«Астана Опера» театрында қазақ операсының жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызының мерейтойлық кеші салтанатты концертпен аталып өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен шарада Майра Мұхамедқызы көрермендерге әлемдік және ұлттық репертуардағы туындылардан тұратын бірегей бағдарлама ұсынды. Опера саңлағының орындауында Рихард Штраус, Ференц Лист, Петр Ильич Чайковский сынды ұлы композиторлардың операларынан ариялар, сондай-ақ концертке ерекше ұлттық бояу берген қазақ авторларының шығармалары шырқалды.
Дирижерлер Абзал Мұхитдин және Мәди Өмірзақтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің және хорының сүйемелдеуімен өткен концерт оның көп жылдық шығармашылығының жанды көрінісіне айналды.
Айрықша атап өтетін нөмір — Майра Мұхамедқызының АҚШ-тағы ескі досы Теміржан Ержановпен бірге орындаған «Olieb, solang duliebenkannst» композициясы көрермендердің зор ықыласына бөленді. Майра Мұхамедқызының Жорж Бизе, Шарль Гуно және Джузеппе Вердидің операларынан арияларды тебірене орындауы оның эмоциялық тереңдігін және әртістік шеберлігін айқын көрсетті. Сондай-ақ симфониялық оркестр мен хордың сүйемелдеуімен орындалған Карл Орфтың «Кармина Бурана» шығармасының «O Fortuna» үзіндісінен кейін де көрермендер ду қол шапалақ жаудырды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, көптеген сыйлықтардың лауреаты және беделді марапаттардың иегері ретінде Майра Мұхамедқызы бірнеше жыл бойы қазақ опера өнерін әлемдік аренада таныстырды.
Режиссері Михаил Панджавидзе болған концертке театрдың балалар хоры, «Астана Операның» жетекші балет солистері Әнел Рүстемова, Олжас Тарланов, Диас Құрманғазы, әйгілі қазақстандық әртістер Ораз Мұхамедьяр (тенор), Жұмабек Қаңтарбаев (тенор), Айбек Қанатбек (баритон), Рамина Сатыбалды және тағы басқалары қатысты.