Астанадағы Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледжінде «Үздік-2024» қалалық байқауының салтанатты жабылуы өтті, деп хабарлайды Jastar janary елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Үздік» атағы үшін биыл 375 қатысушы бақ сынап, көшбасшыларды анықтау үшін 150-ден аса сарапшы жұмыс жүргізді.
Сайыс жұмысшы мамандықтар мен кәсіптерінің маңыздылығы мен беделін арттыру, кәсіптік оқытудың озық тәжірибесін насихаттау, жұмыс берушілердің назарын қаланың кәсіптік білім беру жүйесінде жұмысшы кадрларды даярлауға тарту және түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жастарды Астана қаласы экономикасының нақты секторларына тартуға бағытталды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқау биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Бірақ колледж студенттері бұл жолы алғаш рет қатысуда. Былтыр қатысушылар 5 кәсіби құзыреттілік бойынша ғана сайысқа түссе, осы жылы 25 жұмысшы мамандық арасында бақ сынасты.
Қалалық байқау 20 күнге созылып, 10 кол¬леджде бірқатар жұмысшы мамандықтың көшбасшылары анықталды. Олардың ішінде құрылыс және жөндеу жұмыстары, аспаздық және кондитерлік өнімдер, мейрамхана қызметі, IT-шешімдер, шаштараз өнері, кәсіпкерлік, сондай-ақ педагогика және бала күтімі сияқты салалар бар.
Байқау қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған 75 қатысушы жеңімпаз атанып, алдағы уақытта WorldSkills-2025 қалалық чемпионатына қатысуға ұсынылды.
Жеңімпаздар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталып, үздіктерге сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және колледждердің әлеуметтік серіктестері бағалы сыйлықтарды табыс етті.