Белгілі телепродюсер Әлия Құдайбергенова әлеуметтік желідегі парақшасында «indriver» қосымшасындағы көлік жүргізушісіне наразылығын білдіріп, халықты кез келген таксиге отырмау керектігін ескертті.
«Кеше индрайвер дегенмен (3 сағаттық жолға) шыққанмын. Басы һәм соңы осы болсын деп отырмын.
Үш, үш жарым сағаттық жерге 2 сағатта әкелді. Ұшырғанда ұшақ жолда қалады. Жай айттым, ұрсып айттым, “әй” деп түртіп айттым. Міз бақпайды. “Көлік мықты ғой әпше, үйреніп қалғам” Ужс! Тыңдап отырған жоқ, есіл-дерті басқа жақта. Есалаңдар сияқты. Ішіп алған ба дейін десем, иіс шығып тұрған жоқ.
Алаң-алаң, елең-елең, екі көзі жолда, қиялы басқада. Жағы қуарып, реңі қашып, көзі шүңірейіп қалаға жеткенше біреулермен “жасырын” сөйлесумен болды. “Делоны аяқтау керек, бірдеңе, бірдеңе” деп.
Күйеубалам тапқан. “Жаныңызда адамдар бар” деген, бір өзім ғана. “Адам алмайсың ба?” десем, “сізге рахат емес пе, қайта?” дейді. Үнсіз, іштен тынып отыра бердім. Ауылдан қалаға жеткенше жанымды шүберекке түйіп, жолдан көзімді алмай, Құдайға жалынумен жеттім. Сіңліме жаздым, ақырында. Бірдеңе болса, жағдай осы деп.
Қаланың шеті көрінгенде қуанғаным-ай! Осының бәрін жазғым келді. Сөйтсем “индрайвердің” “историясында” жоқ. Жол-жөнекей кіре салған. “Адам толмаса жүрмеймін дейтіндей мен таксист емеспін” деген алдында. Оған мән бермеппін. Сонда деймін де…
Мен бір жағдайға ұшырасам, ешкім жауап бермеуші ме еді?
Айтайын дегенім, кез келген таксиге алаңсыз отырып кете беруге болмайды екен!!!
Өтініш, осы есіңізде болсын!!!
Тағы бір “шеберлігін” айта салайын. Трассадағы камаз, автобус, жеңіл көлік бәрін төпеп, озып келе жатыр, ирелеңдеп, ұшырып. Бір кезде бір жеңіл көліктің артынан ұшырып кеп, тақай жөнелді. Жан даусым шықты. Соқты деп ойладым. Тілім күрмеліп, “тоқташы осы жерден” дедім. “Әдейі жасадым. Қаш десем қашпаған өзі, сол үшін қорқыттым” дейді. Құдай ақы деп айтайын, дәл солай жасады. Содан-ақ мен оның психологиясында дәу кінәрат барын ұқтым. Тек аман жетсем екен деп ғана отыра бердім. Ұрып жіберетіндей-ақ!
Ол көлік жүргізушісінен асықпай жүруін сұраған.
«Қалаға жеткенде, «саған өмір қызықсыз ба?» дедім. «Бір баламен жарыстық, одан ерте жету керек болды» дейді. «Анаң бар ма?» десем, «иә бар» дейді. «Ең болмаса шешеңді ойла, ертең артыңнан зарлап қалатын сол ғана» десем, “болды, енді қатты айдамаймын” дееп қарап тұр.
«Айдамасаң атамнан ары» деп түсіп кеттім. «Көрмегенім сен болсын» деген сөз осындайда айтылады екен. Жүйкем шыдас бермеді. Әлі көз алдымда тұр», – деп жазды Алия Құдайбергенова.