Басты бет » Жастар үні » «OYORDA» – ойлы жастар ордасы

«OYORDA» – ойлы жастар ордасы

«OYORDA» – білімді, ұшқыр ойлы жастардың басын косқан біліктілік алаңы. Аталған қауымдастықтың негізін қалаушылардың бірі Ердәулет Құрал. Ол қазіргі таңда қауымдастықпрезиденті. Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетін құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Қазір инженер-конструктор болып жұмыс істейді. 22 жаста.

Біз Ердәулет Аянұлымен сұхбаттасып, «OYORDA» қауымдастығының мақсат-міндеті мен атқарып жатырған іс-шаралары туралы сұрап білген едік.

Ердәулет мырза, «OYORDA» қауымдастығы қашан құрылды? Құрылуы жайында айтып берсеңіз?

– «OYORDA»-ның түпкі тарихы оқырмандар клубынан басталады. 2023 жылы Астана қаласында оқырманды қамтитын кітап клубтары ашыла бастады. Сол сәтте біз (белсенді оқырмандар) кітап оқып қана қою бізге аздық ететінін аңғардық. Сөйтіп, 2024 жылдың 20 қаңтарында белсенді оқырмандармен алғашқы құрылтайымызды (жиналысымызды) өткіздік. Соның нәтижесінде, қауымдастық ретінде алғашқы қадамдарымызды жасадық. Алайда ол кезде әлі «OYORDA» атауы болмады. Негізгі ниет жастардың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу еді. Кейін түрлі мәдени, ағартушылық, тұлғалық даму және спорттық шараларды жүйелі түрде өткізе бастаған соң, 2024 жылдың сәуір айында өзімізді ресми түрде «OYORDA» қауымдастығы деп таныстырдық. Қауымдастық атауын ұсынған белсендіміз Айбарша Қажыәкпар болатын.

– «OYORDA» қандай мақсатта ашылды?

– «OYORDA» атауының өзі айтып тұрғандай, ойлы жастар ордасы. Қауымдастық атауы қазақтың «ой» және «орда» деген сөздерінің бірігуінен туындаған. Ой – адамның сана, білім, парасат және мәдениет деңгейін анықтайтын және көрсете алатын негізгі фактор. Ал орда – жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, қоғамдық мәселе шешілетін алаң.

Осыдан келіп біздің мақсат айқындалады: ойлы жастарды бір ортаға ұйыстыру, бірліктерін нығайту арқылы қазақ қоғамын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Біздің түсінігімізде «ойлы жас» деген кітап оқитын адам. Сондықтан негізгі миссиямыз – оқырман мәдениетін қалыптастыру болды.

«OYORDA» қауымдастығында қазіргі уақытта Астана және Алматы қалаларын қосқанда тұрақты 220 оқырман бар. Олар өз араларында бір-бірін «ойордалықтар», «рухтастар» деп атайды.

Бүгінде қауымдастық жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, «Oyorda Oqyrman» кітап клубтары, ағылшын, түрік, кәріс тіл клубтары, қазақша және орысша талқы, «Qalamger», «Bala Oqyrman», «Kitaplike» сияқты ағартушылық бағыттағы, сондай-ақ «OYORDA Quiz», «OYORDA Talks», «OYORDA Fest», «OYORDA Sapar» сынды интеллектуалды, мәдени-танымдық бағыттағы жобалар мен спорттық шараларды ұйымдастырады.

«OYORDA» қандай қалаларда өтеді? Қалай қосылуға болады?

– «OYORDA» шараларының басым бөлігі Астана қаласында оффлайн форматта ұйымдастырылады. Басқа өңірлерден Алматы қаласында «Oyorda Oqyrman» кітап клубымыз бар. Алматы қаласындағы кітап клубтарымызға қазір де тіркелуге болады. Маусымның ашылу салтанаты 29 қыркүйек қаласында өтті. Ал Астана қаласындағы қауымдастыққа қосылуға ниет білдірген барша жанды Instagram әлеуметтік желісіндегі @oy_orda парақшасына тіркеліп қоюға шақырамын. Келесі жаңа маусым ашыларда хабарландыру жариялаймыз. Осы маусымда кітап клубтарымызға тіркеліп үлгермеген жандарды «OYORDA Quiz», «OYORDA Talks» және «OYORDA Fest» сияқты ашық форматтағы жобаларымызда күтеміз.

Ойлы жастардың ордасына келген әр адам кітап оқуды әдетке айналдырып қана қоймай, сол білімнің төңірегінде қоғамға қызмет етуді, қазақша нетуоркиң құруды және, ең бастысы, түрлі салада бірге дамуды үйрене алады деп сеніммен айта аламыз.

– «OYORDA»-ға жастар қаншалықты көп келіп жатыр? Қай жастағы бастап қатыса алады?

