін… Егер басыңызға қайта-қайта қиындықтар келе берсе, отыра қалып ойланыңыз. Бойыңызда тәкаппарлық жоқ па? Өзімшілдігіңізбен өзгелердің наласына қалып жүрген жоқсыз ба? Ойланыңыз да, мына құран сүресін есіңізге түсіріңіз:
«Адамдарға паңсып, қырындама және жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстың ең жаманы – есектің дауысы» («Лұқман» сүресінің 18-19 аяттары).
Түсіне білген адамға, бұдан асқан тәрбие, бұдан асқан мотивация жоқ шығар…
Тәкаппар болған тұстарымызды Алла кешірсін!»– деп жазды.