Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін интернет құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Оның ішінде әлеуметтік желілер қоғам өміріне дендеп енді. Мысалы, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал небәрі екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 млн азамат тіркелген. Олар әрбір жанның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – бүгінгі өмір шындығы! Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, олардың пайдалы жақтарымен қатар, зияны да жеткілікті. Осы мәселені көтеріп Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына сауал жолдады.
Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгірмеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатуда. Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен «тикток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті.
Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біздермен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады.
– Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралуда. Желінің осындай зиянды салдарларын ескере отырып, бірқатар әлем елдері TikTok-қа шектеу қойды. Мысалы, Үндістан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деп, 2020 жылдан бастап TikTok-қа толықтай тыйым салды. Индонезия 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан 2021 жылдан бастап TikTok-қа тыйым салды. Қырғыз елі де шектеу енгізді. Ал АҚШ Үкіметі аталған әлеуметтік желіге ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған. Жалпы, мемлекеттің болашағы біздің жеткіншек ұрпақтың рухани, моральдық бет-бейнесіне байланысты. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, сырттан келген моральдық қауіп-қатерге төтеп беріп, ұлттық кодымызды сақтаудың тетігін қоғам мемлекет болып бірге қалыптастыру керек. Бұл – біздің болашақ ұрпақты рухани құлдыраудан сақтап, ұлтымызды жаңа деңгейде қалыптастыратын Ұлы күрес! – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
TikTok әлеуметтік желісінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуы қажет дегенді алға тартты депутаттар. Ол біріншіден, жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою. Екіншіден, балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау. Үшінші кезекте, TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.
TikTok әлеуметтік желісін шектеуге қатысты көпшіліктің пікірі мен ойы қандай? Бұл туралы алда арнайы сауалнама жүргізіп, мақала жариялайтын боламыз.