Ақын Мағжан Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл» деген екен. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне ие болуы – Тәуелсіздігіміздің жемісі, елдік тұғыры. Еліміздің егемендік алуына байланысты бүгінгі таңда қазақ тілінің мәртебесі көтерілді.
Сәйкесінше, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуына барлық жағдай жасалып, мемлекеттік қызметтегі өзге ұлыс өкілдері де іс-қағаздарының толықтай мемлекеттік тілде жүргізілуіне атсалысуда. Сондай қызметкерлеріміздің бірі – Орал қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция старшинасы Валерий Жилик.
Валерий Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Родники ауылында дүниеге келген. Ауылдың аты бөлек қой шіркін! Ыстық құмында жалаңаяқ бірге ойнап өскен қазақ достары оның тілінің қазақша шығуына себепші болыпты. Бірге туған інісі Дмитрий де өзі сияқты қазақша сөйлеп өссе, ал қарындасы Ирина қазірде Орал қаласындағы №26 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Осындай елін сүйген патриот ұл-қыздардың ата-аналары отбасында қазақ тілінде сөйлеп, олардың бала кезінен отбасындағы қарым-қатынас тілін қазақша қалыптастырған.
– Жалпы, кез келген тілді үйрену үшін оның ортасына бейімделу керек. Менің әкем Александр ауылда қарапайым дәнекерлеуші, анам Валентина ауылдық клуб меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ауыл адамдарымен қазақша сөйлесетін. Үйде сол кісілердің ықпалы болса, өскен ортам қазақ балалары болды. Қазіргі қызметімде уақытымның көп бөлігі әріптестеріммен өтеді. Қызметтегі арақатынастың маңызы да ерекше. Күнделікті жұмысымда іс-қағаздарын жағдайға қарай екі тілде еркін жүргіземін. Қазақ тілін білу – еліміздегі әрбір азаматтың қасиетті борышы. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі «Мемлекеттік тіл туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздар жүргізу тілі» деп жазылған, – дейді мемлекеттік тілін қызметте де, күнделікті тұрмыста да де қолдана білетін білікті маман Жилик Валерий Александрович.
Орал қ. ПБ уақытша ұстау изоляторының бастығы, полиция капитаны Айғали Құспанғалиев жауапкершілікті қызметін абыроймен атқарып жүрген Валерий туралы: «Ол – қызметтестерінің арасында тілдің маңыздылығына мән беріп, көп жағдайда қазақша сөйлейді, тілі жатық, көпке үлгі қылуға тұрарлық қызметкеріміз», – дейді.
Ендеше Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамтуға, оның халықаралық беделін нығайтуға септігін тигізіп жүргендер қатары арта берсін.
Гүлжиян ҚАРАҒОЙШИЕВА,
Орал қаласы Полиция басқармасы
ақпараттық саясат тобының жетекші маманы