Кәсіподақтар күні қарсаңында Астанада «Еңбек эволюциясы: Климат, Құзыреттілік, Код» тақырыбында Халықаралық жұмысшы мамандықтарының жастар форумы өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан сарапшылары сөз сөйлеп, климаттық өзгерістердің, цифрландырудың және жаңа технологиялардың жұмысшы мамандықтарына әсерін талқылады.
Бұл мәселелердің өзектілігін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров өз сөзінде атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтар жылы қоғамымызда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге ықпал етеді», – деді Қайрат Қамбаров.
Сонымен қатар форум қатысушыларына жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және PR, SMM негіздерін үйретуге арналған практикалық сессиялар ұйымдастырылды.