Көптеген елдерде мектептерде смартфондарды пайдалануды шектеу туралы шешімдер қабылдануда. Бұл кездейсоқ емес: түрлі зерттеулер смартфондардың балалардың назарын шоғырландыруға, оқуға және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізетінін дәлелдейді. Бұл туралы Мәжілісі депутаты Асхат Аймағамбетов телеграм арнасында жазды.
– Қазақстанда бұл бағытта оң тәжірибе бар. Астанадағы бірнеше мектеп, сондай-ақ басқа да аймақтардағы мектептер, смартфондарды пайдалануға ерікті түрде шектеу енгізіп жатыр. Бұл дұрыс әрі тиімді шешім деп санаймын.
Еске сала кетейін, өткен жылы біз сабақ кезінде телефондарды пайдалануға тыйым салатын заң қабылдадық. Бірақ басқа елдер одан да қатаң шараларға көшті. Мысалы, Ұлыбритания және көптеген еуропалық елдерде мектеп ғимараттарында смартфондарды пайдалануға қатысты қатаң ережелер енгізілді.
Менің ойымша, Қазақстан мектептеріне осы тәжірибені пайдалану мәселесін талқылау қажет. Ата-аналармен бірге бұл шаралардың қажеттілігін ашық талқылап, балаларға қолайлы білім беру және даму ортасын жасау маңызды, – дейді Асхат Аймағамбетов.
Не ұсынуға болады?
• Тек әлеуметтік желілерге қолжетімсіз, ата-аналармен байланыс жасауға мүмкіндік беретін батырмалы телефондарды немесе сағаттарды қолдануға рұқсат беру.
• Мектептерде смартфондарды арнайы сақтау орындарын ұйымдастырып, балалардың оларды тек төтенше жағдайларда қолдануын қамтамасыз ету.
Айқын ережелер мен бақылау шараларын енгізу смартфондардың білім беру ортасына тигізетін зиянын азайтып, басты нәрсеге – сапалы білім мен тәрбиеге назар аударуға мүмкіндік береді.