Өткен жылы SDU студенттері Орта Азия елдерінен алғашқылардың бірі болып халықаралық инженерлік «Формула Студент» жобасына қатысқан болатын. Университет негізінде жасалған алғашқы электромобиль грант ұтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттердің бұл өнертабысын жоғары бағалаған еді. Қазіргі уақытта студенттер екінші көліктің жобасымен айналысып, жақында «N1 Racing SDU» командасы жаңа өнертабысын көпшілікке ұсынды.
Алғашқы көлік электромоторға негізделсе, жаңа автомобиль бензинді мотормен жұмыс істейді. Көлікті жасауға жалпы 9 ай уақыт жұмсалды: 6 ай жоба әзірленіп, соңғы 3 айда құрастырылды. «Кабирхан» деп аталған жаңа көлік алдыңғысына қарағанда қуаты жоғары, технологиясы күрделірек және қауіпсіздігі жақсартылған. Автокөлік сағатына 80 шақырым жылдамдыққа жете алады және апаттық жағдайларда моторды өшіру мүмкіндігімен жабдықталған. Студенттер инженерлік 3D модельдеу үлгісін 100% дәлдікпен жүзеге асырды.