– Қатысушылар Астана қаласында 29 топ, 203 оқырман бар. Алматыда 2 топта 17 адам бар. Жас ерекшеліктеріне сәйкес жалпы «Oyorda Oqyrman» кітап клубтарында шектеу жоқ. Тек «Bala Oqyrman», «Oyorda Oquśy» сияқты жеткіншектерге арналған жобаларда ғана ерекшеліктер ескеріледі.

Ердәулет мырза, қазіргі уақытта жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?

– Сұраныс өте жоғары деп айта аламын. «Көпшілік кітап оқымайды» деген пікірді мүлдем кітап оқымайтындар ғана айтады. Өйткені олар кітаптың нағыз нарықтағы сұранысынан бейхабар. Кітап пен дамуға қатысты мәдени-ағартушылық бағыттағы жобалардың ұйымдастырушылары ретінде жастардың да, орта жастағылардың да қызығушылықтары жоғары деп айтуға негіз бар. Өйткені кітап клубтарымыздың өзінде 200-ден астам кітапқұмар бар десек, «OYORDA Quiz», «OYORDA Talks», «OYORDA Fest» сияқты ашық форматтағы жобаларымызға тұрақты түрде 150-200 шақты ойлы жастар қатысады.

Біз «OYORDA»-да тек кітап оқумен шектелмей, түрлі интеллектуалды және мәдени жобалар өткіземіз. Коммерциялық жобаларымыздың қатарында «OYORDA Quiz», «Talks», «Fest», «Cash Flow», мәдени кештер, саяхаттар мен турнирлер де бар.

– Ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы кеңінен айтып өтсеңіз…

– «OYORDA Quiz» – командалық көңілді-интеллектуалды ойын. Авторы әрі жүргізушісі ойордалық белсенді – Қабдрашов Жандос Жанатұлы.

«OYORDA Talks» мақсаты – қоғамды дамытуға әрі жақсартуға бағытталған жоба авторларымен, қазақтілді үздік мамандармен кездесу. Қазақтілді зиялы спикер мен зиялы аудиторияның байланысын арттыру арқылы идея алмасу, тың жобаларға серпін беру. Осы уақытқа дейін «OYORDA Talks» шарасы екі рет ұйымдастырылды. Оған бас-аяғы 250-дей адам қатысты.

Ал «OYORDA Sapar»-тың мақсаты – еліміздің түрлі аймақтарындағы тарихи-мәдени жерлерімен танысу арқылы таным көкжиегін кеңейту. Бұған дейін ойордалықтар Қарағанды, Алматы қалаларына сапарлатып келді. «OYORDA Fest» – кітапты насихаттау, оқуға деген қызығушылығы мен қоғамның интеллектуалды құндылықтарын арттыру, кітаптарға екінші өмір сыйлау болса, «Cash Flow» қаржы сауатын арттырып, инвестициялау, кәсіптегі шешімдерді қабылдау және қаржылық менеджментке қатысы білімдерді арттыруға көмектеседі.

– Сіздердің әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздан «Ауылға кітап ал» жобасы барын байқадық, өздеріңіз қаржы жинап, әр ауылдарға жаңа кітап алып барады екенсіздер. Сол жайлы айтып берсеңіз?

– Бұл жоба арқылы біздің еріктілер қаржы жинап, ауылдарға жаңа кітаптар апарады. Әр ауылдың кітапханасын жаңа әдебиеттермен толтыру арқылы ауыл жастарына сапалы білім мен мәдени дамуға мүмкіндік береміз. Осы уақытқа дейін Ақмола облысы мен Астана маңайындағы мектептерге кітаптар жеткізілді.

Демеушілеріңіз бар ма?

– Біздің демеушілеріміз жоқ. «Ауылға кітап ал» бойынша еріктілер бар. Егер біздің арамыздан біреу ауылына кітап апарғысы келсе, өзінің шотына қаржы жинайды. Біз апарумен көмектесуіміз мүмкін. Көбіне еріктілер әлеуметтік желі арқылы қаржы жинайды.

Сұхбаттасқан

 Перизат САПАРОВА

 

  «OYORDA» қауымдастығының осы аптадағы іс-шаралардың тізімін ұсынамыз:

5 қазан, 12:00 «English speaking club»

Ағылшына сөйлеу дағдыларын дамыту, белгілі тақырып аясында ой өрбітуге арналған жиын.

Тақырыбы: «Speed networking»

6 қазан, 14:00  «Headliner»

Тек топбасшыларға арналған жиын. Хедтардың белсенділігін арттыру, маңызды сұрақтарға бірлесе жауап беру, өзара тәжірибе алмасу қабілеттері шыңдалады.

6 қазан, 12:00. Қазақша талқы

Түрлі өзекті тақырыптарды, фильмдерді талдау арқылы терең ойлау жүйесін қалыптастырғыңыз келсе, бұл жоба сізге арналады.

Тақырыбы: «Қалай таза қазақша сөйлеуге болады»

6 қазан, 16:00.  Қаламгерлер

Сөйлемеген сөзіңізді, ойыңызды қағаз бетіне көркем түрде түсіре алмай қиналсаңыз, «Қаламгерлер» жобасы бәріңізді күтеді.