Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің өнерпаздары Грузияда өткен халықаралық хореографиялық фестиваль-байқауына қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Хореограф Джордж Баланчинге арналған бұл байқау 8-10 қараша аралығында Кутаисиде өтті. Оған Қазақстан, Латвия, Грузия, Эстония балет мектептерінің өкілдері қатысты.
Беделді өнер додасында «Гүлдер» ансамблінің бірқатар талантты әртістері бақ сынап, «Халық биі» және «Қазіргі заманғы хореография» номинацияларында қазақстандық хореографтардың қойған нөмірлерін ұсынды.
Ансамбль мүшелері қазақ хореографиясының сұлулығы мен тереңдігін әлемдік сахнада таныта отырып, Қазақстанның мәдениетін жоғары дәрежеде көрсете алды. Әртістердің кәсіби шеберлігін қазылар алқасы жоғары бағалады.
Аққанат Смағұлова, Әнел Жұмаділдина және Рүстем Әмірбеков үш бірдей бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орынды Алан Мұхтар иеленді.
Байқауға өнерпаздарды «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова мен Алила Алишева, Гүлнара Саитова, Алмат Шамшиев, Әсел Абакаева, Әмина Самарбаева, Айдар Ахмадиев және Дана Қуанышбекова сияқты тәжірибелі педагог-хореографтар дайындап, жетекшілік етті. Қазақ халқының ұлттық ерекшелігін айшықтайтын сахналық костюмдерді Әсел Лұқпанова мен Наталья Протасова дайындады.