Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік тілді меңгерген полицей

Мемлекеттік тілді меңгерген полицей

Қоғам тыныштығын күзетіп, жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтауда ювеналдық полиция қызметінің үлесі зор. Осындай жауапты қызметте жүрген жанның бірі Татьяна Скрынникованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Орал қаласының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы полиция майоры Татьяна Федоровнамен емен-жарқын әңгімелескен болатынбыз.

Татьянаны ең алғаш көргенімде мемлекеттік тілде сөйлейтінін білмеппін, сұрақтарыма қазақ тілінде жауап бергенде қатты риза болдым. «Сіз мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді екенсіз» дегенімде, «Барымша қазақша сөйлегім келеді, жеткізе алмай жатсам ренжімеңіз» деп сәл жымиды. Қандай керемет талпыныс!

Татьянаның әкесі Федор Черненков ішкі істер органында ұзақ қызмет атқарып, бұрынғы Затон Полиция бөлімі Криминалдық полиция бөлімі бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан. «Полицей боламын» деген бала арманына әкесі себепші болған екен. «Әкем біз ұйқыдан тұрмастан қызметке кетіп, біз түнде ұйықтап жатқанда бір-ақ келетін. Кей күндері мүлдем көрмейтінбіз. Жұмысының ауырлығын сезіп, әкемді қатты аяйтынмын. Өсе келе әкемдей қайсар боламын, әкем атқарған қызметті атқарамын деп шештім. Әкем менің бұл талабыма қарсы тұрған жоқ, керісінше сенім білдірді», – деді әке жолын қуған кейіпкеріміз. Әке жолын қуған қуған Татьянаның анасы үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып, жұбайының жағдайын жасап отырыпты. Отбасында інісі екеуі өскен екен.

Ол заң мамандығы бойынша алғашқы білімді 2006 жылы Семей қаласындағы Заң колледжінен алып, кейін 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдаған.

 – Мен мамандығымды мақтан тұтамын. Осы салада көп жылдық тәжірибесін бөлісіп, білмегенімді үйреткен тәлімгерім Гүлмира Ғұбашеваға алғысым шексіз. Көп жағдайда отбасыма жеткілікті түрде көңіл бөлуге уақыт болмай жататын кездер болады, бірақ менің қызметімді жарым қолдайды, балаларым да түсінеді. Балаларым әлі болашақ мамандығын таңдайтын жасқа жеткен жоқ. Егер менің ізімді жалғап, ішкі істер органдарында қызмет атқарамыз десе, әрине қолдау білдіремін. Қызметімнің ұрпақтар сабақтастығы жалғағанын қалаймын, – дейді Татьяна.

Ювеналды полиция – ішкі істер органдарының ең маңызды бағыттарының бірі. Біз кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс істейді. Тұрмысы қолайсыз отбасылармен жұмыстану, түнгі рейдтерге шығып, оқушылармен, олардың ата-анасымен тіл табысу үшін қызмет атқарады,

– Жұмыс барысында біз тек полицей ғана емес, психолог ретінде де жұмыстанамыз. Жасөспірімдердің арасында буллинг, есірткі заттарына тәуелділікпен нашақорлыққа құмарлықты болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сол кезде қазақ отбасылармен міндетті түрде мемлекеттік тілде сөйлесемін. Себебі қазақ тілі – менің мемлекетімнің тілі. Мен осы мемлекеттік қызметтен табыс тауып отырмын. Сондықтан әрдайым мемлекеттік тілге құрметім ерекше, – дейді талапты Татьяна.

Гүлжиян АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ,
Орал қаласының Полиция басқармасы
имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар тобының
жетекші маманы