Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне қасиетті мекен болды. Ата-бабаларымыз ұрпақтарын қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиеледі. Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлауға үйретті.
Біздің елімізде бірнеше ұлт өкілдері достық пен татулықты ту етіп тұрып жатыр. Бұл әлемге, төңірегіміздегі көршілес мемлекеттердің барлығына аян. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың осыншалықты тамыр тартуы қазақ халқының мейірбандығы мен қонақжайлығы сынды асыл қасиеттердің нәтижесінде болса керек. Сол игі жақсы қасиеттерді үйренген, түсінген басқа ұлттардың өзара татулығының жемісі деген де орынды шығар. Қазақстанды достық пен ынтымақтың жерұйығы деуге әбден лайық. Мемлекетіміздің осы бағыттағы саясаты мен ұстанымының арқасында елімізді мекендеген жүздеген ұлттың түсінігі мықты, достықтары берік. Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.
Бүгінгі күні достығы мен татулығы жарасқан өзге ұлт өкілдерінен құралған отбасылар да бар. Солардың бірі – Орал қалалық Полиция басқармасының қызметкері Андрей Гребенюктің отбасы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз Андрейдің отбасымен таныстық.
Отбасының отағасы бүгінде басқармадағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметінде. Полиция капитаны Андрей Владимировичтің еңбек жолы 2013 жылы Бөрлі аудандық полиция бөлімі, Ақсай қаласындағы жол-патрульдік полиция баталонының инспекторы болудан басталды. Яғни, жол үстінде тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жауапты істі мінсіз атқарған. 2017 жылы Орал қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөліміне ауысты. Орал қаласындағы барлық жалпы білім беретін орта мектептермен, колледж, лицей сынды оқу орындарымен ынтымақты байланыс орнатты. Мектеп инспекторы лауазымын үздік атқарып, 2021 жылы Орал қ.ІІБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауысты. Дәл қазір басқармадағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің №11 учаскелік полиция инспекторы қызметін мінсіз өткеріп, басшы құрам жүктелген тапсырманы уақытылы орындайтын, шапшаң қимылдайтын, жауапкершілігі жоғары қызметкер ретінде мақтан тұтады.
– Еліміздің тыныштығын тілейміз. Қажырлы еңбектің, төзімділік пен жеңістің нәтижесінде біраз нәрсеге қол жеткіздік. Егемен ел бесігі жыл өткен сайын еңсесін биіктетіп келеді. Байлықтың ең үлкені халықтар достығы. Баршамыз үшін қымбат туыстық, баянды болсын тыныштық, – дейді тәртіп сақшысы А.Гребенюк.
Андрейдің жұбайы – Самал Нұрланқызы. Ұлты – қазақ. Орал қаласында туылған. Қазір декреттік демалыста. Бұйырса, жуықта екінші баланың анасы атанбақ. Отбасында Томирис есімді қыздарын мәпелеп өсіріп отыр. Томирис қазақша жаңылтпаштарды жатқа айтады екен. Солардың бңрң Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында тұрады. Олар арайлап атқан әр таңды күлімдеп қарсы алып, асыға жұмысына барады. Елінің өркендеуіне үлес қосып, еңбек етіп, кешқұрым үйіне қайтады. Отбасында шүйіркелесіп әңгімелеседі, бейбіт аспан астындағы тірліктеріне шүкіршілік етеді. Ұрпағының да аман болуын тілейді. Отбасының мүшелері әр ұлттың өкілдері және екеуі де еңбекқор жас атанған қызметкерлер.
– Андрей кейде қазақша сөйлегенде мен мүдіріп қаламын. Себебі ол –Жаңақала ауданына қарасты Жаңақала ауылының жігіті. Қазақ тілінде жақсы сөйлейді, балықты, құйрық майды, құртты, көжені, етті жақсы көреді. Достары да қазақ жігіттері. Сүйікті тағамы – қазақтың асылған еті. Тіпті, дүкеннен сатып алған жайманы ұнатпайды, қолдан ысылғанды сүйіп жейді, – дейді жұбайы Самал.
Андрей мен Самал облыстағы Қазақстан халықтары ассамблеясының мерекелерде ұйымдастыратын мәдени-көпшілік іс-шараларына үнемі қатысады.
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек, – деп көрегенділікпен Президентіміз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір кепілі – Қазақстан халықтарының бірлігі.
Иә, Қазақстан – татулық пен тұрақтылық мекені. Әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдің бірі. Осы елден қаншама ұлт бақыт тапты. Қазақ халқының дархан көңілі досы түгілі қасына да қастық жасамайтын кеңпейілдігі барша ұлысты бір шаңырақтың астына ұйыстыруға себеп болып отыр. Еліміз жаһанға тұрақтылықтың, экономикалық өркендеудің мекені ретінде танылды. Аға буын өкілдері ұрпағының келешегіне еш алаңдамайды. Себебі жас буын құтты мекен Қазақстанның тарихын, мәдениетін білумен қатар, өз ұлтының құндылықтарын да еркін меңгеріп өсіп келеді.
Гүламан ИСМАГУЛОВА,
Орал қ.ІІБ баспасөз қызметкері