Бір күнде пәтер сатып алуға, яғни сатып алу-сату шартын жасап, есеп жүргізіп, меншік құқығын тіркеуге бола ма? Болады, бірақ ол үшін алдын ала дайындалу керек, деп жазды Jastar janary порталы krisha.kz сайтына сілтеме жасап.
Фото: shutterstock.com
Құжат тексеріңіз
Мәміле жасау жылдамдығы сатушы мен сатып алушының құжатына байланысты. Сатып алушы тек жеке куәлігін ала барса жетіп жатыр. Оның жарамдылық мерзімін тексеруді ұмытпаңыз. Мерзімі аяқталуға таяп қалса, жаңарту керек. Әйтпесе, мәміле де жасалмайды.
Жеке куәлікті бір жұмыс күні ішінде ауыстыру үшін 3372 теңге төлеу қажет.
Күйеуіңіздің/әйеліңіздің келісімін алыңыз
Заңды некеде болсаңыз, екінші жартыңыздың жеке куәлігі және келісімі керек. Оны нотариус келісімшарт жасағанда рәсімдейді. Егер күйеуіңіз/әйеліңіз қатыса алмаса, келісімін eGov mobile қосымшасы арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.
Қызмет құны — 5 538 теңге (1.5 АЕК).
Күйеуіңіздің/әйеліңіздің келісімін онлайн алу жөніндегі нұсқаулық
Ақша дайындаңыз
Егер сатушы қолма-қол ақша беруді талап етсе, ал сатып алушының бар қаражаты банкте жатса, оны алуға бірнеше күн кетуі мүмкін.
Ақша банкте болса не істеу керек
- Банкомат
Банкоматтан бір күнде шектеулі сома ғана алуға болады. Оның үстіне белгілі бір сомадан асып кетсе, комиссия (орта есеппен соманың 1 %-ы) төлейсіз.
- Банк бөлімшесіндегі касса
Бұл әлдеқайда қолайлы нұсқа. Комиссия сұралмайды, бірақ күні бұрын (кем дегенде 3 күн бұрын) өтінім беру қажет. Мұны банктің мобильді қосымшасы арқылы не операторға қоңырау шалу арқылы жасауға болады. Ақшаңыңызды таңдалған бөлімшеге белгілі бір күні жеткізеді.
- Банктегі шотқа аудару
Ең жылдам тәсіл осы. Сатып алушы өз шотындағы қаражатты сатушының шотына аударады. Әдетте сома бірден түседі. Ал егер екеуі де бір банктің клиенті болса, комиссия да алмайды. Ал басқа қаржы ұйымы арқылы ақша аударсаңыз, 300 теңгеден соманың 0.2 %-ына дейін комиссия төлейсіз.
Келісімшартты қалай тез рәсімдеуге болады
Оны нотариус арқылы жасайсыз ба, әлде ХҚКО-ға барасыз ба, өз еркіңіз. Бірақ екінші жағдайда кәдімгідей ақша үнемдеуге болады.
Нотариус 12 АЕК (44 304 теңге) алады.
ХҚКО-да 1 202 теңге төлейсіз.
Өз бетінше мәміле жасау туралы мына жерде жазғанбыз.
Келісімшартты күннің алғашқы жартысында рәсімдеген дұрыс, сонда дәл сол күні тіркеп (құжаттың заңды күші болу үшін оны міндетті түрде тіркеу керек) үлгересіз.
Стандарт тіркеу процесі үш күн уақыт алады, құны — 1073 теңге. Ал тездетіп жасау қажет болса, 5000 теңге бересіз.
Пәтерге мәміле жасаған күні қоныс аударуға бола ма
Ол үшін алдымен сатушымен сөйлесіп, пәтерді босатып, кілт беретін күнді алдын ала келісіп алу қажет және оны сатып алу-сату шартына қосасыз.