Басты бет » Жаңалықтар » ЖЕТІСУДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

ЖЕТІСУДА «МАМАНДЫҒЫМ – БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында сараптамалық талқылау отырысының ресми ашылуы өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн қатысып, республика бойынша жобаның табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті.

  «Қазіргі таңда «Мамандығым – болашағым» жобасы еліміздің 9 өңірінде жүзеге асырылуда. Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Астана, Алматы қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларындағы келешегі бар кәсіптерді анықтады. Жетісу облысы кадр қажеттілігіне форсайт-зерттеулер жүргізіп жатқан жетінші өңір», – деді ведомство басшысы.

  Іс-шараны Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев жүргізіп, жобаның Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына аса маңызды екенін атап өтіп, сараптамалық талқылау отырысының жұмысына сәттілік тіледі.

  «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов Жетісу өңірінде кадр даярлау бағдарламасы бес басым сектор бойынша әзірленетінін айтты. «Жергілікті әкімдік жобалық кеңсеге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, туризм индустриясы сынды бес саланы ұсынып отыр. Алдағы уақытта сараптамалық топ осы салалар бойынша зерттеулер жүргізіп, өз ұсынымдарын береді», – деді Олжас Сәкенов.

  Форсайт жұмысына Жетісу облысының ірі кәсіпорын және мекеме басшылары, білім беру мекемелері мен жергілікті атқару органдарының өкілдері қатысты.

  Айта кетейік, «Мамандығым – болашағым» жобалық кеңсесі Жетісу университетінде былтыр ашылып, өз жұмысын бастаған болатын.