Басты бет » Жаңалықтар » ТҮРКИЯНЫҢ КОНЬЯ ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ МЕН «АБАЙ ҮЙІ» АШЫЛДЫ

ТҮРКИЯНЫҢ КОНЬЯ ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ МЕН «АБАЙ ҮЙІ» АШЫЛДЫ

Ұлы көш... 70 жыл бұрын басталған тарих... Гималай асып, Пәкістан, Үндістанды артқа тастап, дархан даланың асқар тауын, мұхит-теңіздерін кешіп өткен отандастарымыздың соңғы табан тіреген жері – Түркия Республикасы болды. Көштің ұзақ, ауыр, тіпті азапты сапарынан кейін Анадолы жерінің қақ ортасындағы Исмил ауданы – қазақтар көп шоғырланған қасиетті мекенге айналды. 1955 жылы Түркия үкіметі Исмилдің шығыс бөлігінде үйлер салып, егіншілікпен айналысу үшін белгілі мөлшерде жер берген болатын.

Исмильде тұрақтаған қазақтар алғашында қиналды, жергілікті халық оңай қабылдамады. Тіпті, оларды «көшпенділер» деп атаған. Сол төңіректе салынған мектептің өзі «иммигранттар мектебі» деп аталған екен. Уақыт өте келе, қазақтар жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйреніп, сіңісіп кетеді. Қазақ балалары Исмиль көшелерінде ойын ойнап, ауасын жұтып, нуына аунап өсті. Халықтың басым көпшілігі саудасымен айналысқандықтан, Ыстанбұлмен сауда байланыс көпірі орнады.

1990 жылдары Исмильден көпшілігі Ыстанбұлға, Еуропаға қоныс аударды. Қазіргі ресми деректерге сүйенсек, Исмил ауданында алғашқы жылдармен салыстырғанда қазақ диаспорасының саны азайған. Экономикалық жағдайы жақсарған қазақ диаспорасының үшінші буын өкілдері уақыт өте ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан алшақтап, әртүрлі мәдениеттерге еліктеп, қазақ жастарының өзгергенін байқайды. Сол себепті ақсақалдар қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тарихы мен тілі арқылы жастардың бойына ұлттық сана-сезім ұялатып, бірлік пен ынтымақты нығайта түсуде бірқатар бастамаларды қолға алды. Соның нәтижесінде Түркиядағы қазақ диаспорасы тығыз орналасқан аймақтарда көптеген мәдени бірлестіктер мен қоғамдық қорлар құрылды.

Бүгінде Түркиядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің күшімен құрылған Ыстанбұлдағы Қазақ түріктері қоры, Хожа Ахмет Яссауи қоры, «Қазақкент Алтай» ұйымы, Маниса қаласындағы Салихли қазақ түріктерінің әлеуметтік ынтымақтастығы мен мәдениеті бірлестігі, Гүнешли қазақтары қауымдастығы, Нигдедегі Алтай ауылы қазақтары қауымдастығы, Кониядағы Исмил ауылындағы қазақ түріктері мәдени және әлеуметтік көмек көрсету бірлестіктері өз қызметін мазмұнды жүзеге асырып келеді.

Әлемнің көптеген мемлекеттері өздерінің диаспора өкілдеріне ерекше мән беріп, ұлттық, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан үлкен қолдау көрсетуде. Қазақстан Республикасы да тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтармен тығыз байланыс орнатып, сабақтастық орнатты.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық байланыстары ерекше нығайып, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, дипломатиялық қарым-қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Бауырлас елдер әрқашан бір-бірін қолдап, достық пен бауырластықтың ең ерекше үлгісін жер-жаһанға паш етуде.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар аясында Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшлігінің бастамасымен Түрік елінде ұлы Абай, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлының ескерткіштері ашылып, көшелерге, саябақтарға және мектептерге қазақ ғұламаларының есімдері берілді.

«Отандастар қоры» КеАҚ құрылғалы бері алыстағы ағайындар ​​арасында кең ауқымды һәм көпқырлы байланыс жүргізіп келеді. Этникалық қазақтар мен отандастар тұратын елдердің ұлттық, мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып, ауқымды іс-шаралар өткізіп келеді.

29 маусымда Исмиль қазақ-түріктері және әлеуметтік көмек қоғамының бастамасымен, Конья қаласы мен Исмиль ауданы мэриясының қолдауымен «Исмил қазақтарының мәдени үйінің» ресми ашылу салтанаты өтті.

Қазақ мәдени орталығының ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан–Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Аталған мазмұнды шарада Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сапиев, «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Конья муниципалитеті мэрі Бейін Хитами, Конья қаласы мэрі Угур Ибрахим Алтай, Қаратай ауданы мэрі Хасан Кылыджа, Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы Мухаммет Алим және Түркиядағы қазақ диаспора өкілдері қатысты. Ашылу салтанатына 300-ден астам этникалық қазақтар мен отандастарымыз қатысты. Анкара, Ыстанбұл сынды ірі шаһарлардан арнайы қонақтар келді.

Сонымен қатар Қазақстаннан келіп қатысқан өнер майталмандары шараның көркін аша түсті. Атап айтсақ, Қарағанды филармония әншісі Меруеш Башай «Көк тудың желбірегені», әртіс Дастан Кабилов «Молдабайдың әні», күйші Нұрдәулет Шілдебаев «Аққу» күйін, ҚР еңбек сіңірген әртісі, танымал қобызшы Ғайни Болтаева «Отан Ана» шығармаларын орындап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілінде шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй алыстағы ағайынның рухын көтеріп, Атажұртқа деген сағыныш мауқын басқандай болды.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров:

«Қазақ мәдениетін сақтап келе жатқан Исмиль ауданы бүгін экономикалық жағынан да, әлеуметтік-мәдени жағынан да үлкен жетістіктерге жеткені анық. Бүгінгі қазақ мәдени орталығының ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан–Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін», – деп шараның өтуіне ұйытқы болып отырған азаматтарға алғысын білдіріп, қазақтың мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына үлес қосып жүрген Исмиль қазақ-түріктері және әлеуметтік көмек қоғамына «Отандастар қоры» атынан «Дәстүрлі қоржын» жобасы аясында кәдесыйлар табыстады.

Абай һәкім айтпақшы, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Тарыдай шашылған қазақтардың басын қосатын айтулы шаралардың тарихи тамыры терең. «Абай барда қазақ бар. Қазақ барда Абай бар» демекші, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, «Тюрксой» ұйымының қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ жаңа ғимарат ішінен «Abai Uyi» мәдени- іскерлік үйін тап осы жерден ашуды жөн көрді. Ондағы мақсат – Ұлттық мұраны көпшілікке дәріптеу, шетелдегі қазақтар арасында мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту.

Қазақтың тілін, діні мен салт-дәстүрін дәріптейтін «Abai uyi» мәдени-іскерлік орталығы болашақта ұлтымыздың рухани ордасына айналатыны сөзсіз. Айта кетейік, Коньяның Исмиль ауданындағы «Abai uyi» мәдени- іскерлік үйі «Отандастар қоры» тарапынан ашылған тоғызыншы орталық болып саналады. 2019-2023 жылдары Омбы, Ташкент, Бішкек, Киев, Берлин, Ыстанбұл, Аланья және Залах қалаларында ашылған болатын.

«Отандастар қоры» баспасөз қызметі