Жақында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсіте сөйлегені жазылған бейнематериал әлеуметтік желіде тарады. Қоғамды дүр сілкіндірген бейнежазбадан соң Туризм және спорт министрлігі осы жағдайға байланысты федерациясына ресми хат жолданғанын мәлімдеген болатын.
Министрліктің хабарлауынша, хатта Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» заңына сәйкес мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі міндетті екені айтылған. Сондай-ақ футбол федерациясынан осы оқиғаға түсініктеме беру, бапкермен мемлекеттік тілге құрмет көрсету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етілген.
«Біз мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін федерация тарапынан тиісті шаралар қолданылуы керек деп санаймыз. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясы Министрлікке бағынысты ұйым емес екенін, тиісінше оның ішкі мәселелеріне араласа алмайтынын, дегенмен Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап етуге құқылы екенін қаперге саламыз» делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік осы арқылы еліміздегі өзге федерацияларды да мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға және оларға қатысты орынсыз қалжыңның алдын алуға шақыратынын ескертті.
Бүгін белгілі болғандай, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, бас бапкер Станислав Черчесовке айыппұл салынғанын жеткізді.
– Ол жерде бас бапкер журналиспен тек әзілдескен. Мен оған түсіндірдім. Ендігәрі ондай қателіктер болмайды. Мен сол үшін елдің алдында жауап беріп отырмын. Черчесовке ішкі тексеріс болғаннан кейін айыппұл салынды. Этика жөнінде жұмысты жалғастырамыз, – деді Бәрменқұлов.
Осылайша, ресейлік маман 738 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Бұл жағдай еліміздегі басқа спорттық федерацияларға, әсіресе шетелден келетін мамандар мен спортшыларға сабақ болуы қажет.