Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елорда төрінде «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбында «Алтын домбыра» ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Jastar janary.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған айтыс додасы биыл еңбек адамын ұлықтауға арналды. Айтыс «AMANAT» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды. Оған республикалық және халықаралық айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын еншілеген 14 ақын топқа түсті.
Өнер додасына арнайы қатысқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов:
«Мемлекет басшысы айтысты, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық спортымызды барынша қолдап келеді. Өткенде ғана Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жоғары деңгейде өтті. Бұдан бөлек, биылдың өзінде руханиятқа еңбегі сіңген біраз ұлы қайраткерлеріміздің мерейтойларын атап өттік. Солардың бәріне Президентіміз ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы әлемдік саясатта, жаһандық деңгейде ұлтымыздың рухын асқақтатып, мемлекетіміздің мүддесін, халқымыздың намысын қорғап жүр», – деп атап өтті.
Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай аламан айтыста жыр жүйріктері осы бағытта ой толғады. Екі күн бойы ерке Есілдің бойында жырдың керуені көшіп, сүбелі сөздің сандығы ақтарылды. Халықтың қошеметіне бөленген ақындар кәделі сөз, өрелі ой айта білді. Еңбек адамының қажыр-қайратын, арман-мұратын жырына арқау етті. Айтысты аталы сөзбен асқақтатып, әзілмен әрлеп, көкейкесті мәселелелерді де көтеріп ел бірлігімен түйіндеді.
Осылайша, қазақ өнерінің қабырғалы қара нары Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасының шешімімен сыр сүлейі Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иеленіп, 3 млн теңге қаржылай сыйлық пен Chevrolet Monza көлігі табысталды. Ал жүлделі I орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы Нұрбол Жауынбаевқа (2 млн тг), II орын Айым Асылбекқызына (1,3 млн тг) бұйырды. III орынды Дидар Қамиев, Өміржан Көпбосын мен Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті (әрқайсысына 1 млн. теңгеден).