Басты бет » Жаңалықтар » БОКСТАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ТОП ЖАРДЫ

БОКСТАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ТОП ЖАРДЫ

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Будва қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Нәтижесінде қазақстандық қыз-жігіттер 6 бірдей алтын жеңіп алды. Айта кетейік, бұған дейін жоғарғы көрсеткіш 2 алтын еді. 2018 жылы Венгрияда және 2021 жылы Германияда өткен дүбірлі додалардан Қазақстан 2 алтынмен оралды. Ал, бұл Черногориядағы әлем чемпионатында әнұранымыз 6 мәрте шырқалды. Атап айтқанда, ақтық сынның бірінші күні 67 келідегі ұлттық құрама капитаны Төрехан Сабырхан, 75 келі салмақ дәрежесі бойынша Санжарәлі Бегалиев және 81 келідегі Аружан Зейноллаева жеңіске жеткен еді. Ал, екінші финал күні бұл көрсеткішті 51 келідегі Боранбек Бексұлтан, 71 келідегі Өнер Сейілхан және қыздар арасында 50 келідегі Елянұр Тұрғанова қайталады.Жалпы есепте бірінші орынды ойып алған Қазақстан құрамасының қоржынында 17 медаль бар. Оның 6-ауы алтын жүлде. Оған қоса спортшыларымыз 1 күміс және 10 қола жеңіп алды. Жалпы тізімнің екінші сатысына Өзбекстан құрамасы жайғасса, үздік үштікті Ресейден келген боксшылар түйіндеп тұр.

Айта кетейік, халықаралық бокс қайымдастығы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы тағайындаған еді. Нақтырақ айтқанда, бірінші орынға 8 мың, екінші орынға 4 мың, ал үшінші орынға 2 мың доллардан табыстады.