Басты бет » Жаңалықтар » Көшпенділер ойындары қалай өтуде?

Көшпенділер ойындары қалай өтуде?

Қазақстан құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан чемпион атанды.

Тоғызқұмалақ сайысында Колумбия, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және Араб елдері сынды 41 мемлекеттен  келген 114 қатысушы шеберліктерін сынға салды. Жарысқа Қазақстаннан 4 спортшы қатысқан болатын. Интеллектуалды жарыс нәтижесі бойынша ұлттық құраманың қоржынына 4 медаль түсті.

Бексұлтан Бостандықов ерлер арасында чемпион атанса, Ерсұлтан Әуелбай үшінші орынды иеленді. Ал әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы озық шығып, Аңсаған Қазанғап күміс жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы командалық есепте Қазақстандық спортшылары бірінші орын алды.

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары екі жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы ойындардың ұраны – “Ұлы даладағы кездесу”. Әлемнің 89 мемлекетінен келген екі мыңнан аса спортшы 21 спорт түрінен сынға түсіп жатыр.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кезекті жарыс күнінің қорытындылары бойынша Теңге ілуден «Бес белес» стилі бойынша батысқазақстандық Бекнұр Серіков жеңімпаз атанды. Жарысқа 13 спортшы қатысты. Бекнұр теңге саны жағынан да, уақыт бойынша да ең үздік өнер көрсетті. Жарыс алаңына төрт мәрте шығып, алғашқыда берілген екі мүмкіндіктің бірінде 10 теңгенің 8-ін, екіншіде жетеуін ілді. Финалдық тартыста 14 теңгенің 12-сін, екінші мүмкіндігінде 11-ін ілді. Теңгелерді ілуге 35 секунд берілсе, Бекнұр соны 33 секундта іліп отырды.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама спортшылары жекелей сынды сәтті аяқтап, 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жеңіп алды.
«Көк бөрі» ойындарынан Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдесіне ие болды. «Қазанат» ипподромында өткен «Көк бөрі» бәсекесіне 6 мемлекеттің құрамасы қатысқан болатын. Финалдық ойында Қырғызстан командасынан 4:10 есебімен жеңілді.