Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алатын республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 90 жылға жуық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қазіргі таңдағы өзекті де белді оқиғаларды кішкентай бүлдіршіндер мен ересектердің сұранысына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды басты мақсат санайды. Қазан айының 21-24 күндері аралығында өнер ұжымы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен екінші рет 25 қазан – Республика күніне орай II Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2024» қуыршақ театрлары фестивалін ұйымдастырады.
Фестиваль мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театрдың көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру.
Фестивальде Қытай, Польша, Болгария, Чехия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Башқұртстан, Өзбекстан және Қазақстан Республикаларының 15 үздік театр ұжымы мен 150-ден аса қуыршақ шеберлері өнер көрсетеді. Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталмыш саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылады.
«Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші», «Жаңашыл көзқарас» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйақылар табысталады. Фестивальдің қазылар алқасының төрағасы және мүшелері:
- Жуасбек Еркін – Қазылар алқасының төрағасы, театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры (Қазақстан, Алматы);
- Ибрагимов Евгений – театр режиссері, қуыршақ жүргізу шебері, профессор, «Золотая маска» театр сыйлығының иегері (Чехия, Чесхе-Будеевице);
- Сабашвили Николоз – театр режиссері, актер, Гүржістан қуыршақ театрлар бірлестігінің көркемдік жетекшісі (Гүржістан, Тбилиси);
- Жақсылықова Меруерт – театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы (Қазақстан, Алматы).
Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтілмек.
Театр ұжымы ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнерсүйер жандардың көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